Пашинян билікте қалды
Пашинян билікте қалды
210
оқылды

Сонымен, сарапшылар Оңтүстік Кавказдағы жағ­дайға тікелей әсер етуі мүмкін оқиға ре­тін­де болжаған Арме­ниядағы кезектен тыс пар­ламенттік сайлау да аяқ­тал­ды. Алдын ала бел­гілі болған мәліметтерге қарағанда, Никол Пашинян бастаған «Азаматтық келісім» пар­тиясы жеңіске жеткен. Демек, армян халқы радикалды көз­қарастарды құп көрмейтінін байқатқан сыңайлы.

Армения орталық сайлау ко­миссиясының мәліметтеріне қа­рағанда, елдегі 2008 сайлау учас­кесіндегі дауыс саналып, 1 млн. 281 мыңнан астам бюлле­теньнің 53,92 пайызы премьер-министрдің мін­детін атқарушы Никол Паши­нян­ның партиясының пайдасына ше­шілгені белгілі болды. Паши­нян­ға ең басты қарсылас ретінде са­налған экс-президент Роберт Кочерянның «Армения» блогы 21,04 пайыз дауыс жинаған. Өзге саяси блоктар мен партиялардың ішінде 6 пайыз дауыс алған еш­қандай саяси күш жоқ. Демек, бәсекеге түскен 21 партия мен 4 блок­тың ішінде «Азаматтық ке­лісім» партиясына нақты қар­сылас боларлық күш табылмады деген сөз. Ал жалпы 20 маусым күні өт­кен сайлауға дауыс беру құқына ие халықтың 49,4 пайызы қатысыпты. Мұны кейбір сарап­шылар жақсы көрсеткіш ретінде бағалап отыр.

Жеңілген премьер қалай жеңіске жетті?

Негізі, бірқатар сарапшы Ни­кол Пашинянның саяси беделінің түсіп кеткенін алға тартып жүрді. Өйткені былтыр 27 қыркүйек пен 11 қараша аралығында Таулы Қарабақта болған соғыста Армения әскері Әзербайжан армиясының соққысына төтеп бере алмай, 30 жыл бойы оккупацияда ұстаған аймақтың бақылауынан айырыл­ған болатын. Мыңдаған сарбаз мерт болып, жүздеген техника қи­раған еді. Кейбір мәліметке сүйен­­сек, Арменияның сол соғыста қи­раған техникасының жалпы құны 2 млрд. доллардан асып кет­кен. Оның үстіне, Таулы Қара­бақ­­тың ай­наласындағы 7 ауданды да әзер­байжандар қайтарып алды. Таулы Қарабаққа арнайы статус беру мә­селесін ресми Баку енді қа­­­рас­тыр­майтынын мәлімдеді. Яғ­­­­ни, Па­шинян соғыста оңбай жеңілді. Сол кезде оны «саяси өлік­к­е» балағандар да болған. Әскерилер мен «қара­бақтық эли­та» аталатын саяси топ премьер-министрді орнынан тай­дыруға барын салған. Ақыры қар­сыластар мәселені сайлау арқылы шешуге бел буған болатын. Сөйткен сайлау өтті. Ал нәтиже «жеңілген премьер­дің» пайдасына шешіліп кеткен жайы бар. Міне, бұл жағдай Оң­түстік Кавказды өзінің ықпал ету аймағы санайтын мемлекет­­терді де, армениялық сарапшы­ларды да таң-тамаша етіп отыр. Қалай ғана май­данда жеңіліске себепкер болды деп есептелетін саясаткер халықтың қол­дауына ие болды? Шы­нымен, Арменияда ми­литаристік ұрандар өтпейтін болғаны ма? Ендігі сауал осы бол­мақшы.

Біздің пайымдауымызша, ар­мян халқы өткен тарихпен мақ­танып, өздері ежелгі мекені санай­тын ай­мақ үшін дауласудан жа­лыққан сыңайлы. Мың жыл бұрын Таулы Қарабақта армян ұлтының өкілдері өмір сүргенін алға тартып, өңірді басып алуға ұмтылудың пай­дасыз екенін бұқара түсінген сыңайлы. ХХІ ғасырға дейін талай халықтың тарихи мекені саяси кар­талар ар­қылы бөлінгенін, жер даулағаннан гөрі саяси, эконо­микалық, әлеу­меттік реформалар жүргізу маңызды екенін ұқты. Төңі­ректегі Грузияның, Әзер­бай­жанның, Түркияның қа­тардан қал­май дамып отырғаны, Арме­ниядағы әлеуметтік-экономи­ка­лық жағдайдың нашарлығы ха­лықты әбден шаршатқан сыңайлы. Әрі Н.Пашинянның батыс елде­ріне бүйрегі бұрып тұратыны да армян халқының үміті болғанға ұқсайды.

