Нұр-Сұлтан мен Алматыда коронавирустың үнді штамы табылды деген қауіп анықталды. Ведомствоаралық комиссия карантин шараларын күшейтуді ұсынды. "Дельта" (үнді штамы) деп аталатын коронавирустың мутацияланған бұл түрі қаншалықты қауіпті? Қазақстанда салынып жатқан "Спутник V" вакцинасы үнді штамынан қорғай ала ма? Бұл сұрақтарға вирусолог Әсел Мұсабекова жауап берді.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да үнді штамын басқалармен салыстырғанда ауыр екенін ескертті. Ресейде коронавирустың үнді штамы мамыр айының соңында анықталды. Содан бері елде, әсіресе, Мәскеуде вирус жұқтырғандар саны күрт көбейген.
11 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың "Дельта" (үнді штамы) деп аталатын нұсқасының таралуына байланысты алаңдаушылық білдірді. Бұған дейін мұндай штамм қатарында үш нұсқа болған еді. Олар: "Альфа" нұсқасы (британиялық штамм), "Бета" (оңтүстікафрикалық штамм) және "Гамма" (бразилиялық штамм).
Вирусолог Әсел Мұсабекованың айтуынша, "Спутник V" вакцинасының үнді штамына қарсы тиімділігі туралы әзірге деректер аз. Алайда "Спутник V" де AstraZeneca вакцинасы сияқты векторлық екенін ескерсек, вакцинаның екі дозасын алғанда ғана тиімділік артады.
Себебі, Ұлыбританияның денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінде, вакцинаның алғашқы дозасынан кейін "Дельта" нұсқасына қарсы тиімділік "Альфаға" қарағанда әлдеқайда төмен екені анықталды. Бірақ екінші дозадан кейін айырмашылық айтарлықтай азаяды: "Альфа" (британиялық штамм) жағдайында 88,4%, ал "Дельта" (үнді штамы)жағдайында 80,8%.
Демек үнді штамынан қорғану үшін вакцинаның екі дозасын алу қажет екені белгілі болды (бұл РНҚ вакциналарына да, векторлық вакциналарға да қатысты). Осыдан кейін Франция билігі вакцина дозалары мерзімінің арасын жақындатты. Онда бұрын екі дозаның арасы 40 күн болса, осы зерттеуден кейін 21 күнге дейін қысқартты.
Вакцина коронавирустан 100% қорғай алмайды, яғни, вакцинацияланған адамдар да вирус жұқтыруы мүмкін. Бұл - қалыпты жағдай. Алайда бұл вакцина көмектеспейді дегенді білдірмейді.
Зерттеу қорытындысына қарасақ, елде вакцина алмаған адамдар неғұрлым көп болса, коронавирустың жаңа түрінің таралуы да соғұрлым жоғары болады.
Ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі: "Қандай вакцинаны алу керек?». Елде қолжетімді және жарияланған ғылыми мәліметтері бар вакцинаны алған жөн. Сонымен бірге екінші дозаны 21 күн ішінде алуға тырысыңыз. Вирустан қорғану үшін санитарлық талаптарды сақтап, көпшілік жүрген жерде бетперде тағып, арақашықты сақтағаныңыз дұрыс, - деп жазды вирусолог Factcheck.kz-ке жариялаған мақаласында.