Блогер Дәулет Мұқаев мүгедек жанның кәсіп ашуына көмектеспекші
Блогер Дәулет Мұқаев мүгедек жанның кәсіп ашуына көмектеспекші
619
оқылды

"Дәулетті кәсіп" жобасын қолға алуыңызға не түрткі болды?

"Дәулетті кәсіп" деп қойған себебім дәулет деген байлық қой. Кәсіп ашқан жан бай болсын, байлық әкелсін деген ниетпен атын қойдым. Бұған түрткі болған аяқ-қолы сау адамдарға мемлекет тарапынан қолдау, мүмкіндіктер көп болып жатады. Ал көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандар тасада қалып қояды. Олар көбі үйде отырады. Үйде отырып кәсіптің басын бастаса, әрекет етіп, соларға да бір қолдау білдіріп, мотивация болсын, өмірге деген құлшынысы одан сайын артсын деген ниетпен ойымда жүрген нәрсені әлеуметтік желіде жаздым. Бір жақсысы - менің бірнеше кәсіпкер досым оны қолдап кетті. Челлендж деп едім ғой. Қазір почтама небір тағдырлар туралы хаттар келіп жатыр, соның ішінен бір адамға ментор болсам, менің кәсіпкер достарым да, блогерлер олар да ментор боламыз деп жатыр. Мәселен, Түркиядағы Қайша, Назира деген. Одан кейін бизнес бастауға үйретіп жатқан Назым Алиева, бизнеске, жеке кәсіпкерлікке үйретіп жүрген Гүлнұр, заңгер Гүлмира бұл бастамамды қолдап кетті.

Үміткерге қандай талап қойылады?

Іріктеу үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңе электрон поштаға хат жіберіледі, екінші кезеңде хатқа байланысты адамдармен онлайн форматта сөйлесеміз, үшінші кезеңде офлайн форматта, бетпе-бет кездесу болады. Бұл жоба кәсібі бар жандарды қолдамайды, керісінше кәсібі жоқ адамға кәсіп ашып береміз. Көп талап жоқ, бастысы кәсіп бастауға ниеті болса, жеткілікті. Үміткердің жасы 18 жастан асса болды, сосын дәрігерлердің ресми құжатымен расталған 1, 2, немесе 3 топ мүгедектігі болуы керек. Өзім "Тура биде туған жоқ" дегенді ұстанамын. "Адалдықтың арқаны ұзын" деген қағидамен жүремін. Руға, жүзге немесе жерге салынбай, шынымен елең еткізетін, талпынып тұрған мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан өзім таңдаймын. Өзім төрелік етемін.

Үміткердің бизнес идеясы, жоспары болуы міндетті ме?

Өзінің бизнес идеясы болғаны жақсы. Мүмкіндігі шектеулі жанға барып "торт пісір немесе хандмейд жаса, тоқыма тоқы" деп айта алмаймыз. Өзінің бір қызығушылығы болуы керек. Мысалы, бір хат келді 19 жастағы жігіт, мүгедектігі бар екен, компьютер жөндейді екен. Сондай нешетүрлі хаттар келіп жатыр, кәсіптің бағыты әр адамның қызығушылығынан туындауы керек. Сондай адамға "Бұлақ көрсең, көзін аш" деген сияқты, істейін деп тұрған адамды қанатын қағып, көмектесіп жіберу - негізгі мақсат.

Бұл жобаға қаржы инвестиция ретінде салына ма?

Инвестиция - бәрібір қайтымды ақша. Бұл енді инвестиция емес көмек ретінде болады. Мысалы, тігінмен айналысатын адам болса, тігін машинасын алуға қаржы беріледі. Бұл жерде қатып қалған сома жоқ орта есеппен миллион теңгенің айналасында өзім көмектесуге дайынмын. Сол адамға ертеңгі күні бизнесін жасап, оны жыл бойы жарнамасын жасап, бір адам байып жатса, кәсіп бастап жатса, ол адамға неге қолдау білдірмеске?! Осылайша бір жанның кәсіпкер болуына бағыт-бағдар беріп, көмегімізді береміз. Ешқандай үлес алмаймын. Мақсатым пайда табу, PR жасау емес. Керісінше, біздің елде бай мен кедейдің арасы алшақтап жатыр, байлар байып, қарапайым халық, одан сайын қарапайым болып жатыр. Сондықтан қарапайым халыққа көмектескім келеді. Қазірдің өзінде 30-дан астам хат келді. Хаттар dauletten@mail.ru поштасына 10 шілдеге дейін қабылданады.