Мектептегі еденді мақтамен бітеу сәтін интернетке шығарған мұғалімге қысым көрсетілген
Мектептегі еденді мақтамен бітеу сәтін интернетке шығарған мұғалімге қысым көрсетілген
209
оқылды

Атырау қаласындағы мектепте еденнің саңылауын мақтамен бітеп жатқан мұғалімнің суреті әлеуметтік желіде тарағаны белгілі. Енді осы жайтқа қатысты қазір тексеру жүріп жатыр, - деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы. 

Бұл мұнайлы шаһардағы Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектепте болған жағдай. Білім ошағына былтыр ғана күрделі жөндеу жүргізілген екен. Бірақ жұмыс сапасы сын көтермейді. Ал әлеуметтік желіде мектеп мұғалімі Райса Жұмабаеваға қысым көрсетіліп жатқаны айтылған болатын. Бұл мәселені облыстық білім басқармасы қадағалауға алған.
"Бүгін жергілікті білім басқармасынан басшылар келіп, мән-жайды білді. Олар құзырлы органдар жүргізіп жатқан тексеріс мүмкіндігінше объективті болады, сондай-ақ орнаған жағдайға байланысты нақты құқықтық баға беріледі деп сендірді. Мен әділдікке сенемін. Заңға сүйенемін. Шындық жерде қалмайды", — деді М. Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп мұғалімі Райса Жұмабаева.
Еске салсақ, әлеуметтік желіде спортзалдың еденіндегі саңылауды бітеп отырған дене тәрбиесі пәні мұғалімінің суреті тарағанын хабарлаған едік. Жазба авторы мектепті жөндеуге бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенін, солай бола тұра жұмыстың сапасыз жүргізілгенін айтады.