Ұшақты күштеп қондыру: кім ұтты, кім ұтылды?
Ұшақты күштеп қондыру: кім ұтты, кім ұтылды?
237
оқылды

Беларусьтегі саяси дағдарыс жерге сыймай, аспанға кө­терілді. «Афина – Вильнюс» бағытында бейбіт ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағын әскери жойғыш ұшақтар кө­мегімен Минск әуежайына қондыруы, оның ішінен оппозиция өкілін суырып алып, тұтқындауы бүкіл Батыс жұртшылығының төбе шашын тік тұрғызды. Ресейдің саяси аренасында бұл қадам керісінше, нағыз шаттық пен шабытқа тамызық болды. Көршінің саясаткерлері мен ақпарат құралдары Беларусь басшысын жаппай мақтауда.

23 мамырда болған оқиғаның қызуы басылу орнына көтеріліп барады. Батыс елдерінің саясат­керлері мен сарапшылары Беларусь басшылығының бұл қадамын «қа­рақшылық», тіпті «лаңкестік» деп бағалауға асықты. Себебі бі­рін­шіден, мәжбүрлі түрде қон­ды­­­рыл­ған ұшақ – Еуропанікі, ирлан­­дия­лық Ryanair әуекомпаниясына тиесілі. Екіншіден, ол ұшақ заңды түрде халықаралық әуе дәлізінде кетіп бара жатқан. Беларусьтің ресми ұстанымы келесідей: 23 мамыр күні Минск ұлттық әуежайының қауіпсіздік қызметіне 100-ден аса жолаушы отырған Ryanair ұшағында бомба қойылғаны туралы электронды хат түседі. Ұшақтың «миналанғаны» туралы ақпарат дереу президент Александр Лукашенкоға баянда­лады, мемлекет басшысы ол лай­нерді Минск әуежайында қабылдау туралы шұғыл бұйрық береді. Жолаушылар ұшағын отырғызу үшін Беларусьтің Әскери әуе күш­терінің МиГ-29 жойғыш ұшақ­тары әуеге көтерілді. Күштеп қон­ды­рылған ұшақтан, әрине ешқан­дай жарылғыш зат табылмады. Оның орнына арнайы қызметтер Nexta Тelegram арнасының (Бе­ларусьте экстремистік деп таныл­ған) не­гізін қалаушы, қашқын оппо­зи­ционер Роман Протасевичті тұт­қындап алып кетті. Бұған дейін Минск оған іздеу жариялаған, бі­рақ шетелде жүргендіктен ұстай алмаған еді. Бұл дерек көптеген сұрақ ту­дырды. Олардың жауабы табылмай жатыр. Біріншіден, неге бомба қойылғаны туралы мәлімет ұшақ ұшып шыққан Афинаға немесе ол қонғалы тұрған Вильнюске түс­пеген? Екіншіден, әлі күнге дейін Минск истребитель мен азаматтық ұшақ ұшқышы арасындағы әңгі­менің жазбасын толық жария­ламады. Тек өздеріне жарамды же­келеген фрагменті ұсынылды. Онда жергілікті диспетчер: «Сіз шынымен де Минск әуежайына қонғыңыз келе ме? Бұл сіздердің шешімдеріңіз бе?» деп сұрайды. Ұшқыш осыны растайды. Бірақ сарапшылар байламынша, қос қапталдан зымыран кезеніп, әс­кери жойғыш ұшақтар тұрса, ұш­қыштың басқаша айтуы мүмкін емес. Үшіншіден, ереже бойынша ұшақта «штаттан тыс» оқиға бола қалса, ол ең жақын әуежайға ба­ғытталуы шарт. Ең жақын әуе қақ­пасы – 10 минуттық (70 шақырым) жердегі Вильнюс әуежайы болған. Оның орнына жойғыш ұшақтар азаматтық әуе көлігін кері бұрып, екі еседей қашықтағы Минск әуе­жайына бағыттаған. Төртіншіден, миналау туралы сигналдың не себепті өте кеш, яғни ұшақ жетер жеріне жақындап, Лит­ва астанасына қонуға әзір­­лен­генде түскені белгісіз қалды. Бас­тапқыда Беларусь «ұшақтағы жарылғыш зат туралы хабар ХАМАС ұйымынан түсті» деп ха­барлаған. Алайда ХАМАС бірден мұны жоққа шы­ғарды және саяси ойындарына Палестина халқының еркіндігін қалқан етпеуді сұрады. Бесіншіден, Ryanair лоу­кос­терінің бас директоры Майкл О’Лири ұшқыштарына хабарласып, өз нұсқасын жариялады. Оған сәй­кес, лайнер Беларусь аспанына кір­генде оның ішінде отырған Бе­ларусь КГБ-сының жансыздары жанжал шығарып, экипажды бомба қойылды деп үрейлендіре бас­­­тайды. Содан ұшқыштар амалсыз «шұғыл қонуға» рұқсат сұраған. Осы кезде жойғыш ұшақтар да пайда бола қалады. Дербес зерттеу жүргізіп жатқан Ирландияның Сыртқы істер және қорғаныс министрі Саймон Ковни «КГБ өкілдері» туралы деректі рас­тады: «Ryanair ұшағы Минскіге мәжбүрлі қонғанда барлық 100-ден аса жолаушының алтауы ұшақтан түсіп кеткен. Оның біреуі – Про­тасевич қана тұтқындалды. Қал­ғандары ұсталған да, іздестірілген