Алматыда 150 адам шақырып, той өткізген бірнеше мейрамхана анықталды
Алматыда 150 адам шақырып, той өткізген бірнеше мейрамхана анықталды
261
оқылды

Алматыда мониторинг тобы маусымның 4-інен 5-іне қараған түні шектеуді бұзған 19 жағдайды анықтады.

Атап айтқанда, Әуезов ауданындағы «Достар сарайы» мейрамханасы 150 адамға арналған үйлену тойын өткізген. Сол уақытта Бостандық ауданына қарасты Han Sarai мейрамханасында да той болды. Медеу ауданында The Monkey кафесінде 150-ге жуық адам анықталса, «Небо» барында 120-ға тарта қонақ жиналған.

Ал 5-6 маусымда 14 жағдай тіркелді: Наурызбай ауданындағы «Ильхам» мейрамханасында 150 қонаққа есептелген той өткен. Бостандық ауданында Hide Park ойын-сауық паркінің фудкортында 150-ге жуық адам жиналған. Медеу ауданында «Атмосфера» мейрамханасында 150-ге жуық қонақ болған. Сонымен қатар «Лейд Найд шоуда» 200 адам жиналған.

Жексенбі күні 3 заңбұзушылық тіркелді. «Дос» компьютерлік клубында 40-қа жуық адам отырса, Медеу ауданындағы «Пинта» барында 100-ге жуық тұрғын жиналған. Жалпы, биыл 20 наурыз бен 7 маусым аралығында белгіленген шектеулерді бұзған 1088 жағдай анықталды.

Бұған дейін коронавирусқа шалдыққандар үйінен шықса, 87 мың теңге айыппұл төлейтінін жазған болатынбыз.