Ақтөбедегі ана өлімі: перзентхананың бас дәрігері қызметінен кетті
Ақтөбедегі ана өлімі: перзентхананың бас дәрігері қызметінен кетті
372
оқылды

30 жастағы Аймира Атшыбаеваның бала босанамын деп бақилық болғанын дәрігерлер дер кезінде жақындарына естіртпеген. Тек денесі мәйітханаға түскенде ғана аман туған шақалақтың анасынан айырылып қалғанын біліпті. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Келіншектің өліміне не себеп болғанын айтудан мамандар қашқақтап жүрген. Тіпті қайғылы жағдайдың себебін сұрай барған қаралы отбасының мүшелерін перинаталды орталықтың директоры қуып шықты. Марқұм Аймира Атшыбаева соңғы рет перзентханада жұбайына  хабарласып, қиналып жатқанын айтыпты. Мұны естіген бойда күйеуі орталыққа жеткенімен, дәрігерлер түн жарымына дейін кіргізбей қойған. Тек есікті теуіп кіргенде ғана әйелінің мәйітханада екенін айтқан.

Марқұм Аймира Атшыбаеваның күйеуі Алтынбек Жұмағазиев: «Қиналып жатырмын деп жазып жіберген. Содан кейін телефоны өшірулі болды. Біз деген сағат алтыдан бастап перзентхананың алдында жүрдік. Сағат 11 жарым ба, 12 жарым ба, есікті қағып, көрсетуді талап еткеннен кейін барып әрең ашты. Сол кезде барып ішінде күтіп отырдық. Содан соң барып өмірден өткенін айтты», – дейді.

Әйелдің тоғыз ай бойы тұңғышын көтеріп жүргенде денсаулығына қатысты еш шағымы болмапты. Тек босанар уақытынан күні асып кеткен. Перзентханаға бірнеше рет келгенімен, дәрігерлер оны кері қайтарып отырған. Келіншек перзентханада аман-есен өзі босанып, ұл туады. Бірақ жарты сағат өткен соң қан кетіп қайтыс болған. Оның өліміне не себеп болғанын білмек болған туыстарын дәрігерлер перзентханаға жолатпай қойды.

Ақтөбе облыстық перенаталды орталықтың директоры Асхат Балықов: «Кесір тілігін жасауға ол кезде көрсеткіш болмады. Операция жасауға негіз болмады. Әйелдің өзі жақсы босанды. Жатыры жиырылмады. Жиырылмаған соң қан кетті», – деді.

Облыстық перинаталды орталықтың директоры Асхат Балықов аталмыш оқиғадан соң бірден қызметінен кетті.

Бұған дейін де жақында ғана осы перзентханада тағы бір ана босану кезінде қайтыс болған. Енді комиссия құрылып, келіншектің өлімінің себебін зерттейді.