2007 жыл: жемісті де, жеңісті жыл
2007 жыл: жемісті де, жеңісті жыл
759
оқылды

Екі мыңыншы жылдардың алғашқы онжылдығын ел еңсесін тіктеген кезең деп бағалауға болады. Өйткені тәуелсіздік хроникасы мен ел дамуының арасында сим­воликалық ұқсастық бар еді. Бүгінгі өлшеммен алғанда, тәуелсіздік тарихы 2007 жылы жартысынан асып түскен болса, ел дамуында да Қазақстан бір белді артқа тастады. Бұл одан соңғы өркендеудің басы еді.

Жаңа Парламент – жаңа өзгерістер

Тәуелсіз Қазақстанның мем­лекеттік билік институттарының қалыптасу мен даму жолы осы жылдар ішінде ең бір заманауи сауатты үлгіде үлкен ыждаһатпен жүзеге асып келе жатқаны белгілі. Мұндағы әрбір қадам бір ізбен жалғасып, жымы қиюласқан са­бақ­тастықтан тұрды. Осылайша, Елбасының сарабдал саясатының арқасында әлемдік қауымдастық алдында еліміз өзіндік «қазақ­стандық моделін» жасап шығара алды. Тарих парағындағы 2007 жыл осындай Конституциялық ре­формалы жыл болды. Елбасының тікелей баста­ма­сымен 21 мамырда Қазақстан Конституциясына еліміздің бұдан былайғы даму бағытын нақты айқындап берген түзетулер енгі­зілді. Осылайша, Қазақстан де­мократия мен либерализацияның жаңа жолына қадам басты. Жаңа Ата Заңның қабылдануы саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың, еліміздің құқықтық кеңістігіндегі терең өзгерістер жасаудың заңды нәтижесі еді. Конституцияға енгі­зілген өзгерістерге сәйкес, бұ­рын­ғы Ата Заңымыз бойынша Мем­лекет басшысының құзырында болып келген бірқатар өкілеттік Парламентке беріліп, заң шыға­рушы органның өкілеттілігі ке­ңейді. Іс жүзінде Қазақстан пре­зиденттік-парламенттік басқару жүйесіне көшті. Президенттік басқару мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды. Жергілікті жерлер­дегі мәслихаттардың рөлі күшей­тілді, жергілікті өзін-өзі басқару түбегейлі өзгертілді, сот билігі тармағының тәуелсіздігі нығайды, азаматтық қоғамды дамытуға ай­рықша назар аударылды. Пар­ламент депутаттарының саны 38 адамға ұлғайып, 154-ке жетті. Осы­ған орай жаңа құқықтық алаң­да қызмет ету үшін Мәжіліс өзін-өзі тарқатып, сайлау өткізді. Осы өзгерістерге орай, 2007 жыл­ғы 18 тамызда тұңғыш рет пар­тиялық тізім бойынша төртінші шақырылымдағы Қазақстан Пар­ламентінің Мәжілісіне сайлау бо­лып өтті. Жеті саяси партия қатыс­қан сайлау қорытындысында сай­лаушылардың 88%-дан астам да­уы­сын алған «Нұр Отан» Ха­лықтық де­мократиялық партиясы ғана 7 па­йыздық кедергіні еңсеріп, Пар­ла­мент Мәжілісіндегі барлық 98 орынды иеленді. Палатадағы 9 ор­ын 20 тамыз күні Қазақстан Халқы Ассамблеясынан сайланған депу­таттарға берілді. Осылайша, пала­та­да түрлі ұлт өкілдерінің саны артты.

Жаңа Үкімет – дағдарысқа қарсы тың күш

Сондай-ақ осы жылдың қаңтар айында Үкімет ауысып, жаңа Үкі­мет жасақталды. Премерь-Ми­нистр болып Кәрім Мәсімов таға­йындалды. 12 қаңтар күні Ми­нистрлер кабинетінің алғашқы отырысы өтіп, ол жиында Үкімет әкімшілік реформаны жалғастыру, бюджеттік жоспарлау мен бюд­жетаралық қатынастарды жетіл­діру, өңірлерді дамыту, бәсеке­лес­тікті қорғау мен дамыту, тұрғын үй құрылысын дамыту, инфрақұры­лым­ды басқару жүйесін жетілдіру, аграрлық саланы дамыту, мемле­кеттік тілді дамыту сынды сегіз бағыт бойынша жұмыс жоспарын қабылдады. Елбасы 28 ақпан күнгі өз Жол­дауында ел Үкіметі алдына үлкен міндеттер қойды. Жолдауда ай­тыл­ған тапсырмаларға сәйкес, рес­пуб­ликамызда үш жылдың ішінде са­лынуы тиіс 100 мектеп пен 100 ауру­хананың алғашқыларының іргетасын қалау жұмыстары осы жы­лы басталып кетті. 2007 жылы республика бойынша 65 мектеп ашыл­ды. Осы жылы еліміздегі ор­та­ша айлық көлемі 51 мың теңгеге, дүниеге келген әр сәбиге берілетін жәрдемақы 35 мың теңгеге жетті. Осы жолдардың авторы – осы мем­лекеттік көмекті көрген 300 мың­нан астам қазақстандықтың бірі.

