Сақалды құрылыстың саны көп
Сақалды құрылыстың саны көп
342
оқылды

Әлемдік  пандемия ел экономикасына ауыр соққаны жасырын емес. Әсіресе, құрылыс саласын қос бүйірден қысқандай. Олай дейтініміз, Жамбыл облысында құрылыс нысандары уақытынан кешеуілдеуі былай тұрсын, біраз жобалар бойынша мердігерлер конкурсқа түсуге құлықты емес. Оған себеп – құрылыс материалдарының қымбаттап ке­туі. Ал былтыр жоба жеңімпаздары атанған серік­тестіктер мектеп құрылыстарын мерзімінде бітіре алмай, зар жылап отыр.

Көп жерде көзбояушылық жасалған

Ең әуелі көзге анық көрініп тұрған нақты фактілерге тоқтал­сақ. Тараз қаласындағы Төле би даңғылы бойындағы Мектептен тыс жұмыс және балалар шығар­ма­шылығы орталығының құры­лысын «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС былтыр шілде айында бас­таған. Жоспар бойынша нысан қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда мұн­дағы жұмыс көңіл көншітпейді. Себебі құрылыс жұмыстары бі­рінші қабаттан аспай, тоқтап қал­ған. Мердігер қаржылық қиын­дық­қа тап болғаннан кейін бетон пли­таларға тапсырыс бере алма­ған. Нәтижесінде, қыркүйекте ба­­лаларды қарсы алады деген ғи­мараттың құр қаңқасы тұр. Дәл сондай №2 мектептің құрылысы да былтыр басталған. Мердігер «Талас құрылыс» ЖШС жоспарлы жұмысты 75-80 пайызға аяқтадық дегенімен көп нәрсе көз­бояушылықпен жасалған. Мә­се­лен, мектеп бөлмелері стандарт­қа сай емес. Асханасы да ыңғайсыз ор­на­ласқан. Жоғары қабаттарын­дағы жарық пен жылу жүйелері дә­ліздің төбесімен жүргізілген. Бұл қо­лайсыздық тудырып ғана қой­май, оқушыларға қауіп төн­діріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, жоба­лау­да көп кемшілік кетіп, мердігер әйтеуір «бітірдім» дей салған. Тұрғындар талай жылдан бері сұрап келе жатқан «Шалғай Қарасу» алқабын­дағы мектеп құрылысы да мәз емес. Осы таңға дейін алқап оқушылары облыс орталығына қатынып оқып келсе, биыл жаңа мектептің табалдырығын аттаймыз деп үміттенген. Алайда жобалық құны 2 миллиард теңге 600 орындық мектеп құ­рылысының жартысы ғана аяқталып отыр. Мердігер «ТемірСтройСервис» серіктес­тігінің басшысы құрылысты дер кезінде аяқтаймыз деп ант су ішкенімен, білім нысанына қарапайым электр желісі де жүргізілмеген.

