Сақтандыру деген сала бар...
Сақтандыру деген сала бар...
266
оқылды

Қазір аяқастынан шығынға ұшы­рап, күйзеліске түспеу үшін барлық мүлікті жылжымалы және жылжымайтын Елді міндеттеу «жыртықты» жамай ма?

Биыл «мүлікті сақтандыру мін­дет­телуі мүмкін» деген сыбыс шық­ты. Сон­дай заң жобасы қарас­тырылып жатыр екен. Алайда ол заң қолданысқа енсе, сақтандыру ком­па­ниялары арқылы рә­сім­делуі тиіс үй-жайдың төлем мөлшері белгісіз. Тек үйде неғұрлым өрт шығу қаупі жо­ғары болса, сақтандыру ақысы да соғұрлым көбірек болатыны ай­тылған. Бірақ Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің бұл бастамасы жұрт­тың көңілінен шық­пады. «Онсыз да салық төлейсің, отын да, тамақ та қымбат. Жұ­мыс жоқ. Жасымыз зейнетке жетпеген, балалардың жа­лақысына қарап отырмыз. Олар­дың жалақылары өте тө­мен. Неме­ре­леріміз бар. Сондықтан ол заңға қар­сы­мыз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Раушан Әпен­дина. Елдің сенімі сол қалтаға түсетін салмақтан бұрын, жалпы сақтан­дыру жүйесінің өзіне аздау болып тұр. Неге десеңіз, баспанасы өртенсе, оған түрлі сараптама жаса­тып, миллиондаған ақшаны бірден бере салуы неғайбіл сақ­тандыру компаниясының алдында кінә өзінен емес екенін дәлелдеп шығуы шарт. Ал онсыз да тұрмыс тауқы­ме­тін тартып жүрген адамға ол оңай шаруа емес. Қаржы ма­мандары болса, бұл мәселені «бюджет жырты­ғын жа­маудың амалы» деседі. Төтенше жағдайлар саласына қара­­жат жетіспегендіктен, министрлік оның есесін сақ­тандыру арқылы алғысы келеді-міс. «Қызметкер­лердің жалақысы мен төтенше жағдай саласына қажет қаражатты елдегі бүкіл баспана санына бөле салады. Сөйтіп, есебін шығаруы мүмкін. Тек ә дегеннен елдің нара­зы­лығын тудыр­мас үшін аз мөлшер­де қоюы ықтимал. Дегенмен мемле­кеттің әлі нақты жоспары жоқ сияқ­ты», – дейді қар­жы кеңесшісі Расул Рысмамбетов. Ал биліктегілердің уәжіне сүйен­сек, дамыған елдерде бәрі сақтан­дырылады. Сондықтан жал­пы оны міндеттеген дұрыс көрінеді.

Ірі қара үшін ілкімді жоба сияқты

2020 жылға дейін төрт түлік тек мүлік ретінде есеп­телгендіктен, оны сақтан­дыру фермерлерге ұнай қой­маған еді. Малдары жоғалса немесе көлік қағып кеткен жағдайда ғана сақтандыру төле­не­тін. Сол себепті олардың дені бұл қыз­метті керек етпеді. Амал жоқ, сосын шетел­дік сақтандыру компания­ларына Қазақстанның агроөнер­кәсіп саласына арнап, «ірі қараны сақтандыру» шартын әзір­леуге тура келді. Мысалы, Қазақстан фермер­лері­нің қауым­дастығы қазір елімізде 212 мыңнан астам шаруа қожа­лығы бар екенін алға тартып отыр. Оның 50 мыңға жуығы мал өсіріп, бор­дақы­лаумен айналысады десек, енді жаңа шарт бойынша ірі қараны ауру­лардан және басқа да қауіп-қатерден сақтандыра алатын жағ­дайға жеттік. Агро­өнеркәсіп кеше­нін­дегі сақтандыру сала­сының опе­раторы – «Ауыл шаруа­шылығын қар­жылай қолдау қоры» АҚ. «Біз жаңа сақтандыру өнімдерін ен­гізу фермерлерге тәуекелдерден қорғану­ға, жобаларды қаржы­ландыратын ком­пания­ларға салған қаражаттарын қорғау­ға мүмкіндік береді деп есептейміз», – дейді қордың басқарушы директоры Ас­қар Қалиев. Ол айтып отырған тәуе­кел­дер қатарына негізінен инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың зиянды әрекеттері, қауіпті табиғи құбылыстар, сондай-ақ жаза­тайым оқиғалар – жарылыс, найзағай түсу, тұншығып өлу, жыртқыш аңдардың шабуылы, жәндіктердің шағуы, түрлі себептермен жарақаттануы кіреді. Бұл ретте мал шаруашылығын­дағы сақ­тан­дыру сыйақыларын мемлекет субсидия­лайды. Нақты айтқанда, сақ­тан­дыру шартын жасасқан соң сақтан­дыру сыйақысы сомасы­ның 50 пайызын фермер, қалған 50 пайызын мемлекет төлей­ді. Асқар Қалиевтің айтуынша, осы мақсатқа биыл республикалық бюд­жеттен 2,5 миллиард теңге бөлінген. Қазақстан фермерлері қауым­дас­тығы басқарма төрағасының орынбасары Ермек Әбуовтің ай­туынша, бізге енді жетіп жатқанмен, бұл – әлем елдерінде бұрыннан бар тәжірибе. «Қауіп-қатер мен індеттен сақтандырудың болмауы себепті, біз осы уақытқа дейін мал баға­тын фермерлердің санын біршама азай­тып алдық. 50 мыңға да жетпейді. Мы­салы, 2016 жылы Аустралиядан әрқай­сысы 3 мың доллар тұратын асылтұқым­ды сиырларды елге әкелеміз деп жүріп, өлтіріп алдық. Фермерлер шығынға батты. Сақтан­дырудың осы түрінің қажеті сол кезде сөз болған еді», – дейді ол. Сон­дай-ақ Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қазір мал шаруашылығы саласында 2 117 бас ірі қараның сақтандырылғанын жеткізді. Бірақ бұл ведомствода әлі күнге дейін жыл сайын түрлі ауру мен өзге де қауіп-қатерден қанша малдың өлгені туралы нақты дерек­тер базасы жоқ. Салдарынан фер­мер­лердің шығыны да қисапсыз болып тұр.

