Алакөлдің Алматы облысындағы жағалауында биыл да туристерден ПТР-тест талап етілмейді. Демалыс орындары Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейді.
Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
- Былтыр біз өте маңызды шешім қабылдадық. Туристерден коронавирусқа байланысты ПТР-тест талап еткен жоқпыз. Өзім айта аламын, Алакөлдің қасиетті суы адамдардың денсаулығына өте пайдалы. Биыл да демалушылардан індетке байланысты тест талап етілмейді. Демалыс орындары Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейді. Ол өте ыңғайлы,- деді ол.
Өңір әкімі сонымен бірге биыл Талдықорған-Үшарал жолының құрылысы аяқталатынын атап өтті.
Жалпы жоба бойынша Талдықорған-Үшарал жолы 2022 жылдың күзінде аяқталуға тиіс. Жоспарға сәйкес 23 көпір салынады. Жолды Қытайдың CITIC Contraction компаниясы жасап жатыр, мердігерлер ауыспаған, – деді Амандық Баталов.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алакөл мен Бұқтырмаға туристер ПТР-тестсіз жіберілмейтіні туралы ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты туристер сатып алынған билеттерін қайтара бастады. Алайда ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Егер демалушылар вакцинация паспортын немесе теріс ПТР-тесті бар анықтаманы ұсынса, мәртебесін Ashyq арқылы тексермей-ақ қойса болады, деп түсіндірді ШҚО Туризм басқармасы.