Әйтпесе, Пашинян да, Кочерян да Таулы Қарабақ үшін Әзер­байжанмен қайта соғысуға ниет­ті емес. Кері­сінше, келіссөз­дер­ге жүгінуге әзір екенін байқат­қан. Екіншіден, Ко­чер­янның жеңіліп қалуына ол бас­қарған жыл­­дарда коррупцияның тым те­реңдеп кеткені жайлы мәлі­меттер де әсер еткен сияқты. Ел дамуын тежеуші басты фактор­лардың бірі ретінде саналатын коррупцияға армян халқы сайлау арқылы қар­сылық танытуға бекінген тәрізді. Сөйтіп, жеме-жемге кел­генде Н.Па­­­­­ши­нянды қолдап кетті. Яғни, «аш бала тоқ баламен ой­намайды» дегеннің кері келді. Ар­мения хал­қы бейкүнә сарбаздар қырылатын, әлеуметтік жағдайды жақсартуға, дамуға ешқанда пайда­сы жоқ со­ғысты қаламайтынын байқатты.

Таулы Қарабақтың өзі емес, статусы маңызды

Негізі, Арменияда саяси күш­тер Таулы Қарабақты әскер күші­мен өздеріне қосып алу ниетінен түбе­гейлі бас тартқан тәрізді. Өйт­кені «соғысамыз» дейтін ұран ха­лыққа өтпейді. Таулы Қарабаққа барып өмір сүруді қалайтындар да аз. Ке­рісінше, «ата жау» саналатын Түр­кияның өзінде 100 мыңға жуық армян жұмыс істеп жүр. Көбі Ресей арқылы турист ретінде барып, қа­лып қойған. Заңсыз еңбек миг­ранттары. Одан бөлек, шетел­дердегі армян диаспорасының ата­жұртына сөзбен ғана қолдау жа­сауға қауқарлы екені байқалды. Елге қаржы құй­ғандар сирек. Де­мек, армян халқы өз жағдайын өздері түзеуге бел буған сыңайлы. Ал қоғамдағы мұндай үрдісті сая­саткерлер біліп отыр. Сон­дықтан Таулы Қарабақты қай­тарып алуға ашық ұмтылатындар азайды. Тек барлық саяси күш өңір­дің стату­сының қандай болатынына алаң­­дайды. Кочерян тобы Ресеймен және Әзербайжанмен келісімге келіп, байланысты нығайту идея­сын ұстанды. Пашинян Минск то­бының мүшелерімен, яғни АҚШ, Франция және Ресеймен бірлесіп Таулы Қа­рабақтың ста­тусын белгілеу ұста­нымында. Яғ­ни, қандай жолмен болса да Таулы Қарабаққа белгілі бір статус бер­гізуге ұмтылып отыр. Алай­да өзі­нің бұл ұсынысын Ильхам Әлиев қабылдай қоймайтынын да біледі. Өйткені былтыр соғыс ке­зінде, қазан айының ортасына қарай Әзербайжан Минск тобының өңір­дегі 5 ауданды ешбір шартсыз қайтарып, қалған 2 ауданның ста­тусы кейін талқылау жөніндегі ұс­нысқа келіскенімен, Ереван оны қабылдамай қойған. Аталған ұсы­ныста Таулы Қарабаққа мей­лінше кең құқы бар автономия беруге де ресми Баку келісімін берген. Алайда Пашинян үкіметі мұндай келісімге келуден бас тартты да, қарашаның басында Әзербайжан әскері Шу­шаны алған соң Ильхам Әлиев шал­қайып шыға келді. Оның «Статус дегенді ұмыт Па­­шинян» дейтіні де сол кез еді.
Пашинян

Сыртқы саясат  өзгере ме?

Біздің пайымдауымызша, сай­лаудан кейін де Арменияда біраз саяси текетерістер болуы мүмкін. Оп­позиция халықты наразылық акцияларына қатыстыруға барын салатын шығар. Өйткені Кочерян да, сайлауға қатысқан тағы бір экс-президент Серж Саргсян да дауыс беру нәтижелерін мойында­май­тынын мәлімдеді. Алайда Па­шинян тізгінді қолдан бере қоюы не­ғайбіл. Демек, сыртқы саясатын­да да екі­ұшты бағыт ұстанары сөзсіз. Ол Пашинян ҰКШҰ және Еуразиялық эко­­номикалық одақ­тағы әріп­тестерімен байланысты қалыпты ұстауға тырысады, сөйте тұра батыс елдерімен әріптестік орнату жағын да ұмытпақ емес. Түркиялық са­рапшы Ахмет Арс­ланның ай­туынша, Пашинян би­лігі Түркия мен Әзербайжанға, Гру­­зияға қа­тысты жер дауын на­сихаттайтын идеяларға да жол бермеуге тыры­сады. Тіпті, «Ұлы армения» идея­сын айтып, арнайы карта сызып, сол арқылы жастарды желіктіруге ты­рысатын шетел­дердегі армян диаспораларынан да бойын аулақ салуы мүмкін. Себебі, дәл қазір елде­гі кедейшілікті жою, эконо­миканы дамыту, инвестиция тарту мәселесі өзекті болып тұр. Батыс елдерімен байланыс ин­вес­тиция тарту үшін керек. Еу­ра­зиялық экономикалық одақтағы бел­сенділік Ресейдің қас-қабағы үшін қажет. Қысқасы, Ар­менияның жаңа басшысы арбаны да сын­дырмай, өгізді де өлтірмеуді көз­­дейді.
Ардақ СҰЛТАН