Жалақылары өскен сайын ауыл мұғалім­дерінің «орны» қымбаттай бастады
Жалақылары өскен сайын ауыл мұғалім­дерінің «орны» қымбаттай бастады
©А.Ахметқазы
654
оқылды

«Бармақ басты, көз қыс­тыға» баратын мектеп дирек­торларының жолын кесу үшін жаңа ереже әзірленіп жатыр. Ендігі жерде педагогтерді директордың өзі емес, іріктеу комиссиясы қабылдайды. Жалақылары өскен сайын ауыл мұғалім­дерінің «орны» қымбаттай бастады деген пікірлер де бар. Сондықтан жаңа ереже мектептегі жем­қорлыққа тұсау сала ала ма?

Жасыратыны жоқ, соңғы жыл­дары білім бесігіне теңейтін мек­теп төңірегінде түрлі қаңқу сөздер жиі сөз болады. Білікті кадрларды іріктеп алуы тиіс мектеп ди­рек­торларының креслосы да мың­даған долларға бағаланатыны туралы алып-қашпа әңгімелер бар. Жақында ғана «Дана» мек­тебі­нің бас директоры Рената Төле­гено­ва әлеуметтік желідегі парақ­шасында директорлық 15 мыңнан 25 мың долларға дейін баға­ланаты­нын, ал қарапайым мұғалім болу үшін 700 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін қаражат қажет болатынын айтып жазба қалдырған. Айтуын­ша, бастауыш сынып мұғалімі лауазымына жұмысқа орналасу үшін 200-300 мың теңге сұрайды. Дене шынықтыру пәні мұғалімінің жұмысқа кіру билеті 150 мыңның арғы жағында. Алайда өз маман­ды­ғы бойынша жұмысқа қабыл­дану үшін алдын ала сыйақы төле­ген­дер әділетсіздікке қарсы тұрып, бас­шылықтың үстінен арыз жазуға арланады екен. Өйткені арызқой жұмысшының аты-жөні жұмыс іздеп барғанша келесі директорға алдын ала айтылып қояды деп қорқады. Кейде батылы жеткеннің өзінде пара алғанын дәлелдеуге айғақ таба алмайды. «Мұғалімдер арасында сауал­нама жүргізіп көр­генде көпшілігінің мем­лекеттік мек­тептер мен құрылымдарда жұ­мыс тәжірибесі бола тұра осындай заңсыздықпен бетпе-бет келгеніне куә болдық. Сұрақ-жауапқа қа­тыс­­қан 50 педа­гогтің бесеуі ғана оң жауап берді. Қазір барлық мем­лекеттік мектепте, соның ішін­де ауылдық жерлерде жұмысқа тұру ақылы. Тіпті, жалақылары өскен сайын ауыл мұғалімдерінің орны қымбаттай бастады», – дейді Рената Төлегенова.

Парақор мектеп басшылары көбейді

Білім ошағы болған соң «қаң­қу» деп жұмсартып жатқанымыз. Әйтпесе, соңғы екі жылдың өзінде мектеп басшылығының үстінен қылмыстық іс жиі қозғалатын болды. Бес жыл бұрын Алматы облысының Кеген ауылында ауыл мектебінің директоры жұмысқа орналасуға келген мұғалімнен 100 мың теңге пара алған кезде қолына кісен салынды. Ал Іле ауданында мектеп директоры сотталған адам­ды жұмыс орнында қалдыру үшін пара алған. Былтыр Жамбыл облысындағы «Шу ауданы әкім­дігінің білім беру бөлімінің өнер мектебі» директоры жұ­мысқа ор­на­ластырғаны үшін 150 мың теңге сомасында пара алғаны дәлел­де­ніп, үш жылға темір торға қамалды. Түркістан облысы Мақтаарал ау­дандық мектеп директоры тех­ника­лық қызметкер ретінде жұ­мыс­қа орналастыру үшін ауылда­сынан 150 мың теңге ақша сұраған. Айта берсең, парақор мектеп бас­­­­­­шы­­ларының тізімін бүгін тауы­сып біту мүмкін емес. Білім сапасын емес, қалтасы­ның қамын көбірек күйттеп жүр­ген осындай мектеп директорлары­ның санын қысқарту үшін Білім және ғылым министрлігі білек сыбана кіріскен. «Осындай олқы­лықтың орнын толтыру үшін заң­намаға өзгеріс енгізуді қолға ал­дық. Бұрын әр мектептің басшысы мұғалімді жұмысқа қабылдағанда дербес шешім қабылдайтын. Өзі шешім қабылдау үлкен тәуекел болып саналатын. Сондықтан осы тәуекелдердің алдын алу үшін заң­намаға өзгеріс енгіздік. Жаңа ере­жеге сәйкес, енді бос орын туралы жарнама беріледі. Хабарламада жалақысы мен жұмыс талаптары айтылады. Содан кейін үміткерлер құжаттарын тапсырады. Мұның бәрін электронды форматқа ауыс­тыруымыз керек. Мұғалімнің білік­­тілігіне, құзыреттілігіне, кәсі­билігіне сәйкес комиссия тиісті шешімді ашық әрі жария түрде қабылдап, мектепке ең қа­білетті әрі білімді мұғалімдер келуі керек. Осы механизм білім туралы заңға норма ретінде енгізілді. Енді біз қазір осы норманы іске асыру үшін министрліктің бұйрығын дайын­дап жатырмыз», – деді Асхат Ай­ма­ғамбетов.