де жоқ. Бұл олардың құпия қызмет қызметкерлері болғанынан хабар береді», – деген саясаткер Прота­севичтің осылай ұсталуын «дикта­торлық режим ұйымдастырған адам ұрлау оқиғасы» деп атады. Фран­ция мемлекеттік хатшысы Клеман Бон да өз елінің осыған ұқсас ұстанымда екенін, мұны «қа­рақшылық пен лаңкестік» деп са­найтынын білдірді. Осы оқиғадан кейін Еуропа елдері Беларуське қарсы санкция енгізді: Еуроодақтың Авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) барлық еуропалық әуекомпанияға Бе­­ларусь кеңістігіне кірмеуге ұсыным берді. Айтпақшы, дәл осындай шараны бірінші болып Украина қабылдаған. Нәтижесінде, бүгінде Беларусь аспаны бос қалып, «ұшақ­сыз» кеңістік қалыптасты. Ресей одақтасын қуатты қол­дауда. Оның барлық федералдық телеарнасы Лукашенконың шеші­мін қызу құптауда, «шетелдегі экс­тремисті әуеде ұстап, қолының ұзындығын паш етті» деп мақтауда. Мәскеу сөзкөмекпен шектелген жоқ: Беларусь аспаны арқылы қа­тынаудан бас тартып, бағдарын өзгерткен кез келген әуеком­па­ниясына Ресей әуежайларына қо­нуға рұқсат етілмейтінін қатаң ес­кертті. Бұл қарсы санкцияның ал­ғашқы құрбандары да бар: еуро­палық шешімге мойынсұнған фран­циялық Air France-тың Па­рижден көтерілген ұшақтары Мәс­кеуге қона алмады. Сондай-ақ аус­триялық Austrian Airlines та Вена – Мәскеу арасындағы рейс­терін доғаруға мәжбүр. Осындай кедергіге Литва және өзге де ел­дердің компаниялары кезіккен. Қазір Батыс елдері БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінен Ryanair ұшағын Беларусьтің халықаралық дәлізде әскери күшпен тұтуын тергеуді талап етуде. Ryanair басшысы Майкл О’Лири бұл оқиғаны қарақшылық деп бағалады: «Бұл – ұшақты күш­теп айдап әкету! Оны мемлекет жү­зеге асырды. Бұл – мемлекет қаржыландырған әуе қарақ­шы­лығы», – деді ол. Германия канцлері Ангела Мер­­­кель де бұл оқиғаны айыптады: Беларусьтің ұшақты әдейі қондыр­ғанын баса айтқан Меркель басқа түсініктемелер мен нұсқаларға сенбейтінін жеткізді. Бүгінде ЕО Беларуське қарсы санкциялар енгізуде. Шектеулер кесірінен «Белавиа» банкрот жағ­дайға жетуі мүмкін: оған Батыс елдеріне және олардың үстімен ұшуға тыйым салынды. Алдағы ап­таларда жаңа экономикалық санк­циялар күтілуде: олар жеке­леген беларустік тауарлардың экс­пор­тына соққы жасауы ықти­мал. Ұжым­дық Еуропа мысалы, Бе­ла­русь қазынасын шетелдік валю­тамен қамтып отырған, Еуропаның көп еліне мол тыңайтқыш экспорт­тайтын «Беларуськалийге» қатысты санкция енгізуі ғажап емес. Солай болса, оның ахуалы нашарлайды. АҚШ президенті Джо Байден де Вашингтонның жаңа санкциялар әзірлеп жатқаны жөнінде аңдатпа жасады. Ресейлік саясаттанушылар мен экономистер бұл жағдайдан Ресей­дің сөзсіз ұтатынын айтады. Бірін­шіден, А.Лукашенконы халық­аралық оқшаулау шаралары кү­шейіп, жаңа деңгейге шығады: егер бұрын ол адам құқықтарына қа­тысты еуропалық нормаларды бұ­зушы ретінде ғана қарастырылса, енді еуропалық қауіпсіздік пен ты­ныштықты бұзушыға айналып шыға келді. Демек, Минск тәуел­сіздік жайын ойламай, Ресей құ­шағына кіре түсуі ғажап емес. Екін­шіден, бұрын Минскінің Ресей қарсыластары арасында арағайын болып, бітім алаңын ұсынуы, әр тарапқа жағуға тырысуы Мәскеуге ұнамайтын. Енді мұндай бітімгершілік алаңы ешкімге де қажет емес, тартымдылығын жойды. Үшіншіден, Мәскеу көп жыл­дан бері Минскіні стратегиялық компаниялары мен нысандарын жекешелендіріп, ресейлік ком­паниялар иелігіне беруге көндіре алмай келеді. Ал ЕО санкциялары кесірінен дәрменсіз жағдайға жетсе, ол активтерді Ресей арзанға сатып алады. Әр саяси тартыстың астарында экономика жатыр деген осы. Айтпақшы, Беларусьтің бүкіл экспортының 20 пайыздайы ЕО-ға өткізіледі. Еуропа мұны шектесе, одақтасымызға жаңа нарықтар мен сауда жолдарын іздеуге тура келеді. Ендеше Қазақстан дү­кен­дерінің сөрелерінде беларусьтік тауарлар қарасы күрт көбеюі бек мүмкін.

АйханАйхан ШӘРІП