Рұқсатсыз көлік жүргізіп, темір қоршауды соққан 12 жастағы баланың әкесін жауапқа тартты

Рұқсатсыз көлік жүргізіп, темір қоршауды соққан 12 жастағы баланың әкесін жауапқа тартты

Бұл туралы Aikyn.kz порталының тілшісі хабарлады.

Естеріңізге сала кетсек, темір қоршауды соғып кеткен жол талғамайтын көлік видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын. Ақмола облысының полиция департаменті аталған оқиғаға орай түсініктеме берді.   https://www.youtube.com/watch?v=i25e2JEiDkQ&ab_channel=AikynGazeti Оқиға кеше кешкі ондар шамасында болған. 8 март көшесіндегі 82-үйдің ауласындағы автотұрақта Mitsubishi Pajero маркалы автокөлігін жөндеп жатқан елу жастағы ер адам шаруасына айналып қалған сәтті пайдаланған ұлы көлікті айдап кеткен. Алайда, көлік жүргізудің әлі қыр-сырын меңгермеген бала аңдаусызда алға қатты басып, 8 март көшесіндегі темір қоршауды екпінімен соққан. Ал көлік иесі мұны көрсе де жергілікті полиция бөліміне хабарламастан, оқиға орнынан дереу тайып тұрған.

«Дегенмен, сол жерде оқиғаға куәгер болған адамдар бірден аталған жағдайды телефон камерасына түсіріп алып, әлеуметтік желілерге салған. Нәтижесінде арада бір сағат өткенде полиция аталған факт бойынша көлік иесін анықтап жауапкершілікке тартты», – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Қазір көлік иесіне әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 611 бабына сәйкес хаттама толтырылған. «Полиция қала тұрғындарына азаматтық белсенділік көрсеткені үшін алғыс айтты», – дейді Гүлнәр Пинчук.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы