Шенеунік пен сатушы саны тең: қай салада қызметкер көп?
Шенеунік пен сатушы саны тең: қай салада қызметкер көп?
221
оқылды

Қазақстанда жарты миллионнан астам басшы мен мемлекеттік қызметкер және дәл сондай есепте сатушы, сауда қызметкерлері бар. 1,5 миллион жұмысшының арнайы біліктілігі жоқ. ҚР Ұлттық статистика бюросы елдегі жұмыспен қамтылған халықтың лауазымы бойынша есебін жариялады. Aikyn.kz сала бойынша қызметкерлердің санын және олардың бір жылда қаншаға азайып, көбейгенін талдап, жазды.

2021 жылдың бірінші тоқсанындағы дерек бойынша, елдегі басшылар және мемлекеттік қызметкерлердің саны 532,3 мыңға жетіп, бір жылда 10,2%-ке азайған. Олардың ішіндегі ең көбі - корпоративтік сектордағы бөлім басшылары (191,7 мың), олар 13,1%-ке азайған. 2020 жылдан бері корпоративтік сектордағы бірінші басшылар 16,4%-ға қысқарған. Елде саны күрт азайған мамандар қатарында тазалаушы, қызметшілер де бар. Қазір олардың саны - 246 мыңға жуық, олар 2020 жылдан бері 19,7 -ға азайған. Статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 2 миллион кәсіби маман бар. Оның ішінде ең көбі білім (744,7 мың) және бизнес, әкімшілік (521,2 мың) саласында жұмыс істейді. Ғылым мен техника саласындағы қызметкерлер саны 234 мың шамасында болса да, олардың саны 2020 жылдан бері 10,5%-ке көбейген. Ал гуманитарлық, құқық және мәдениет саласындағы қызметкерлер саны - 223,8 мың, бір жылда 11,9%-ке азайған. Ал техник және өзге де қосалқы мамандар 10,6%-ке көбейіп, 787,7 мыңға жеткен. Былтырдан бері Қазақстанда техниктер, орта білікті медицина мамандары және ғылым мен техника саласындағы қызметкерлер саны 14%-ға дейін өсті. Қызмет көрсету және сату саласында 1,2 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Соның ішінде сатушылар мен сауда қызметкерлерінің саны 1,7%-ке өсіп, 513,9 мыңға жеткен. Сонымен бірге өткен жылдан бері қызметкерлер саны көбейген салалардың тағы бірі - көше сатушылары мен көшеде қызметін ұсынушылар, 5,5% көбейіп, 443,6 мыңға жеткен. Айта кетейік, ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы 1,5 миллион жұмысшының арнайы біліктілігі жоқ. Олардың саны бір жылда 1%-ке көбейді.