Британиялық thestatszone.com порталының сарапшысы Эван Лавендер UFC-дің барлық салмақтағы файтерінің рейтингін жасады, – деп хабарлайды Vesti.kz.
Өзінің жеке сайтында сарапшы спортшыларды бағалаудың өзіндік жүйесімен таныстырады.
Қазақстандықтар арасында ең жоғарғы – бесінші орынға, маман жартылай орта салмақтағы Шавкат Рахмоновты қойыпты. Ол промоушендегі екі айқасында да жеңіске жетті.
Жеңіл салмақтағы жетінші орында ресейлік қазақ Дамир Исмағұлов тұр. Спортшы төрт жекпе-жегінде де қарсыластарынан үстем болды.
Ал UFC-де бірінші жеңісіне жеткен Жалғас Жұмағұлов 18-орында. Ол америкалық Джером Ривейраны жеңгеннен кейін сегіз саты жоғарылады. Жалғастың пассивінде екі жеңіліс бар.
UFC-дегі бірінші қазақстандық Мария Агапова октагонға 2020 жылы америкалық Шана Добсоннан техникалық нокаутпен жеңілгелі шықпады. Бірінші айқасында жеңіске жеткен. Британиялық маман оны 21-орынға қойыпты.
Ал Сергей Морозов барлығынан төмен - 39-шы тұр. Ол бірінші кездесуінде Умар Нурмагомедовтен жеңілген, ал 17 шілдеде ол германиялық Халид Тахомен екінші жекпе-жегін өткізеді.