Бұл сайлауда таңдау, бәсеке, балама бар – Расул Жұмалы
Бұл сайлауда таңдау, бәсеке, балама бар – Расул Жұмалы
382
оқылды

Саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Расул Жұмалының байламынша, Елбасы кезінде қолға алынған жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту ісінің жалғасы саналатын, Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауылдық округтердің әкімдерін сайлау – Қазақстанның демократиялық даму жолында тоқтап қалмай, ілгері басқанын білдіреді.

– Расул Берекетұлы, бүгін тарихи оқиға болуда. Еліміздегі біраз ауылда әкім сайлау өтіп жатыр. Еліміздің жаңа тарихында тұңғыш рет ауыл тұрғындары өз әкімін тікелей өздері сайлап алмақ. Жалпы, бұл шара халыққа не бермек, мән-маңызы неде? – Әкімдерді сайлау – халықтық демократияны нығайту бағытындағы тың қадам. Сонымен бірге бұл жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру тұрғысындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастаманың өмірге жолдама алғанының нақты көрінісі. Елбасы тұсында басталған Қазақстанның демократиялық дамуы тоқырап, тоқтап қалған жоқ. Елде қазір осы бағытта қарқынды реформалар жүруде. Оның бір бағыты және жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдірудің нақты қадамы – ауыл мен ауылдық округ әкімдерін сайлау. Осы қадамның қажеттілігі туралы әңгіме 90-шы жылдардан бері айтылып келе жатыр. Елбасының бастамасымен бертінде ауыл, ауылдық округ, кент әкімдерді сайлау сынақ түрінде өткізілді. Дегенмен, онда әкімді жергілікті жұртшылықтың өкілдері болып есептелетін мәслихат депутаттары сайлады. Бұл жанама сайлау еді. Енді бүгін Қазақстанда 730 елді мекеннің әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлап жатыр. Ауылдықтар өздері үміт артқан, лайықты деп тапқан кандидаттарына дауыс беруде. – Бұл жолғы әкім сайлауы алдыңғысынан несімен ерекшеленеді, нендей жаңалықтары бар? – Жаңа заң бойынша біріншіден, бұл додада бұрынғыдай саяси партиялардың мүшелері ғана емес, кез-келген белсенді азамат бағын сынап, өзін-өзі ұсына алады. 730 сайлау округінде 2 297 кандидат әкім лауазымынан үмітті болса, соның ішінде басым көпшілігі – 1 419 кандидат өзін-өзі ұсынғандар. Ал 878-ін 6 саяси партия ұсынып отыр. Екіншіден, осы сайлауда жеңіске жеткен әкім ел үмітін ақтамаса, жергілікті тұрғындар бастама көтеріп, оны кейін орнынан алғызып тастатқыза алады. Нәтижесінде, тағайындалған не мәслихат депутаттары сайлаған әкімдерге қарағанда, жергілікті тұрғындар сайлаған әкімнің ынта-мотивациясы да өзгереді, ол үшін бастысы – жоғары тұрған әкімнің көңілінен шығу болмайды, қайта ол ең алдымен, өз жұмысына ауылдастардың көңілі толуына мән береді. Үшіншіден, бұрын әкім болудан үміткер мемлекеттік қызметте бірнеше жыл жұмыс істеуі тиіс деген талап болған. Яғни, тек шенеунік болған адам ғана кандидаттыққа лайық деген сыңайдағы талап. Қазір ол алып тасталды. Нәтижесінде, үміткерлер қатары күрт көбейген. Оның үстіне бұл жолы әйелдердің белсенділігі жоғары көрінеді: үміткерлердің 1 839 ер болса, 458-і – әйелдер. Әркім бұл сайлауда әртүрлі бағалауы мүмкін. Бір жақсысы, таңдау, бәсеке, балама бар. Бір кандидат ұнамаса, басқасына дауыс бере алады. Бұл ретте кандидаттар – жоғарыдан, орталықтан жіберілгендер емес, негізінен ауылдықтармен таныс-біліс, аралас жүрген жергілікті азаматтар. – Бүгінгі әкім сайлау қалай өтіп жатыр, қандай баға берер едіңіз? – Дауыс беру 14 облыстағы 1 847 сайлау учаскесінде өтуде. Аумақтық сайлау комиссияларының дерегінше, дауыс беруге шамамен 1,2 миллион сайлаушы қатыса алады. Бұл – әкімдері сайланатын ауылдардың тұрғындары. Сайлаушылардың дауыс беруге келу нәтижесі жаман емесін көріп отырмыз. Мұның өзі Қасым-Жомарт Тоқаев мұрындық болған саяси реформалардың қоғамда кәдімгідей қызығушылық тудырғанын көрсетеді. Ауылдықтар келіп, байыппен дауыс беріп жатыр. Әрине, ел тарихында алғаш рет өтіп отырғандықтан кемшіліктері де жоқ емес шығар. Мысалы, кеше «тыныштық күні» болғанымен, бірлі-жарым үміткер үгіт-насихатын жалғастырды деген шағым болыпты. Қалай болғанда, менің ойымша, жергілікті тұрғындарға өз әкімін тікелей сайлауға мүмкіндік беру – дұрыс бағытта жасалып отырған қадам. Және бұл тек бастамасы ғана. 2025 жылға дейін ауыл әкімдері сайланады, ары қарай осы тәжірибе жоғары деңгейдегі әкімдерге де таралады деген үміт бар. Сондай-ақ сайлауға түскісі келген 2 582 адамның 2297-сі немесе 88,9% ресми тіркеліпті, бұл осы үрдістің мейлінше әділ және тең жағдайда өткенін байқатады. Сайлауға жүздеген тәуелсіз байқаушылар қатысуда, олар да дауыс берудің заң талаптарына сай өтуіне оң ықпал етері сөзсіз. Ең бастысы, маңызы зор саяси реформалардың сөз жүзінде қалмай, өмірде іске асуы қуантады.