Тұрғын үй құрылыстары тоқтап тұр

Негізі, құрылыс саласында нысандар­дың мерзімінен кешіктірілуінен бөлек те мәселе шаш етектен. Жобалардың сапа­сыз дайындалуы, мемлекеттік сатып алу рәсім­дерінің дұрыс жүргізілмеуі, нәти­же­­сінде конкурс жеңімпаздарының анық­­­талмауы сынды түйткілдерден көз сү­рінеді. Тар­қатып айтсақ, Тараз қаласы Қант зауыты аймағындағы №2 мектептің құрылысы жосықсыз мердігердің кесі­рі­нен 2 айдан бері тоқтап тұр. Аталған ны­сан шілде айын­да пайдалануға бе­рілуі ке­рек болатын. Алайда шілде түгілі қыр­күйекте де қол­данысқа берілмейтіні анық. Бұдан бөлек, жобалауда кеткен кем­шілік­тердің салдарынан үш мектептің сметалық құны қайта есептеліп жатыр. Олар Жамбыл ауданы Айша бибі ауылын­дағы 300 орындық мектеп, Шу қаласын­дағы Ы.Алтынсарин және Қордай ауда­нындағы Арал мектептері. құрылыс Жобалаушылардың қателігінен Бай­зақ ауданындағы Шахан және Сеңкібай ауылдарындағы мектептердің де құры­лысынан ақау шыққан. Жобалау кезінде екі қабаттық нысанға лифт орнату жос­парланған. Алайда ай-күннің аманында екі қабатты ғимаратқа лифт орнатамыз деу ақылға сыймай отыр. Соның кесі­рі­нен құрылыс жұмыстары тағы кешеуілдеді. Былтырдан бері жыры бітпей келе жат­қан Қордай ауданы Күнбатыс-2 алқабын­дағы мектеп құрылысы да биыл аяқталатын түрі жоқ. Естеріңізде болса, Күнбатыс-2 алқабындағы мектеп құ­рылысына жауапты болған «Шұ­ғы­ла-2002» ЖШС-на өткен жылы құры­лыс­ты сапасыз жүргізгені үшін 1,2 миллион теңге айыппұл салынған болатын. Алайда бұл серіктестік басшысы Сұлтан Би­теміровтың шекесіне тимеген секілді. Себебі Сұлтан Бөрлібайұлы биыл да құрылысты сағызша созып отыр. Тағы бір мәселе – Тараз қаласында құ­рылысы басталып кеткен 5 несиелік, 3 жал­дамалы тұрғын үйдің мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне шағым түсуіне байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Ал Тараз қаласы мен Жуалы, Байзақ аудан­дарында 22 үйдің құрылыс мердігерлері әлі күнге анықталмай отыр.

Кінәні кімнен іздейміз?

Жалпы, құрылыс саласындағы жү­йесіз жұмысқа кімді кінәлаймыз? Жер­гілікті билік бар мәселені мерді­герлерге қарай сырғытса, серіктестіктердің де айтар өз уәжі бар. Олардың сөзіне сү­йен­сек, әлем­дік пандемия жағдайында құ­рылыс материалдары қымбаттап кетіпті. Соның салдарынан 40 миллион теңге болған нысанды мердігер 80 мил­лион теңгеге са­луға мәжбүр. Ал бұл серіктес­тіктерді қа­рызға белшесінен батырып отыр. «Тараз­ҚұрылысИнвест» ЖШС-ның Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының құры­лысына қажетті плита­ларды ала алма­уына, құрылысты дер ке­зінде аяқта­ма­уына осы қаржылық қиын­дық себеп болып отыр. Тараз қаласы мен Жуалы, Байзақ аудандарында 22 үйдің құ­рылыс мердігерлерінің әлі күнге анық­талмауы да осыған байланысты. Серіктестіктер өз құнын ақтамайтын жобаларға конкурсқа түсуге ниетті емес. Өйткені жыл басында 50 миллион теңге деп жоспарланған жо­балар бүгінде екі есе шығынды қажет етеді. Сондықтан мердігерлер тендер алғанша, тыныш отырғанымыз артық деген ұста­ным­да. Мұны аудан әкімдері де мойындап отыр. Мәселен, Жуалы ауданындағы тұр­ғын үй құрылысына осымен екінші рет конкурс жарияланса да, құрылыс жүргізуге бірде-бір се­ріктестік құлық танытпады. Бұл мәселені жуырда құрылысшылар Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа да жеткізген болатын. Алайда аймақ басшысы: «Сіздерді кон­курсқа түс деп ешкім қинаған жоқ. Жа­уапкер­ші­ліктеріңізге алдыңыздар ма, аяқтайсыздар. Ал жаңа құрылыс нысан­дарына қосымша қаржы тауып беремін деп айта алмаймын. Үкіметке сұраныс жолдаймыз. Бірақ ше­шіле ме, шешілмей ме белгісіз. Бірақ жыл басында бекітілген қаржы игерілуі керек», – деп қысқа ғана қайырған. Демек, биыл әркім өз қотырын өзі қасиды деген сөз. Ал жаңа құрылыс нысандарына сол бойы мердігер та­был­маса, онда қайтпекпіз?

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы