Міндетті екпе: қызметкер жұмыстан шығарылмайды
Міндетті екпе: қызметкер жұмыстан шығарылмайды
418
оқылды

Екпені міндеттеген дұрыс па? Әуелде екпе салдыру – әр адамның өз еркі деген. Көп ұзамай, «екпе алмағандар жұмыстан шеттетіледі» деген пікірлер айтыла бастады. Қазір көпшіліктің пікірі екіге жарыл­ған: бірі – екпені қолдайтындар, екіншісі – антиваксерлердің сөзіне еретіндер. Жалпы, екпе алмағандар жұмыстан шеттетіледі деген ақпарат қайдан шықты? Бұл шындыққа жанаса ма?

«Денсаулық туралы» кодекстің 77-бабы бойынша ерікті вакцинациялаудан бас тартқан жағдайда жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан шығаруға құқылы ма? Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жауап берді. Министрдің айтуынша, Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері тиісті қау­лылар қабылдайды. Бас мемлекеттік сани­тар дәрігердің №67 қаулысында көрсетілген ұйымдардың/объектілердің COVID-19-ға қарсы екпе алмаған (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-мен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) қызметкерлер үшін күндізгі режимде жұмысқа жіберілуіне шектеу енгізілген. Аталған қаулының 6-1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ұйымдардың екпе алмаған қызметкерлері 7 күнде бір рет ПТР-тест тапсырып тұруға міндеттелген. Осыған байланысты жұмыс беруші COVID-19-ға қарсы вакцинациялауды алмаған жұмыскерге қашықтан жұмыс нысанына көшуді ұсынуға (мұндай мүмкіндік болған жағдайда) құқылы. Әрі жұмысты қашықтан орындау мүмкіндігі болмаған жағдайда және қызметкер жұмысты күндізгі режимде жүзеге асыруға тілек білдірсе, қызметкер өз есебінен міндетті ПТР-тестілеуден (7 күнде 1 рет) өтуі қажет. Сонымен бірге тараптардың келісімі бойынша міндетті ПТР-тестілеу жұмыс бе­рушінің қаражаты есебінен жүзеге асы­рылуы мүмкін. «Осылайша, жұмыс беруші вак­ци­нациядан бас тартуға байла­нысты қызмет­керді жұмыстан шығаруға құқылы емес. Со­нымен қатар қызметкерлер өздерінің ең­­бек құқықтарын қорғау үшін жұмыс беру­ші­нің орналасқан жері бойынша тиісті әкім­шілік-аумақтық бірліктің еңбек инспек­ция­сы жөніндегі басқармасына өтініш жа­сауға құқылы» деген еді ми­нистрлік. Бұл пікірді Денсаулық сақтау министр­лігінің ресми өкілі Ержан Байтанаев та растады. Ресми өкілге «жұмыс беруші қызметкерін жұмыстан шығара ала ма?» деген сауал тастаған едік. Ол: «Кез келген жұмыс беруші қызметкерін екпе алмағаны үшін жұмыстан шығара алмайды. Тек қашықтан жұмыс істеуіне, олай болмаған жағдайда жұмасына бір рет ПТР тапсыруға міндеттей алады», – дейді. Міндетті екпе демекші, бас санитар Ер­лан Қиясов күні кеше жаңа қаулыға қол қойды. Жаңа қаулы бойынша екпе алмаған қызметкерге жұмысқа келуге шектеу бар. Бұл шектеу тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, соңғы үш айда коро­навируспен ауырған қызметкерлерге қатысты емес. Жаңа қаулы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары бөлімшелері, екінші дең­гейлі банктер, қаржы нарығының объек­тілері, сақтандыру компаниялары, жылжы­майтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жар­на­ма агенттіктері, айырбастау пункттері, сұ­лу­лық салондары, шаштараз, химиялық таза­лау орындары, базарлар, сауда үйлері, сау­да-ойын сауық орталықтары мен шағын мар­кеттер, супермаркеттер мен гипер­мар­кет­терге және тағы басқа ұйымдарға шек­теу бар. Бұл талапты орындамаған қызмет­кер­лер­ді жұмыс беруші жұмыстан босатуға құ­қылы. Жеке компанияда бухгалтер болып қызмет істейтін Жанерке Ержанқызы вак­ци­на алуға қорқатынын айтады. «Оған не се­­беп?» десек, ол «вакцина туралы түрлі қа­уесет көп. Қайсысы тиімді екенін біл­мейміз. Бұған жауапты мамандар дұрыс насихат жұ­мысын жүргізбейтінін» айтады. «Егер вак­цина менің денсаулығыма зиянын тигізсе, қайтемін?! Сондықтан әзірге жұ­мысты қа­шықтан істеуге мәжбүрмін», – дейді. Ал Жас­ұлан Ерланұлы «апта сайын ПТР тап­сы­руға қалтам көтермейді. Ал жұмыссыз қал­сам, бала-шағамды кім асырайды?..» деп отыр. Өткен аптада Қарағандыда бірқатар жұмыс орнының басшылығы қызмет­кер­леріне «екпе алмағандар жұмыс орындарын босатады» деген талап қойыпты. Жұмы­сынан айырылып қаламыз деп үрейленген халық қалалық емханаларға ағылған көрінеді. Емханаға ағылғандардың көбі екпе салдырмаса, үш күн сайын 9 000 теңгеден ПТР-тест тапсыруға міндеттелгенін айтады. Сынаманы жиі тапсыра алмайтындары амалы жоғынан екпе алуға келген. Қатаң талаптан кейін Қарағандыда екпе алушы­лардың саны күрт өскен. Тіпті, емханаларда сағаттап кезек күтуге мәжбүр болған. Кезек көбейген соң Денсаулық сақтау басқармасы басшылары қосымша екпе салатын емханалар ашуға тура келгенін айтып отыр. «Қазір вакцина алатындардың саны артып отыр. Сондықтан қосымша егу пункттерін ашуды қарастырып жатырмыз. Ертеңнен бастап қосымша кабинеттерде қабылдаймыз. Облысымызда екпе тапшы­лығы байқалмайды», – дейді олар. Бізде бір мәселе бар: ол – вакцинаның дұрыс насихатталмауы. Жұртшылыққа ақпарат дұрыс жетіп жатқан жоқ. Екіншіден, жұртшылықтың дені «халыққа екпе алуды міндеттеген дұрыс емес. Бұл шара ерікті түрде болуы керек. Өз денсаулығымыз үшін өзіміз жауаптымыз» деп отыр. Алайда соңғы деректерге сүйенсек, індет жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Екпе алу үшін де қатаң талап керек секілді. Ол – қауіпті індетті шектеудің жо­лы. Әлем вакцинадан кейін ғана коронавирусты ауыздықтай аламыз деп отыр. Қалыпты өмірге көшу үшін де екпе қажет екенін ескерген жөн.

Айым БЕКТҰР