Өнеркәсіп пен ғылымның өзара байланысының болмауы ел экономикасына айтарлықтай соққы болып отыр. Ғылыми зерттеудің коммерцияланбай, ондағы барлық сынақ жұмыстардың нәтижесіз болып жатқаны Сенат депутаттарын алаңдатты.
Осы аптада Сенат қабырғасында «Қазақстан Республикасындағы инновациялық даму: жай-күйі, проблемалары және құқықтық реттелуі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Оған депутаттармен қоса осы салаға тікелей жауапты министр мен агенттік өкілдері қатысты.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков кездесуді ашып, ұлттық экономиканы дамытуда инновациялық жүйені дамыту маңызы зор мәселелердің бірі екенін атап өтті.
Сенатор бұл салада бірқатар бағдарламалар, жол карталары мен жобалар жасалғанын, алайда оларды жүзеге асыру нақты нәтиже бермей отырғанын атап өтті.
«Бізге мемлекеттік басқару жүйесін инновациялық дамуға бағыттау қажет. Ұлттық инновациялық жүйені дамытуда мемлекеттің, бизнестің, білім және ғылым жүйесінің тиімді өзара іс-қимыл процесін жолға қою талап етіледі», - деді Дәурен Әділбеков.
Сенатор Еділ Мамытбеков өз кезегінде мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде мемлекеттік теңдестірілген шаралар стратегиясы мен оларды іске асыру тактикасының жоқтығы инновация саласындағы басты мәселе екенін атап өтті.
«Ғылыми-зерттеу және сындарлы тәжірибелік жұмысты коммерцияландырудың нашар болу себептерінің бірі өнеркәсіп пен ғылымның өзара байланысының даму деңгейінің төмендігі болып табылады», - деді сенатор.