Шарын шатқалында сел жүрді: көз жұмғандар — оқушы мен мұғалім
Шарын шатқалында сел жүрді: көз жұмғандар — оқушы мен мұғалім
316
оқылды

Алматы қаласындағы гимназияның мұғалімі мен оқушысы Шарын шатқалында селден көз жұмды, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан басылымы.

Ведомство ақпаратынша, Алматыдағы №199 гимназияның 8 оқушысы шатқалға экскурсияға шыққан. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген.
"Қайғылы оқиға салдарынан бір оқушы мен бейіндік пән мұғалімі көз жұмды, тағы бір оқушыны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", — делінген хабарламада.
Министрлік қаза болғандардың отбасына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.
"Оқу жылы аяқталған кезде мұғалімдер мен ата-аналар өз сапарларын жоспарлап қойған болар. Осы ретте өздеріңізге және балаларыңызға сақ болуды сұраймыз. Мүмкіндігінше абай болып, балалармен демалуға не экскурсияға барғанда, су қоймаларына түспеген абзал. Сонымен бірге қауіпті аймақтарға жақындамай, әрдайым балаларыңыздың жанында болыңыз", — деп ескертті ведомство.

Шарындағы сел

29 мамыр күні Алматы облысында Шарын шатқалының төменгі бөлігінде сел жүрді.
Салдарынан алты адам зардап шекті. Екі адамның мерт болғаны хабарланды, олардың біреуі кәмелетке толмаған бала. Тағы бір адам жоғалып кетті. ТЖ министрлігінің мәліметінше, лайлы сел тасқынына ауа райының күрт өзгеруі себеп болған. Кеше шамамен он бес минут бұршақ аралас өткінші нөсер жаңбыр жауған.
Алматы облысы ТЖ департаментінде жедел штаб құрылды, психологиялық қолдау бойынша қауырт желі ұйымдастырылды: 8(7282)22-02-13, 22-02-18. Желіде Шарын шатқалындағы селдің видеосы мен зардап шеккендердің суреті тарады.