ЕҚЫҰ төрағалығы – тарихи жеңіс

2007 жылдың еншісіндегі Қа­зақстанның тағы бір жетістігі – осы жылы ЕҚЫҰ төрағалығына толық қол жетті. Испания астанасы Мадридте 16 қараша күні өткен жиында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше ел­дердің барлығы бірауыздан Қа­зақстанның 2010 жылы аталған ұйым­ға төрағалық етуін қолдады. Бұл шын мәнінде халықаралық аре­надағы еліміздің абыройын тағы бір асқақтатқан айтулы оқиға бол­ды. Осы шешімімен әлемдік қо­ғам­дастық Қазақстанның тә­уелсіздік жылдарында экономика, саясат, әлеуметтік салаларда қол жеткізген табыстарын танып, мо­йындады. Бір сөзбен айтқанда, Қа­­зақстан өз тәуелсіздігінің 16 жыл­дығын ел ішіндегі елеулі жаңалықтарымен ғана емес, ха­лық­аралық дәрежедегі салмақты қадамдарымен де та­бысты еңсере алды.

Экономикалық контраст – құлдырау мен өркендеу

«Ипотекалық көпіршік» деген терминді қазақстандықтар ең алғаш рет осы жылы естіген болар. АҚШ-тың жылжымайтын мүлік нарығындағы тым лоялды саясат ипотекалық дағдарысқа алып келді де, бұл сегмент әлемдегі алып эко­н­омикадағы ішкі жалпы өнімді құ­рауда жоғары маңызға ие бол­ған­дықтан, оның салдары бүкіл әлемге сезілді. Дағдарыс салқыны Қазақ­станның да қаржы жүйесіне әсер етті. Одан бөлек, 2005-2007 жыл­дар­дағы құрғақшылық, су тас­қыны сынды экстремалды табиғи құбы­лыстар ірі бидай өндіруші елдерге ауыр тиді. Бидай өндірісі 2005 жылы 3,6%-ға, 2006 жылы 6,9%-ға кеміп кетті. Соның сал­дарынан 2007 жылы әлемде азық-түлік тап­шылығы қатты сезілді. 37 мемлекет қақтығыстар мен табиғи апаттар тудырған азық-түлік дағ­дарысына ұшырады. Бұл Қазақ­стан нарығына тікелей әсер етті. Әйтсе де, ұлттық экономика­мыз­дың шатқаяқтап, тұралап қалуына жол бермеуге ең алдымен жаңадан құрылған Үкі­меттің дер кезінде қолға алған ша­ра­лары себепкер болды. Дағда­рыс­тың төтенше салдарымен күрес бағ­дарламасы әзірленді. Оның бір бағыты ретінде отандық экономи­каны әртарап­тандыруға бағыттал­ған шаралар жүзеге аса бастады. Елбасының тікелей тапсырмасымен еліміздің жеті өңірінде «Жетісу», «Ертіс», «Батыс», «Оңтүстік», «То­был», «Са­рыарқа», «Каспий» сын­ды әлеу­меттік кәсіпкерлік корпо­ра­циялар құрылды. Бұған қоса эко­номиканы әртараптандыруға тың серпін беретін «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» мем­лекеттік бағдарламасы қабыл­данды. Бағдарлама аясында еліміз­дің әр өңірінен экономиканы алға сүйрейтін серпінді жобалар сұ­рыпталып, экономиканы ілеріле­ту­ші жобалардың құрылысы бас­талып кетті. Жалпы, бағдарлама­­ға 97 жоба енді. Олардың жалпы құны – 60 млрд доллар. Осы жылғы деректерге көз жү­гіртсек, 2007 жылы Қазақстанның жалпы алтын валюта резервтері Ұлттық қордың қаржысын қос­қанда 40 млрд. долларға жетті. Банк жүйесіндегі депозиттер 3,5 трил­лион теңгеге жетті. Отандық зей­нет­ақы қорларындағы зей­нетақы жиналымдарының өсімі 1,1 трил­лион теңгеден асып түсті. Елдегі ІЖӨ жан басына шаққанда 7 мың долларды еңсерді. Осы жылы Қа­зақ­станда 22,5 миллион тоннадан астам астық орылды. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ре­кордтық көрсет­кіш болатын. Қа­зақстан – астық өндірісінің жан басына шаққандағы көлемі мен ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орынға шықты.

Нұрлан ҚОСАЙ