Құрғақшылық қаупі егінге де төніп тұр

ТЖМ жылжымайтын мүлікті сақтан­дыруды міндеттегісі келсе, 2020 жылдың басынан бері жеке­леген өңірлерде ауыл шаруашылығы дақылдары мен ірі қараны ерікті агросақтандыру механизмі жұмыс істеп тұр. Соның арқасында мал және өсімдік шаруашылығы сала­сын­дағы құрғақшылықтан және артық ыл­ғал­дың салдарынан сақ­тан­дыру өнім­дерін субсидиялау қағидалары бекітілген. Бұрын сақ­тан­дыру төлемдері субсидия­ланса, енді сақтандыру сыйақылары суб­си­дия­лануда. Сондықтан жауапкер­шілік ауыл шаруашылығы тауарын өн­дірушілердің өздеріне жүктеліп отыр. Олар егіс алқаптарын ылғал­дың жетіс­пеушілігінен биыл 15 сәуірге дейін он­лайн режимде сақтандырды. Тағы бір айта кетер жайт, қазір сақ­тандыру жағдайы туындаған фактіні спутниктік деректерге сүйене отырып, ақпараттық жүйе айқындайтын болған. Ол тәсіл сақтандыру төлемдері меха­низмінің ашықтығын қамта­масыз етеді деген сенімге ие. Одан бөлек, биыл Маңғыстау облысы мен Қызылорданың Арал ауданында қуаңшылық болғаны белгілі. Ал ауыл шаруашылығының сарапшылары ол екі жер ғана емес, көктемнің соңы мен жаз айының басында еліміздің көптеген өңірінде құрғақшылық болатынын бол­жаған еді. Топырақ ылғалы жетіспеу­шілігі­нен еккен егіннің тез көтерілуіне кедергі болу қаупі бар әлі. «Өткен жылы ауыл шаруа­шылығы тауарын өндіретін 56 мекеме егіс алқабын құрғақшылықтан сақ­тандырған. Фермерлер алған сақтан­дыру төлемі 535 миллион теңге болды. Ал биыл агросақтандыру шығындарын суб­сидиялауға 3,3 миллиард теңге бөлу жос­­парланды», – дейді «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарушы директоры Асқар Қалиев. Оның айтуынша, ылғал тапшы­лығынан сақтандыру 3 кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең – 15 мамыр­дан 14 маусымға дейінгі, екінші кезең – 15 маусымнан 14 шілдеге дейінгі және үшінші кезең – 15 шілдеден 14 тамызға дейінгі аралық­ты қамтиды. Бұл ретте алқаптарды қандай кезеңдер бойынша сақтан­дыратынын фер­мер­лердің өздері таңдайды. Сақтан­дыру сомасын есептегенде де егіс алқа­бы­ның бір гектарына 40-80 мың теңге ара­лығын­дағы көрсеткіштің қаншасын жұмсайтынын өздері анықтайды. Қыс­қасы, сақтандыру нарығы кеңейіп келе­ді. Тек оның ерікті сипатынан гөрі міндетті түрі кө­бейетін сыңайлы.

Еркеғали БЕЙСЕН