Ерлан Саиров Қалжыр ауылдық округіне іссапармен барды
Ерлан Саиров Қалжыр ауылдық округіне іссапармен барды
Сурет: elorda.info
227
оқылды

Nur-Otan партиясының Мәжілістегі Фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Күршім ауданы Қалжыр ауылдық округіне іссапармен барды.

"Келе сала жем-шөп, мал-жан мәселесімен таныстық. Қалжыр жақта жем-шөп жылдағыдан аздау болғанымен, жеткілікті мөлшерде жинап алуға жағдайы бар тәрізді. Қалжырлықтарды, көрші Боран ауылдық округі азаматтарын толғандыратын екі мәселе бар. Бірінші — ерекше су қоймасы болып табылатын Қалжыр өзенінің бойында заңсыз алтын шаю фактілері көбейген. Бұл процесс өзеннің фаунасына кері әсерін тигізеді. Қалжырда балық жоғалып кеткен, өзен мүлдемге лайланған. Бұл проблемамен бөлек айналысамыз. Екінші проблема — шыбын-шіркей, маса. Ауылда масаның эпидемиясы. Масаның көптігі сонша, тек арнайы сетка киіп жүрмесе болмайды. Масаны уландыру ештеңе шешпей отыр. Уландыру процесі жолға қойылған, оқтын-оқтын жұмыс жүйелі түрде жалғасуда. Бірақ, маса азаяр емес. Менің ойымша, бұл проблеманы түбегейлі шешу үшін масаның табиғи ошақтарын тауып, сол ошақтарды жою керек", — деді депутат.
Сондай-ақ, ол кешенді ғылыми зерттеулер қажет екеніне тоқталды.
"Экология, ауылшаруашылық, денсаулық сақтау министрліктері біріге отырып, жұмыс тобын құрып, Қалжыр өңіріне арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастыру өте өзекті! Бұл мәселемен тыңғылықты айналысатын боламыз! Жалпы Марқакөл өңірінен халықтың үдере көшуі тоқтамай тұр. Бұл проблеманың бір себебі, әлеуметтік-экономикалық проблемалармен қатар, (парадокс болса да) осы маса болуы ықтимал", — деп жазды Ерлан Саиров әлеуметтік желідегі парақшасында.