Себебі аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдігіне үміткерлердің сайлаушылармен тікелей өзара қарым-қатынас жасауға жол ашатын үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатқаны белгілі.
Демократиялық мемлекеттің белгісі мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға еркін дауыс беру арқылы қатысу мүмкіндігі азаматтардың құқығы ретінде анықталады, бірақ міндетті емес. Дегенмен, әлемдік сайлау жүйесінде азаматтық борыш ұстанымына сәйкес міндетті дауыс беру тұжырымдамасы бар, яғни кейбір елдердің Конституциясы мен сайлау заңдарында сайлауда дауыс беру міндетті болып табылады. Саяси тәжірибеге жүгінсек, 1892 жылы тиісті заңнаманы бірінші болып енгізген ел Бельгия болатын. Кейінірек Аргентина (1914) және Австралия (1924) осы бағытты ұстанды. Кейбір елдер мысалы, Венесуэла мен Нидерланды міндетті дауыс беруді енгізіп, кейін бас тартты. Бүгінгі таңда сайлауда міндетті дауыс беру әлемнің тек 23 мемлекетінде заңды түрде бекітілген. Жалпы міндетті дауыс берудің жақтаушылары неғұрлым сайлауға адамдар көп қатысса, билік соғұрлым легитимді болады деп сенеді, міндетті дауыс беру азаматтарды тәртіпке шақырып, жауапкершілік сезімін арттырып, ең бастысы, абсентеизмді болдырмайды деп санайды. Абсентеизм (лат. absens, absentis қатыспаушы) сайлаушылардың сайлау кезінде саналы түрде дауыс беруге қатыспауын айтамыз. Билік етіп отырған басқару түріне, саяси тәртіпке енжар наразылығы, өзінің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруда селқостық танытуы, саяси өмірге «менің ісім емес», «менің даусымнан ештеңе өзгермейді» деп немқұрайлықпен қарауы. Біздің елімізде де абсентеизмді адамның еркін таңдау бостандығы деп қате түсінетіндер баршылық. Алдымен сайлауға бармаймыз, содан кейін билікке наразылық білдіреміз, яғни Ұлыбритания көшбасшысы Уинстон Черчилль айтқандай: «Нашар үкіметті дауыс беруге бармайтын жақсы адамдар таңдайды». Міне, осы абсентеизммен күресу үшін кейбір елдер міндетті дауыс беруді заңмен бекітіп, сайлауға қатыспаса айыппұл салу қарастырылған. Сол мемлекеттердің біразына тоқталып өтсем;- Грекия Конституциясының 51-бабында: «Дауыс беру құқығын жүзеге асыру міндетті болып табылады». Сайлауға келмеген сайлаушылар айыппұлмен жазаланады және 1 айдан 12 айға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ бас бостандығынан айыру ешқашан іс жүзінде қолданылмаған. 2000 жылға дейін Грекияда әкімшілік санкциялар қолданылды, төлқұжат, жүргізуші куәлігі немесе жұмысқа рұқсат алу мүмкіндігінен айырылу.
- Бельгия Конституциясының 62-бабы бекітеді: «Дауыс беру міндетті және құпия». Бірінші рет сайлауға себепсіз келмеудің жазалау айыппұлы 50 еуро және қайта болса айыппұл мөлшері 125 еуроға дейін көбейтіледі. Егер төртінші рет қайталанса азамат 15 жыл арасында 10 жылға азаматтық құқықтардан (сайлау құқығынан және мемлекеттік қызмет орналасу лауазымынан) айырылады.
- Люксембург Конституциясы сайлау құқығын бекітеді, заңға сәйкес сайлауға қатысу елдің барлық 18-ден 75 жасқа дейінгі азаматтары үшін міндетті болып табылады. 75 жастан асқан немесе шетелде тұратындар азаматтар пошта арқылы дауыс бере алады. Сайлауға қатыспаған азаматтарға 100-250 еуроға дейін айыппұл салынады.
- Пәкістанда сайлауға келмеген жағдайда ең жеңіл түрі 60 доллар көлемінде айыппұл салынады, ал ең ауыры 5 жылға дейін еңбекпен өтеу болып табылады.
- Аргентина Конституциясының 37-бабында: «Сайлау құқығы жалпыға бірдей, тең, міндетті болып табылады және жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады». Сайлау кодексінің 125-бабы дауыс беруге қатысудан бас тартқаны үшін 50-500 дейін аргентиналық песо (дауыс беруден бас тартқан сайлаушы 60 күн ішінде өзін ақтайтын құжат әкеп өткізбесе) айыппұл қарастырылған. Айыппұлдан басқа, құқық бұзушы сайлау күнінен бастап 3 жыл ішінде ешқандай мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Бір жыл ішінде айыппұл төлемеген құқық бұзушы федералды, провинциялық немесе муниципалдық мекемелер өтініш беру құқығынан айырылады.
Меруерт КЕНЖЕБАЙҚЫЗЫ, саясаттанушы