Маңғыстауда мал азығы маңызды мәселеге айналды
Маңғыстауда мал азығы маңызды мәселеге айналды
325
оқылды

Биыл Маңғыстау облысында құрғақшылық салда­рынан мал азығы күн тәртібінен түспей тұр. Осы мәселе көптен бері талқыға түсіп, тіпті шаруалар облыста қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялануын сұраған болатын.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Президент шаруаларды жемшөппен қамтамасыз етуді тағы бір алаңдатып отырған мәселе ретінде атап өтті. Президенттің айтуынша, ауа райының қолай­сыздығынан және болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен ахуал ушығып кеткен. – Әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің та­рапынан дұрыс шешім қабылдан­баған. Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фер­мерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаң­шылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ең алды­мен, осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және ба­тыл шешімдер қабылдауы қажет еді. Бірақ, министрлік бұл жұмыс­ты тиімді ұйымдастыра алған жоқ. Сондықтан осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін, – деді Президент. Жиын барысында Үкімет пен әкімдерге «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл түрде кешенді шаралар әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.

Іле-шала Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы қызметіне тағайындалған Ербол Қарашөкеев жақында аймақтағы жағдаймен жіті танысу үшін об­лыс­қа екі күндік жұмыс сапарымен келді. Министрдің м.а бірқатар ауданның мал өсірушілерімен, шаруа қожалық басшыларымен және кәсіпкерлермен кездесті. Жергілікті деңгейде азықпен қам­тамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.

Осы орайда Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов министр м.а Ербол Қарашөкеевке ауыл ша­руа­шылығын дамытуға қатысты бір­қатар ұсыныс жолдады. Бірін­ші­ден, Маңғыстау өңірінде төрт түлікті өсіруге қатысты кешенді ғылыми-сараптау жұмысын жүр­гізіп беруді сұрады. Екіншіден, жемшөп тасымалының шығынын жабу үшін субсидия бөлуді қарас­тыруды айтты. Өйткені қазір елі­міздің өзге облыстарында бір орам шөптің бағасы бес мың теңге, бұл Маңғыстауға жеткізілгенше жол шығыны қосылып, бір орам шөп­тің бағасы 15 мың теңге болады. Әкім бұл жағдай шаруалардың қалтасына үлкен салмақ болып отырғанын тілге тиек етті. Соны­мен қатар аймақ басшысы ми­нистрліктен шаруалардың құдық қазуға кеткен шығынының 80 па­йызын субсидиялау қажетін айтты.

Өзге өңірлермен келісім жасалды

Облыста қалыптасқан қиын жағдайды шешу үшін бірқатар шаруалар атқарылып жатыр. Қазір мал азығы үшін қолжетімді бағада жемшөп жеткізу үшін Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыс­та­рымен жұмыстар жүргізілді. «Өңі­рімізге жақыны Ақтөбе облы­сы болғандықтан жергілікті дең­гейде, 1-4 маусым күні Маңғыстау облысынан арнайы жұмыс тобы құрылып, жемшөп, шабындық және жайылым мәселесін шешу барысында Ақтөбе облысына ісса­пармен барып екі облыс арасында меморандумға қол қойылып, екі облыс аудандары арасында келі­сімдер жүргізілді», – деді облыстың Ауыл шаруашылығы басқарма­сының басшысы Серік Қалдығұл. Мысалы, Ақтөбе облысының Бай­ғанин, Алға, Темір және Қобда аудандарынан 100 мың га жуық жайылым жерлері бекітіліп, Маң­ғыстау облысының шаруаларына уақытша шабындыққа берілетін болды. Қазір маңғыстаулық кә­сіпкерлер Ақтөбе, Атырау облыс­тарында шөп шабу жұмыстарына кірісіп кетті. Атқарылған жұмыс­тардың арқасында өңірге Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облыста­рынан шөп жеткізілді. Сонымен қатар қалыптасқан құрғақшылық жағдайына байла­нысты шамамен 25 шаруашылық яғни 2 259 жылқы, 1 009 ірі қара мал, 720 түйе, 3 170 қойымен өзге облыс аумағына жайылымға көші­ріліп жатыр. Оның ішінде Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан об­лыс­тары бар. Ал Бейнеу ауданының шаруашылықтары Байғанин ауда­нына 3 170 қой, 330 сиыр, 1 470 жылқы, 520 бас түйе басымен кө­шіп, малды жайылымға жіберді. Қазір аймақта бір түк шөп бағасы 900-1 400 теңге, бір орам шөп 12 000-18 000 теңге, бір қап жем (ке­бек) 1 600-1 800 теңге аралы­ғын­да сатылып жатыр. Сондай-ақ шаруашылықтарды нарық бағасы­нан төмендеу бағада жемшөппен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 204 млн теңге қаражат қарастырылған. Ал Үкімет резервінен ауыл жануар­ларының қыстауы үшін азық құнын арзандатуға 1,9 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы отбасылық ша­руашылықтарға, шаруа қожалық­тары мен жеке-қосалқы шаруа­шылықтарға беріледі. Қаржы түскен бойда атқарушы орган та­рапынан үлестіріледі. Сонымен қатар өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте елден азық шы­ғаруға тыйым салу бойынша ша­ралар қабылданатыны айтылды. Жемшөп дайындау үшін арзанда­тылған ЖЖМ көлемдерін қайта бөлу мәселесі де қосымша қарас­тырылып жатыр. Мал шаруашы­лығын қолдау үшін өңірде фер­мер­лердің кредиттер бойынша төлем­дерін ұзарту мәселесі де назардан тыс қалмайды. Әкімдікпен бір­лесіп жемшөп өндірісін дамыту және жайылымдарды жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабыл­дайтын боламыз. Мұнда барлық иесіз жатқан құдықтар мен ұңғы­маларды түгендеу, су бөгеттерін салу және ғалымдармен бірлесе отырып құрғақ дақылдарды өсіру қажет», – деп атап өтті Ауыл ша­руа­шылығы министрінің м. а Ер­бол Қарашөкеев. Сапар қорытын­дысы бойынша ұсыныс, тілектер Үкімет деңгейіне қарауға шыға­рылмақ.

Кәсіпкерлер де көмекке келді

Аймақта жыл басынан бері он шөп шабушы бригада 424 тон­надай шөп шапты. Өңірде қа­лыптасқан жағдайға қарамастан Маңғыстау ауданында жергілікті кәсіпкерлер де шөп шауып, ауыл-аймақтағы ша­руаларды шөппен қамтуды қолға алды. Мысалы, Ақшымырау ауы­лынан 120 ша­қырым қашық­тықта орналасқан Жұмыртқалы жерінен шөп шауып жатқан екі бригада жарты айда 43 тонна шөп жинаған. Былтыр­дан қалған қамба шөпті шауып, ауылға тасып жатқан жер­гілікті кәсіпкерлер Нұржаубай Нұр­беков пен ағайынды Мұста­финдер әкімдікпен келісім аясын­да шөп бағасын 700 теңгеден асыр­май отыр. Олар әзірге шөпті Ақ­шымырау ауылына тасып жатыр, алдағы уақытта іргелес Қызан ауы­­лына да жеткізбек. Ауыл тұр­ғыны Орал Шалабаев кәсіпкер­лердің бұл әрекеті мал баққан аға­йынға үлкен көмек дейді. Жал­пы, Маңғыстау ауданы бойынша 14 кәсіпкерге шөп шабу үшін жер берілген, қазір оның бесеуі жұ­мыстарын бастап кетті. «Баға 700-900 теңге аралығында бо­лады», – дейді кәсіпкерлер. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, еріктілер де аймақтағы шаруаларға көмегін көрсетіп жатыр. Түркістандық Құрмет Талапқазы бастаған еріктілердің көмегі көпке үлгі болмақ. Ол күні кеше қуаң­шы­лықтан зардап шек­кен ағайынға арнап дайындаған 10 вагон шөпті аймаққа арнайы әкеліп, жеткізіп берді. Жергілікті дең­гейде және Үкімет тарапынан көр­сетіліп жатқан көмек шаруа­лар­ға дер кезінде жетіп, мәселе оң шешімін тапса игі.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,Маңғыстау облысы