Маңғыстауда вакцина алушылар саны артты
Маңғыстауда вакцина алушылар саны артты
333
оқылды

Маңғыстау облысында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Өңірде вакцинациялау науқаны басталған сәттен бастап екпе алғандар саны 60 мыңнан асса, соңғы екі аптада 20 мыңға жуық адам ерікті түрде екпе салдырған. Осылайша, облыста коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандар саны төрт есе артты.

Мәселен, Ақтау қалалық №1 емхана­сында бастапқыда бір ғана екпе егу кабинеті болатын, бүгінде үш егу пункті жұмыс істеп тұр. Алда олардың санын көбейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ екпе алу қарқынының артқаны «Нейрон» емханасында да байқалады. Өңірде ұжым, мекеме қызметкерлерімен бірге екпе алатындардың қатары көбейген.

Со­ны­мен қатар тұрғындар халық ден­саулығы мен қоғам алдындағы жауап­кершілікті сезініп, халықты вакцина алуға шақырып, бейнеүндеу де жолдап жатыр. Оның ішінде мектеп, аурухана, балабақша, кітапхана, дәмхана, ком­муналдық қызмет жұмыскерлері бар.

Барлығы облысқа 221 250 доза вакцина жеткізілген, оның ішінде: ресейлік Sputnik V: I компонент – 96 150 доза, II компонент – 66 600 доза; QazVac – 7 000 доза; Hayat-Vax – 31 500 доза, CoronaVac – 20 000. Қазір облыс бойынша бірінші компонентпен 78 135 адам, екінші компонентімен 40 631 адам егілді. Облыста коронавирусқа қарсы екпе егуге арналған 38 екпе кабинеті, 14 жылжымалы бригада жұмыс істейді. Атап айтқанда, Ақтау қаласында – 17, Жаңаөзен шаһарында – 6, Бейнеу ауданында – 4, Қарақия ауданында – 2, Маңғыстау ауданында – 1, Мұнайлы ауданында – 3, Түпқараған ауданында 5 екпе егу кабинеті жасақталған. Облыс бойынша вакциналарды сақтайтын 25 мұздатқыш, 15 термоконтейнер бар. Маңғыстауда коронавирусқа қарсы екпе алу жұмыстары ақпанда басталды. Екпе жұмыстарын жүргізуге 547 меди­цина қызметкері дайындалып, аттес­тация­дан өтті. Қазір алғашқы меди­цина­лық-санитарлық көмек мекеме­лерінде 95 мобильді, 53 жедел жәрдем бригадасы бар. Облыстағы жедел жәрдем автопаркі толықтай жаңарып, медицина­лық ұйымдар қажетті жабдықтармен толық көлемде қамтылды. Денсаулық сақтау нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қазір тұрғындарға 630 инфекциялық және 60 реанимациялық төсек-орындық 10 стационар қызмет көрсетіп жатыр. Бүгінде облыс «қызыл аймақта». Осыған сәйкес, өңірде карантин талабы күшейтіліп, қызмет көрсету орындарына мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Облыста пандемия бастал­ғалы бері КВИ індетін жұқтырғандар саны 9 693 адамға жетті. Ал биыл қаңтар айынан бүгінге дейін 5 992 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Бүгінде 7 834 адам аурудан емделіп шықты. Өкінішке қарай, вирустан көз жұмғандар саны – 146 адам, оның 69-ы жыл басынан бері қайтыс болғандар. Соңғы бір тәулікте КВИ жұқтырғандар саны 141 адамға жетіп, төрт адам осы індеттен қайтыс болды.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы