Атырау ауруханасында тағы да шу шықты. Бұл жолы ауруханада емделуші елді әбігерге салды.
Ауруханадан тікелей репортаж жасаған емделуші жұрттың зәресін алды. «Вакцина, короновариус – бәрі өтірік. Сырқатымның дерегін оқысам, диагнозым «ожирение» екен. Толықсып, кеудемді қысып кеткен... Бәрі қашып кетті. Анам мен жолдасым келіп, бәрі өтірік екенін анықтап берді. Мынадай аппаратқа байлап қойды. Осы аппарат болмаса өліп қаласын деп байлап қойды. Туыстарыңызды алып кетіңіздер. Сенбеңіздер!» деген сыңайлы сөздер айтып әлеуметтік желіге жүктеген.
https://youtu.be/hQHzGo0ecF0
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы: «Атырауда модульді жұқпалы аурулар ауруханасында емделуші Идрисова К.А әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратуда. Орын алған жағдаймен қалалық прокуратура және барлық жетекшілік ететін жауапты қызметтерге хабардар етілді. Емделуші Идрисова К.А-ның анасы ішке басып кіріп, дәрігерлердің жұмысына кедергі келтіруде. Өзге емделушілердің мазасын алып, шу шығаруда. Аурухана дәрігерлері анасына емдік шаралары қабылданып жатқанын айтса да құлақ аспай, жұмыстарына кедергі келтіруде. Сонымен қатар ҚР Бас санитариялық дәрігерінің бұйрығын бұзып, аурухана ішін видеоға түсірген. Осыған байланысты жалған ақпарат таратып, оны жария еткені үшін №2 Атырау облыстық ауруханасының әкімшілігі істі сотқа беруге дайын» – деп мәлімдеме жасады.
Біраздан соң №2 Атырау облыстық ауруханасының әкімшілігі ауруханада шу шығарған емделуші үйіне жіберілгені туралы ақпарат таратты.
Ақпаратта «19 шілде күні әлеуметтік желіде шу шығарып, жалған ақпарат таратқан емделуші Идрисова К.А қолхатпен үйіне жіберілді. Емделушінің анасы және күйеуі қолхат жазып, екі жақты заңды куәгерлердің қатысуымен үйіне жіберілді. Махамбет ауданы тұрғынының денсаулығы учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады» – делінген.
Сайып келгенде науқасқа келушілер тұрмақ, тілшілер қауымы кіре алмайтын ауруханаға науқастың қалай кіргені де белгісіз. Ебін тапқандар расымен де ойлағанына жетпей қоймайтын секілді.