Спортшыны атып өлтірген ақтөбелік сотталды

Спортшыны атып өлтірген ақтөбелік сотталды

Бұл туралы Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады.

Сотталушы Серік Сәдуовке қатысты Қылмыстық кодекстің «Атыс қаруын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау және алып жүру», «Адам өлтіруге оқталу», «Бұзақылық ниетпен адам өлтіру» баптары бойынша айып тағылды.

«Сот Серік Сәдуовтің екі оқ-дәрісі бар 16 калибрлі «ИЖ-К» шолақ мылтықты заңсыз иемденгенін, сақтағанын, тасымалдағанын және алып жүргенін анықтады. 2021 жылдың 4 ақпанында Серік Сәдуов шолақмылтықпен жәбірленуші Ж-ны атқан. Ол қашып құтылды, тірі қалды. Сол күні Сәдуов жәбірленуші Х-ның ішіне оқ атып, ол сол жерде қаза тапты. Сәдуовтің кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындысымен, заттай дәлелдемелермен дәлелденді. Прокурор Сәдуовті 22 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сәдуов қылмысты мас күйінде жасаған. Ол жазаны ауырлатады. Жазасын қауіпсіздігі жоғары абақтыда өтейді. Серік Сәдуов 22 жылға бас бостандығынан айырылды» делінген сот хабарламасында.

Сотталушыдан жәбірленушілерге моральдық шығын өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.