Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері аймақтағы карантин шаралары туралы қаулыға өзгеріс енгізді, – деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін облыс аумағындағы шаруашылық және (немесе) өзге де нысандарға шектеу шаралары енгізіледі. Шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімі СОVID-19 инфекциясының таралуына байланысты ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін.
Сауда үйлері мен сауда орталықтары (павильондар, бутиктер), сауда желілері тек жұмыс күндері сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін жұмыс істей алады.
Ashyq жобасына қатысатын нысандар сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Сенбі және жексенбіде жұмыс істеуге тыйым салынады (азық-түлік супермаркеттері, дәріханалар және оларда орналасқан СОVID-19-ға қарсы жаппай егу пункттерін қоспағанда).
Қоғамдық тамақтану объектілері, фудкорт, оның ішінде жазғы алаңдар 7:00-ден 12:00-ге дейін, ал Ashyq жобасына қатысатын объектілер 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Сенбі және жексенбіде жұмыс істемейді.
Ashyq жобасына қатыспайтын спорт кешендерінің, фитнес-орталықтардың, йога-орталықтардың, спорт-сауықтыру объектілерінің, Спорт және тренажер залдарының қызметі тоқтатылады.
Қаулы 2021 жылғы 27 шілдеде сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.