Бұдан бөлек, қазіргі жүйенің сыбайлас жемқорлық тәуекел­дерінің пайда болу мүм­кіндігіне жол беретінін және бұл оқыту сапасына теріс әсер ететінін айтқан білім басшысы мемле­кеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау инсти­тутына қатысты да өзгеріс енетінін айтты. Бұрын білім беру жүйесінде қолданылмаған бұл өзгеріс талай­дан бері креслосын ауыстырмаған мектеп директорларына тықыр таянғанын білдіреді.

Қазір мемле­кеттік білім беру ұйымдарының көптеген басшыларында мерзімсіз еңбек шарттары бар. Көпжылдық еңбектің тиімділігінен гөрі, білім сапасының әлсіреуіне әкелетін тұстары көп. Бұл өз кезегінде басқа қызметкерлердің мансап бас­пал­дағы­мен жылжуына деген ынта-жігерін басып, білім берудегі бәсе­ке­­лестіктің орнауына мүм­кіндік бермей отыр.

Мұғалімдердің ішінен кадр даярлау керек

Педагог-ғалым Нұрша Ораза­хы­нова ережеге енетін өзгерістер жайлы өз пікірін білдіріп, бүгінгі мектеп басшылығына біраз сынын айтты. «Бұрын мектеп директоры болу үшін бірнеше сатыдан өтетін. Өйткені білім жүйесін басқаруға қажетті дүниелердің барлығын білу қажет. Қазір мектеп дирек­торларын тағайындауда басқару қабілетіне біржақты баға беру үрдіс алып кетті. Басқару жүйесінің сапасыз болуының себебі осыдан. Екінші­ден, мектеп директоры сабақ бермейді. Өзі білім бермеген соң мектептегі оқу сапасын ол қай­­дан біледі? Директорлар ша­руа­шылық мәселесімен айна­лы­сып кеткен. Сосын директордың бір жерде ұзақ отыруы тиімсіз. Оларды үш жылда бір ауыстырып отыру керек. Қазіргі дирек­тор­лардың интеллектісі жоға­ры деп айта алмаймын. Көбісі мұғалімді «ашса алақанында, жұмса жұды­рығында» ұстағысы келеді. Тіпті, кейде мұғалімді ата-аналар­дың табанының астына салып беруге дайын. Ертең ата-аналар оны креслосынан айырып жібереді деп қорқады. Себебі о баста директор­лыққа білім сапасын арттыру үшін емес, қалтасын қалыңдату үшін келді. Директорларды бір мектеп­тен екінші мектепке ауыстыру үрдісін құптамаймын. Керісінше, сол мектепте көпжылдық тә­жірибесі бар, білікті кадрлардан ірік­теп алыну керек. Білімі жоғары маманды ұжымның өзі сайласа деп санаймын. «Балық басынан шіри­ді» демекші, мектеп басшылығы былыққа батса, ол мектепте білім болмайды. Білім ошағында бере­кет болмайды. Бұрын Алматыда 140-мектепте Сәуле Өскенбаева деген директор болған. Мықты­лығы сол, қол астындағы мұғалім­дердің ішінен кадр дайын­дайды. Ал қазір керісінше өзінен жақсы мұғалімдер шығып келе жатса, етегінен тартып, төбе­сінен басып көтерілуге мүмкіндік бермейміз. Өз орнын басатындай, ұжымының біліктілігін арттыруға жаны ашитын адамды тәрбиелей білу кемшін. Қазір Алаш зиялы­ларының дүниесін зерттеп жүрмін. Меніңше, білімге жауаптылар шетелдің қаңсығына таңсық бол­ғанша, алаштықтардың айтқаны­мен жүрсе адаспайды. Олардың айтқан ақылымен жүрсек, білім сапасының да көш ілгерілеуіне септігі тиер еді», – дейді Нұрша Алжанбайқызы.

Шындығында да, шәкірттерді білім нәрімен сусындатуы тиіс ұстаздарды бойындағы қабілетіне қарап емес, қалтасының қалың­дығына қарап қабылдайтын жерде қандай білім болмақ? Білім сала­сында бірнеше жылдық тәжірибесі бар жоғары білікті педагогтің сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Ми­нистр­лік жоспарлап отырған жаңа ереже бойынша, мектеп дирек­торларын үш жыл сайын ауыстыру керек.

Үш жылдық еңбек өтілі мектеп жұмысын жандандыруда аздық етеді дейтін кейбір маман­дардың айтқандары да заңдылық. Сондықтан Нұрша Оразахынова айтқандай, болашақ директорды алыстан ат арытпай, мектеп ас­ханасын егжей-тегжейлі білетін ұжым­ның өз арасынан іріктеу оңтайлы болмақ. Бұл өз кезегінде іріктеу арқылы келген маман­дар­дың білімі мен біліктілігі жоғары басшымен жұмыс істеуіне де жеңіл болар еді.

Жадыра МҮСІЛІМ