Жанармайды қымбаттатқандарды жазалай аламыз ба?
Жанармайды қымбаттатқандарды жазалай аламыз ба?
204
оқылды

Бүгінде тұрғындар тұтынатын тауарлар бағасы шарықтап қана қой­май, тіпті қат дүниеге айнала бастады. Со­ның бірі – газ бен жанармайды жүр­гізуші­лер жер-көктен іздеп таба алмай жүр. Бардың өзі Жамбыл облысында тек талонмен құйылып жатыр.

Осыдан бір апта бұрын  Тараз қаласын­дағы автогаз құю бекеттерінің есігі «тарс» жабылды.  Жүргізушілер қай автогаз құю бекетіне барса да, алдарында «газ жоқ» де­ген тақтайша тұрады. Ай-күннің ама­нын­да газ таусылып қалғанын түсінбеген халық ұлардай шулап кетті.

– Негізі, көлікке  газбен жүру тиімді. Алай­да кейінгі кезде баға бұлқынды. Басқа облыстарда жағдай тұрақты болып тұрғанда бізде газдың болмауы көңілге күдік ұялатады. Осыған дейін сұйытылған газ отынының 1 литрі 60-65  теңге болса, бір апта бұрын  100 теңгеге газ таппадық. «Сұйытылған газ отынын тасымалдаумен айналысатын опе­раторлар бағаны көтеру үшін газ тапшылығын әдейі қолдан жасай ма?» деген ой да келеді. Өйткені баға бірден 30 теңгеге қымбаттап отыр. Кешеден бас­тап  автогаз құю бекеттері жұмысын қайта бастады. Бірақ газ литрі 90-95 теңгеден сау­да­ланып жатыр, – дейді Сәкен Қалиұлы есімді жүргізуші.

Тапшылық мәселесі  жүргізушілер көп тұтынатын Аи-92 маркалы жанармайға да қатысты туындап отыр. Қазір  жанар-жа­ғар­май құю бекеттерінде Аи-92 маркалы бен­зин  жұртқа тек талонмен беріледі. Та­раз қала­сының тұрғыны Ақылбек Қалы­беков кейбір жерде оның бір литрі 200 теңгеден саудаланып жатқанын айтады.

– Қазір Аи-92 маркалы бензинді тап­қан адам құяды. Аталған маркалы бензин бірде бар, бірде жоқ. 2 000  теңгеге он литрден артық бермейді.  Sinooil жанармай бекетінде 20 литр беріп жатыр. Соңғы уа­қыт­та осы жанармай құю бекетінен бензин құйып жүрмін. Helios бекетінде де Аи-92 маркалы бензин бар. Қалғандары  тек талонмен босатуда.  Газдың да, Аи-92 мар­калы бензин де қат дүниеге айналып барады. Бұл мәсе­лені жауапты мекемелер тексеріп, бағаны негізсіз өсіріп отырған­дарға шара қолдан­баса, жағдайдың оңала­тын түрі жоқ. Газ бен бен­зиннің қымбат­тауынан қара халық қана жапа шегіп отыр, – дейді қала тұрғыны.

Жүргізушілердің жанайқайын тыңдаға­ннан кейін біз облыс әкімдігі Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шылық басқармасына хабарластық. Бас­қар­маның газбен қамту бөлімінің басшысы Мәулен Қожанов облыста  сұйытылған мұнай газ тапшылығы туындағанын жа­сыр­мады.
– Облыста 169 автогаз құю бекеті бар. Осы бекеттерге  5 333 тонна сұйытылған газ қажет. Бірақ қазір олардың қорында  170 тон­на ғана газ бар. Бағасы 75 теңгеден 90 теңгеге көтерілді. Сұйытылған газ тап­шы­лығының туындауына Түркістан облы­сында орналасқан «ПетроКазахстан Ойл Продак­тс» ЖШС-нің мұнай өңдеу зауы­тына жөндеу жұмыстары жүргізілуі себеп болды. Аталған  зауытта  6 мамырда құрылыс  жұ­мыс­тары басталғандықтан,  біз осы күнге дейін өзімізде бар сұйытылған газды тұты­нып келдік. Ол таусылғаннан кейін тапшы­лық туындады. Негізінен, осы зауыт оң­түстік өңірлерді газбен қамтып отыр. Алай­да  сұйытылған газ отынын таситын опера­торлар  Атырау мен  Ақтаудан  газ жеткізу­леріне  болады.  Бірақ олар шығынын есеп­теп,  көрші Түркістан облысындағы  кәсіпорынның құрылыс жұмыстарының аяқталуын  күтіп жатты. Екі ортада «өңірде газ жоқ» деген дүрбелең туды. Алайда  14 маусымнан бастап зауыт жұмысын қайта бастады. Сондықтан газ тапшылығы біртін­деп жойылып келеді.

Негізі, дизель мен бензин  4-5 жылдан бері  электронды биржаға жіберілді. Яғни,  бұл отындардың  бағасын бақылау да, өңірге қанша тонна жанар-жағармай оты­ны қажет екенін  есептеу де бізге қарамай­тын болды. Осылайша, заман талабымен аталған отын түрлері  бәсекелестік ортаға беріліп кетті.   Нарыққа еркін жіберілген­діктен, оның бір литрі қанша теңгеден саудаланатынын, кө­ле­мі аз немесе мол болып келуін тек нарық­тың өзі ғана рет­тейді, – дейді Мәулен Рахмат­әліұлы.

Бұл сөзді Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық  шаруашылық басқарма­сының басшысы  Құдайберген Қорғанбаев та қуаттап отыр. Оның айтуынша, «Таразда бен­зин тапшы» деген біржақты байлам жасау дұрыс емес екен.

– Бірді-екілі жанар-жағармай құю бекеттерінде бензин таусыла бастаған соң олар жанармайды өз тұтынушыларына тек талонмен босата бастады. Осыны байқаған жүргізушілер дүрбелең туғызды.  Аи-92 маркалы бензин тапшылығы жөнінде жағ­дай екі күннің ішінде реттеледі. Одан кейін қалаған жанармайыңды қалаған мөлшерде құйып ала бересің,  – дейді басқарма бас­шысы.

Иә, мәселенің себебімен емес, сал­дары­мен күресуге етіміз үйренді. Зауытта жөндеу жұмыстары басталғанын біліп тұрып, газ таусылғанын күтіп отырғанымыз  таңғал­дырады. Неге күні бұрын осыған жергілікті билік өкілдері қам жасамады? Егер оператор газды Түркістаннан бөлек, басқа өңірден тасуға қиналса, онда келісімшартты басқа тасымал­даушы компаниямен жасауға бол­май ма? Бұл үшін асқан ақылдың қажеті жоқ шығар. Дәл сондай жанармай тапшы­лығы да байқала бастады ма, дереу шаралар қабылдап, мәселенің алдын алған жөн. Сонда ғана бүгінгідей дүрбелең тумайды. Ал газ бен жанармай тапшылығын пайдаланып бағаны  өсіргендердің бірін қатаң жазаласа, қал­ғандары бірден есін жияры  сөзсіз.
Біздікі сынға таңылған шын. Ал одан байлам жасау – жергілікті биліктің енші­сінде...
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы