Тұрғындар жекеменшік емханаларға да тегін қарала алады — маман
Тұрғындар жекеменшік емханаларға да тегін қарала алады — маман
256
оқылды

Халыққа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша елдегі 11 млн астам тұрғынға медициналық көмек тегін көрсетіледі. Қорға әр адамның айлық табысынан 2% көлемінде жарна аударылады. Жұмыс беруші де қызметкері үшін 2% көлемінде жарна аударға міндетті, - деп хабарлайды Azattyq Ryhy басылымы. 

Қорға түсіп жатқан миллиардтаған қаржы тұрғындардың тіркелген санына байланысты емханаға жіберіледі. Сәйкесінше, қордан қомақты қаржы алатын медициналық мекемелер тұрғындарға тегін көмек көрсетуі тиіс. Бірақ Болат Төкежанов басқаратын «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ақпаратынша, емдік қызмет көрсетілмесе де жоғарыға жалған ақпарат беретін медициналық мекемелер саны көп. Тағы бір өзекті мәселе, халық өзінің құқығын білмей, анализ тапсыруға да ақы төлеп жатады. Алматыдағы №36 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары Венера Тохтахунова қалыптасқан мәселелерді шешудің жолдарын түсіндірді.
«Денсаулық сақтау ісі қазіргі таңда үш деңгейлі жүйе бойынша медициналық көмек көрсетеді. Мұндағы бірінші деңгей - медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету мамандарымен амбулаторлық, стационаралмастырушы және үйге бару арқылы көрсетілетін медициналық көмек. Екінші деңгей - амбулаторлық, стаиционаралмастырушы және стационарлық тұрғыда бейінді мамандармен, сонымен қатар, алғашқы деңгейде көрсетілетін медициналық көмек көрсететін мамандардың жолдауы бойынша көрсетілетін медициналық көмек және үшінші деңгейі - жоғары технологиялық медициналық көмекті қолдану арқылы амбулаторлық, стационаралмастырушы және стационарлық тұрғыда бейінді мамандармен, оның ішінде, алғашқы және екінші деңгейдегі мамандардың жолдауы бойынша көрсетілетін медициналық көмек», — деді Венера Тохтахунова.
Маманның айтуынша, халыққа көрсетілетін медициналық көмек 2 пакетке бөлінген. Бірінші пакет – сақтандырылған мүддесіне қарамастан барлығына арналған тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және екінші пакет – міндетті әлеуметтік медициналық  сақтандыру.  ТМККК толық пакеті Қазақстан Республикасы азаматтарының барлығына, қандастарға, қашқындарға, босқындарға, шет ел азаматтарына және ҚР аумағында тұратын және азаматтығы жоқ тұлғаларға қол жетімді. Бұл жеңілдікті азаматтығы жоқ шетелдіктер мен пана іздеушілерге де арналған. МӘМС пакеті бойынша көмекті ел азаматтарынан бөлек ҚР аумағында үнемі тұрақтанған шет ел азаматтары, азаматтығы жоқ тұлғалар, қандастар, ҚР аумағында уақытша тұрақтанатын шетелдіктер мен олардың отбасы да ала алады. МӘМС жүйесін енгізудің қажеті қанша? Жүйе қалай жұмыс істейді? Медициналық сақтандыру қорына төленген ақшаға көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасына қатысты сауалдар көп. Тағы бір мәселе жарна төлейтін адамдардың айлық табысы да әртүрлі болғандықтан қорға да аударылатын жарна біркелкі емес. Бірақ аударылған ақшаның көлеміне қарамастан көрсетілетін көмек баршаға бірдей.
«Бұл жобаның атауы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру деп аталғандықтан, аударған жарнасының мөлшеріне қарамай азаматтар бірдей медициналық көмек алады. Яғни, бір адам айына 2 мың теңге, келесісі 20 мың теңге қорға аударса да барлығына қызмет түрі бірдей көрсетіледі. Құны 5 млн теңге тұратын ауыр отаны немесе өзге де қымбат емдеу түрлерін 2 мың теңге аударған адамда тегін алуға құқылы. Емханаларға қордан ақша аударылған соң олар бұл қаражат бізде қалады деп ойлайды. Жоқ, көрсетілетін қызмет түрі бақыланады. Мониторинг жүргіземіз. Шағымдар түссе, жоспардан тыс тексеріс жүргіземіз. Осы жылдың бірінші маусымында 361 мекемеге жоспарлы тексеру жүргізілді. Ақпараттық жүйе арқылы медициналық мекемелердің жұмысын ай сайын бақылап отырамыз. Мысалы әр науқастың ЖСН арқылы оған қандай қызмет түрі көрсетілегін қарауға болады», — деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ медициналық көмектің сапасын бақылау департаментінің директоры Ләззат Шоманова.
Департамент директорының сөзінше, кейбір емханаларда қажетті қызмет түрі жоқ болғандықтан, олар науқасты немесе тұрғынды жекеменшік ауруханаға жібереді. Бұл ол жерде ақылы анализ тапсырады, ақылы түрде емделеді дегенді білдірмейді. Оның ақысын тұрғынның өзі тіркелген емхана төлеуі тиіс. Олар өздерімен келісімшарт жасасқан мекемеге жіберуі тиіс. Ол болмағанда, науқастың құқығы бұзылады. Бірақ бұл қағиданы көп адам білмегендіктен, бұрынғыдай ақылы анализ тапсыруларын жалғастырып келеді.
