Отандық вакцина озық екпелер қатарына ене ме?
Отандық вакцина озық екпелер қатарына ене ме?
234
оқылды

Осы күні коронавирусқа қарсы вакциналар адамзат өміріндегі маңызды рөлге ие болып шықты. Пандемияны еңсермекке ниеттенген әлем елдері вакциналау процесін үдетіп жатыр. Әзірге Израиль мемлекетінде ғана шектеулер толығымен алынды. Еуропа да екпенің арқасында карантинді жеңілдетпек. Қазір дүние­жүзінде қолданылып жатқан 15 вакцина бар. Бұл 15-тің арасында отандық QazVac та тұр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 6 екпені ғана ресми бекітті. Дегенмен жуырда отандық вакцинамыз ДДСҰ-да бекітілуі мүмкін. Яғни, QazVac індетке қарсы тиімді болатын тәрізді. Мамандар бұған қатысты не айтады?

Қазір елімізде 2 миллионнан астам азамат коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-дозасын қабылдаса, екпені толыққанды алғандар 1 миллионнан асты. Дегенмен бұл көрсеткіш әлем елдерімен салыстырғанда өте аз екені жасырын емес. Мәселен, Израиль халқының 70 пайызы әлдеқашан екпе қабылдап үлгерсе, АҚШ, Канада мен Еуропаның кейбір мемлекеттерінде 40 пайызға жетті. Отандас­тарымыз әзірге үш вакцинаға таңдау жасай алады. Көбіне салынып жатқан ресейлік «Спутник V» және қазақстандық ғалымдар жасап шығарған QazVac пен Қытай шығарып, БАӘ еуропалық стандартпен өндірген Hayat Vax бар. Біз осылардың ішінен отандық QazVac-қа жеке тоқталғымыз келеді. 28 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен онлайн кездесу өткізген болатын. Жиында тараптар жаңағы айтқан QazVac екпесіне ерекше тоқ­талды. Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысына қазақстандық QazVac вакцинасының клиникалық сынама­ларының алдын ала нәтижелері туралы баяндап, отандық вакцинаның тиім­ділік дең­гейі 96 пайызға жеткенін мәлімдеген болатын. Қазір салалық органдар отандық вакцинаға келісім алу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты ДДСҰ басшысы да QazVac екпесінің әзірлемесін қолдап, ұйымның төтенше жағдай кезінде пайда­лануға болатын дәрі-дәрмектерінің тізіміне қосу мүмкіндігін қарастыратынын айтқан еді. Осы уақытқа дейін көптеген маман өз екпеміздің зерттеу қорытындысымен таныс­паққа асыққан еді. ДДСҰ да соны сұрады. Демек, енді отандық вакцинаның қоры­­тындысымен танысар күн жақын тәрізді. Айтпақшы, жуырда отандық ғалымдар 10 ел­дің QazVac-қа қызығып отырғанын хабар­лады. Оның арасында Біріккен Араб Әмірлігі де бар екен. Бірақ вакцинаны өзге елдерге тасымалдауға мүмкіндік болмай тұрғанға ұқсайды. Отандық екпені Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген болатын. Вакцина коронавирустың жергілікті штамын өлтіру арқылы жасалған. Бұл әдіс әлемде жақсы баға алған қытайлық Sinovac-тың жасалу тәсіліне ұқсас. Дегенмен екпенің саны аз болып шықты. Сәуірде 50 мың доза дайындалды. Жыл соңына дейін 500 мыңын шығару жоспарланған. Алайда бұл өте аз екені айтпаса да белгілі. Бәлкім, екпе ДДСҰ тарапынан жақсы баға алып жатса, өндіріс көлемі арта жатар. Ал біз QazVac жайлы маманның не айтатынына көз жүгіртсек. Батырбек Айтжанов, вакцина өндіру саласының маманы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары акаде­миясының академигі: – Қазір екпе төңірегінде қоғамда дұрыс пікір қалыптаспай отыр. Ең әуелі вакцина – организмде иммунитет қалыптастыру үшін салынатын биопрепарат. Мысалы, ертеде шешекпен ауырған адамға бұрын науқас­танған адамның жарасын себетін болған. Онда қоздырғыштар болады. Қоздырғыштар әлсіреген, кейбіреуі өліп қалған күйде тұ­рады. Олар организмге барады да, иммундық жүйе түзеді, бірақ ауруды қоздыруға шамасы жетпейді, өйткені ол инактивацияланған. Вакцинаны туғаннан бастап перзентханадан шықпай жатып-ақ гепатитке, поллимелидке, дифтерияға қарсы еге бастайды. Сондықтан бұдан ешқандай саясат іздеудің қажеті жоқ. Көбі қазір АҚШ пен Еуропада салынып жатқан екпелерді қалап отыр. Біріншіден, олар қымбатқа түседі. Екіншіден, сақталуы, тасымалдануы да оңай емес. Оны сақтау үшін арнаулы қондырғылар керек, басқа да химиялық заттарға мұқтаж. Үшіншіден, та­сымалдауға әуекомпаниялардың әлеуеті де жете бермейді. Негізі, қай вакцина болмасын, Денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес толық зерттеу фазаларынан өткен жоқ. Ол қашан өтеді екен деп қарап отыратын бізде уақыт жоқ. Бүкіл әлем бойынша солай. Жағдай соны талап етіп тұр. Вакциналардың көрсеткіштерін егжей-тегжейлі анықтау – өте ұзақ процесс. Антидене нақты қашан түзіледі, ол қанша уақыт сақталады, қай уақытта жойылады – ешкім нақты айта алмайды. Тек шамалап, жобалап қойылады. Мысалы, «Спутник V» 97 пайыз, Moderna 94 пайыз тиімді дейді, мұның бәрі шартты түрде ғана айтылған. Өз басым ресейлік вакцинаны сал­дыр­дым. Негізі, отандық екпені қабылдағым келген, таусылып қалыпты. QazVac өл­тірілген фраг­менттер арқылы жасалған. Яғни, вирус жасанды жолмен өлтіріледі. Оған адевант қосылады. Мұндай тәсілдегі екпелердің қосалқы, жанама әсерлері аз болады. Ас­қын­ған дерті бар немесе қарт адамдар үшін бұл қолайлы. Ал ресейлік «Спутникте» – тірі фраг­менттер. Қосалқы әсері болады. Оны денсаулығы көтеретін жастар қабылдағаны жөн. QazVac-ты сақтау шарты қарапайым, тасымалдауға ыңғайлы. Есесіне теориялық тұрғыдан алғанда, им­мунитетті жақсы түзуі мүмкін. Сол себепті отандық екпе басқа вак­циналармен тең бағаланып, бір қатарда тұру­ға лайық деп есептеймін. Қай вакцинаны да тым мақтап немесе тым даттап жіберуге бол­мас. Атағы алысқа барған вакциналарды қабылдаған таныстарым болды. 1 жылға жетпей вирус жұқтырды. Яғни, екпе түзген иммунитет сол уақытқа ғана жеткен. Отандық екпенің де иммунитет қалыптастыруы 9-12 ай ара­лы­ғында болса керек. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтындағы ғалым­­дар­дың біліктілік деңгейі жақсы. Вакцина өндіру саласында АҚШ-пен жиі тәжірибе алмасқан. Бірақ осында ғалымдардың саны аздау болып тұр. Нақты вакцинамен айна­лысып жүргені елуге жуық қызметкер сияқ­ты. Сондықтан екпе де аз өндіріліп отыр­­­ғандай.

Мадияр ТӨЛЕУ