Токио Олимпиадасының басталуына екі айға жуық уақыт қалды. Алайда Жапонияда жарыс өтеді деп бөркін аспанға атып, қуанып жатқан жергілікті жұртшылық жоқ. Халықтың көпшілігі, яғни 70 пайызы Олимпиаданы өткізуге қарсы. Жер-жерде ереуілге шыққандардың қарасы қалың. Оған аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың ушығуы себеп болып тұр.
Елде кейінгі уақытта вирустың таралу деңгейі шамадан тыс өсіп кеткен. Індет басталғалы 667 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып, 11,2 мың адам қайтыс болған. Күні кеше Жапония дәрігерлер кәсіподағы коронавирус өршіп тұрған кезде Олимпиада ойындарын өткізу қауіпті екенін айтып мәлімдеме жасады. Осыған дейін Жапонияның өзге медициналық топтары мен денсаулық сақтау саласының сарапшылары да Олимпиада ойындарын өткізуге қарсы екенін білдірген. «Бүкіл әлем коронавирустың жаңа түрімен күресіп жатқанда Токио Олимпиадасын өткізуге түбегейлі қарсымыз», – деп жазылған Жапония дәрігерлер кәсіподағының ел үкіметіне жолдаған мәлімдемесінде. Құжатта пандемия кезінде қауіпсіз Олимпиада өткізу мүмкін еместігі жазылған. Ақ халатты абзал жандардан бөлек Олимпиада ойындарын өткізуге 350 мың адам қарсылық шеруін ұйымдастырды. Олар жарысқа кететін ақшаны коронавируспен күреске жұмсаған дұрыс деп санайды. «Токиодағы Олимпиаданы тоқтату керек» ұранын ұстанған әрі осы петицияны ұйымдастырған Кэндзи Уцуномия Жапонияның жарысты өткізуге дайын емес екенін, сондықтан оны тоқтату керек деген ұсынысын айтып әлек. Бір қызығы, Токиода өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қарсы петиция 47 сағат ішінде 191 000-нан астам қол жинаған. Петиция Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бахқа, Халықаралық паралимпиада комитетінің басшысы Эндрю Парсонсқа, Олимпиада істері министрі Тамая Марукаваға, Токио Олимпиадасының ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Сэйко Хасимотоға және Токио губернаторы Юрико Коикэге бағытталып отыр. «Тек Токиода ғана емес, басқа да өңірлерде, сондай-ақ әлемнің барлық елінде коронавирус пандемиясы әлі тоқтаған жоқ. Өткен жылдың аяғында басталған вакциналау қазіргі уақытта тек Еуропа мен АҚШ-тың кейбір бөліктерінде ғана алға жылжып келеді және бұл аурудың таралуын тоқтата алатын шешуші факторға айналған жоқ», – деп жазылған аталмыш петицияда. Жалпы, мұндай қарсылық шаралары бұдан бұрын да бірнеше елде болған. Рио Олимпиадасының кезінде де жергілікті халық жарысты өткізуге қарсылық танытып, шеруге шыққан. Жүздеген наразылық білдіруші қаланың солтүстік көшесін жауып, алауды алып жүруге кедергі келтірмек болды. Полиция оларды көзден жас ағызатын газ арқылы қуды. Наразылық акциясына қатысушылардың дені экономикалық дағдарыс кезінде елде Олимпиада ойындарын өткізуге қарсы болды. Ал Токио Олимпиадасының кейінге қалдырылуы Олимпиада тарихындағы жаңа әрі алғашқы оқиға екенін айта кеткен жөн. Мәселен, бұған дейін Берлиндегі 1916 жылғы Олимпиада, 1940 жылғы Токиодағы ойындар мен 1944 жылғы Лондон Олимпиадасы әскери қақтығыстарға байланысты болған жоқ. Ал 1972 жылы Мюнхендегі Олимпиада ойындары лаңкестікке байланысты тоқтатылып, кейіннен жалғасын тапты. Негізі, Токио Олимпиадасы 2020 жылы жазда өтуі тиіс болған, бірақ пандемияға байланысты бір жылға шегерілді. Биыл Олимпиада – 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарланған. Премьер Ёсихидэ Суга болса Жапония қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, халықаралық жарысты өткізе алады деп есептейді. Үкімет ойындарға 25 миллиард доллар инвестиция құйған. Халықаралық Олимпиада комитеті телетрансляциядан түскен табыстың 75 пайызын өзіне алады. Токио бұл спорттық жарыстан 3 миллиард доллар пайда көруі мүмкін екені де айтылып жатыр. Пандемия кезінде Жазғы ойындарды қалай ұйымдастыру қажеттігі жайлы ережелер жарияланды. Шілденің 23-інде ашылуы тиіс Олимпиадаға жер жүзінен 15 мыңдай спортшы мен мыңдаған төреші, журналист, демеуші және үкімет өкілдері қатысады. Олардың барлығы вакцина алуға міндетті. Токионың дәрігерлер ассоциациясы бүгінгі таңда Жапония астанасында ауруханалар науқастарға толып қалғанын мәлімдеді. Өңірлерде медициналық кадрлардың жетіспеушілігі де сезіліп жатыр. Егер дәрігерлердің басым бөлігі жарысқа қатысушы спортшылар мен олармен бірге еріп жүретін адамдардың денсаулығын тексеруге жұмылдырылса, елде дәрігер тапшылығы одан сайын арта түспек. Коронавирустың таралуы қазірдің өзінде адамдардың өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуіне және қоғамның осал топтарының, қарттардың, жалғызбасты аналардың, студенттердің кедейленуіне алып келді. Қазір Жапония халқының 3,5%-на ғана вакцина салынған. Сондай-ақ Токио, Осака және тағы үш аймақта коронавируспен ауырған адам санының көбеюіне байланысты 31 мамырға дейін төтенше жағдай жарияланған және тағы екі аймаққа ауру таралуы мүмкін. Осакада жансақтау бөліміндегі орындар қатарынан екінші күн бос емес. Ауруханадан орын күтіп жатқандар мен үйде қайтыс болған жағдайлар жиілеп кетті. Қалай болғанда да, індеттің нақ өршіген шағында Ёсихидэ Суга үкіметі Олимпиада ойындарына қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өйткені жарысты ұйымдастырушыларға губернатор «ғаламдық пандемияға қарамастан Токио-2020 ойындары қауіпсіз әрі сенімді болуы керек» деген тапсырма жүктеді. Бірақ бір қызығы, елде Олимпиада марафоны өтуі тиіс кейбір аудандарға төтенше жағдай жарияланған. Қазір жапондық спортшылардың барлығына маусым айына дейін екпе салынып бітеді деп жоспарланған. Онымен қоса бұған дейін Pfizer/BioNTech компаниялары Токио Олимпиадасына қатысатындарға тегін вакцина беретінін хабарлады. Сонымен қатар Олимпиадаға қатысушы спортшыларға жергілікті халықпен байланыс жасауына қатаң тыйым салынды. Бұл туралы Жапонияның премьер-министрі мәлімдеді. «Біздің мақсат – халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау. Олимпиада қатысушылары, ресми іссапармен келген адамдар мен халық өзара қарым-қатынас жасамауы қажет. Біз қатаң инфекциялық бақылау жасауға бар күшімізді жұмсаймыз», – деді Ёсихидэ Суга. Қазірдің өзінде Жапония билігі қазынадан 15 миллиард 4 миллион доллар қаражат жұмсаған. Ал халықаралық олимпиада комитеті болса телекөрсетілім арқылы бұл сома өтеліп, миллиардтаған кіріс келетініне сенімді. – Бұрын Олимпиада тек соғыстың кесірінен тоқтатылды. Ал бұл жолы көрінбейтін жауға қарсы күресіп жатырмыз. Егер әлем вирусты жеңіп, Олимпиада өткізілсе, онда бұл алдыңғы Олимпиада ойындарынан бірнеше есе құнды болатын жарыс болмақ, – дейді «Токио – 2020» ұйымдастыру комитетінің төрағасы Йоширо Мори. Токио губернаторы Коикэ де сұрақтарға жауап беру кезінде Олимпиаданың қауіпсіз әрі сәтті өтуі үшін бар күшін салып жатқанын айтты. Қалай болғанда да, елде Олимпиада өткізу оңайға түспейін деп тұр.Абылайхан ЖҰМАШ