«Учаскелік дәрігер бір клиникаға жібергенде адам алдымен ол жаққа барғанда тегін ем алып, тексеруден тегін өте алатынын сұрау керек. Кейбір адамдар қолды бір сілтеп, сұрамастан тегін ем алатын мүмкіндігі болса да ақша төлеп шығындалып жатады. Бұл дұрыс емес. Сосын емдемесе де адамдарды қарадық деп базаға жалған мәлімет енгізген оқиғалар да болған. Өкінішке қарай, ондай жағдайлар болып тұрады. Мұндай заңсыздық анықталса мекемеге 300 % айыппұл саламыз. Сондықтан медициналық мекемелерде өтірік ақпаратты енгізудің тиімсіз екенін біртіндеп үйреніп келе жатыр. Былтыр қызмет көрсетілмесе де науқасқа қатысты жалған мәлімет бергені үшін 290 миллион теңгенің айыппұлын салдық. Жалған қызмет үшін айыппұл көлемі жоғары. Науқастарды қағаз жүзінде өтірік емдеудің 25 мыңнан астам түрі анықталды. Биылғы жылдың үш айында 3 мыңнан астам жалған мәліметтер кездесті. Ондай қателіктері үшін 29 миллион теңгенің айыппұлын салдық. Өкінішке қарай, жалған мәлімет беру елдің барлық аумағында кездеседі», — деді Ләззат Шоманова.
15 санатқа жататын азаматтардың жарнасы мемлекет тарапынан төленеді. Оның ішіне: балалар; жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; жұмыс істемейтін адамдар (баланың өкілінің біреуінен), тармақтың 5) тармақшасында қаралған адамдардан басқа, баланы үш жасқа толғанға дейін тәрбиелейтіндер; жүктілігі және босануына, жаңадан туған нәрестені асырап алуына байланысты, бала үш жасқа толғанға дейін демалыста болғандар; мүгедек-баланы күтумен жұмыс істемейтін адамдар, балалық жасынан бірінші топтағы мүгедекті күтетіндер; зейнетақы төлемін алатындар; оның ішінде, Ұлы Отан Соғысы ардагерлері; соттың өкімімен қылмыстық-орындаушы жүйе (пенитенциарлық) мекемелерде (шағын қауіпсіздік мекемесінен басқа) жазаға тартылғандар; тергеу изоляторында отырғандар; жұмыс істемейтін қандастар, «Алтын алқа», «Күміс алқасын» не болмаса І және ІІ дәрежедегі «Ана даңқын» алған көпбалалы аналар; мүгедектер; орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім, сондай-ақ, жоғары білімнен кейінгі мекемелерде білім алушылар; мемлекеттік мекенжайлық әлеуметтік көмек алатын жұмыссыздар кіреді. Бұдан бөлек Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, қорға жарна төлеуден әскери қызметшілер, мемлекеттік арнайы органның қызметкерлері, құқыққорғау органдарының қызметкерлері босатылады.
«Жұмыс беруші еңбекақыдан 2% мөлшерінде қаражат аударады және жұмыскер үшін еңбекақыдан 1% мөлшерінде жарна ұсталады. Жеке кәсіпкер, шаруа қожалығының иелері ай сайын қорға 2 975 теңге (1,4 АЕК-дан 5%, АЕК = 42 500 теңге) аударады. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар (жалданушы жұмыскерлерсіз және ЖК тіркелусіз қызмет көрсететіндер), республикалық және облыстық маңыздағы қалалар үшін БЖТ төлеушілер үшін - 2 917 (1 АЕК), басқа елдімекендер үшін - 1 458,5 теңге (0,5 АЕК).  Дербес төлеушілер — 2 125 теңге (1,0 АЕК-дан 5%, АЕК = 42 500 теңге). МК-да келісім бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар — тапқан табыстарынан 2% мөлшерінде төлейді», — деп түсіндірді №36 Қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Венера Тохтахунова.
Ал қателесіп төленген жарнаны «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» ҰАҚ филиалы арқылы қайтаруға болады. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қайтаруы туралы өтініш жазу қажет. Өтінішке төлем жасалғанын растайтын құжаттар (стандарттық нысандағы растау анықтамасы немесе төлем жасалған құжаттың көшірмесі) қосымша тіркелуі тиіс. Мемлекеттік корпорация өтініш келіп түскен күннен бастап бес операциялық күннің ішінде төлем, жарна немесе өсімпұлдың жүргізілгені туралы фактіні тексереді. Бірыңғай жиынтық төлем ары кеткенде қатарынан үш ай жасалмаса іс – сақтандыру мүддесі «Сақтандырылмаған» болып өзгертіліп, олар МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығынан айырылады. Шетедің  білім беру мекемелерінде оқитын студенттер «Шет елде оқитын студенттерді тіркеу» сервисі арқылы электрондық үкімет порталында тіркеледі. ТМККК пакетіне жедел медициналық көмек, оның ішінде, медициналық авиацияны тарту, медициналық-санитарлық алғашқы көмек — диагностика, қайтыс болғаннан кейінгі донорды ағзалары мен тіндерін алу, Қазақстан Республикасы азаматтарын шетелде емдеуге жіберу сынды барлығы 12 түрлі көмек кіреді. Ал МӘМС пакетіне профилактикалық тексерістер, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелетін аурушаңдық кезінде және оларға күдік туындаған кезде үйге бару арқылы стационар қызметін көрсету, оңалту, дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, иммунобиологиялық препараттармен қамту сынды барлығы 7 түрлі қызмет көрсетіледі.
«Бүгінгі күні міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен қызмет етуде. Екі пакет бойынша барлық медициналық көмекті алу үшін қазірден бастап сақтандырылуымыз керек» — деді Алматыдағы №36 қалалық емхананың дәрігері Венера Тохтахунова.