Жаңа әкімдер ауыл тұрғындарының сенімін ақтауға уәде берді
Жаңа әкімдер ауыл тұрғындарының сенімін ақтауға уәде берді
547
оқылды

25 шілде күні елде ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Жаңадан сайланған әкімдер әлеуметтік желілерде сенім артып, дауысберген жерлестеріне алғыс айтып, ауылды көркейтуге уәде берді.

Бәйдібек би ауылдық округіне сайланған Ержан Амирдинов сайлаушылардың талап-тілектерін және сайлауалды бағдарламаның тиімді орындалуын қамтамасыз етуге кепілдік беретінін жазған. "Атап айтсақ: шағын футбол аланының салуына, жолдар жөндеу жұмысын жүргізуіне, көшелерді жарықтандыруына және тагы да басқа жұмыстардың орындалуына кепілдік беремін. Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылының тұрғындары дауыс беруге белсене қатысып, таңдауларын жасады. Өз басым Nur Otan-ға партия қатарынан ұсынылғаным үшін алғысымды білдіремін. Nur Otan партиясының маған сенімін артуы үлкен мәртебе. Сайлаушыларға үміткерге, партияға сенім білдіргендеріңіз үшін және Nur Otan-ның мақсаттары мен міндеттерін қолдағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін", - деп жазды Ержан Амирдинов. Құланды ауылына сайланған Санат Төкенов те жерлестері мен партиясына алғыс айтты. "Ең алдымен маған сенім білдіріп, Құланды ауылдық округі әкіміне үміткер етіп ұсынған Nur Otan партиясына және маған үміт артып, дауыс берген жерлестеріме шын жүректен алғыс айтамын! Халықтың аманатын арқалау үлкен жауапкершілік екенін бүкіл болмысыммен сезінемін. Сондықтан, ауылдың мәселелерін рет-ретімен шешіп, бар қажыр-қайратымды жұмсаймын деп уәде етемін. Сайлауалды бағдарламамда ұсынылған жоспарларымды жүзеге асыруға, ауылымыздың көркейіп дамуына, ауыл халқының тұрмысын жақсартуға зор үлес қосатын боламын. Игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын", - деп жазды әкім. Сарыағаш ауданына қарасты Жемісті ауылдық округіне сайланған әкім Талғат Әзімбердиев басты мақсаты халықтың сенімін ақтау екенін жазған.
"Бірнеше жыл Жібек жолы ауылдық округінде ауыл әкімі болып қызмет атқарғам. Жемісті ауылдық округіндегі бірқатар өзекті мәселелерді жіті білгендіктен, оларды шешу үшін бар күш-жігерімді салып, халық үшін қызмет ететін боламын. Елдің дамуы, алға қарай ілгерлеуі жаңа бастамалар мен жаңа көзқарастардан тұрмақ. Партияның Жол картасындағы міндеттерді жүзеге асыру, сіздердің ұсыныс-тілектеріңізді орындау бағытында жұмыс жүргіземін. Мен үшін елге қызмет ету, сіздердің маған артқан жоғарғы сенімдеріңізді ақтау – басты мақсат.
Маған қолдау білдіріп, дауыс бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта ауыл мен елді-мекендердің ары қарай дамуы үшін барлық бағытта бірлесе жұмыс жасауға шақырамын", - деп жазды Талғат Әзімбердиев.
Келес ауданы абай ауылына сайланған әкім Ерғали Абдирахманов сайлаудың қалай өткенін жазып, белсенділік танытқан тұрғындарға ерекше алғысын жеткізді.
"Мен сіздердің үгіт-насихат жұмысы барысындағы талап-тілектеріңізбен қатар, өзім ұсынған бағдарламамдағы және Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында жасалынған Жол картасын тиімді орындау жолында табанды еңбек етіп, Сіздердің алдарыңызда берген уәдеме жауапкершілікпен қараймын және іске асыруға бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын", - деп жазды әкім.
Орловка ауылдық округіне сайланған әкім Ирина Галлямова округ тұрғындарының өмірін жақсартуға және ауылдың өркендеуі үшін адал жұмыс істеуге уәде берді. "Мен үшін дауыс берген барлық сайлаушыларға алғысымды білдіргім келеді. Біздің округ тұрғындарының өмір сүру жағдайларын жақсарту және өркендеуі үшін адал жұмыс істеуге уәде беремін. Мен сіздің үмітіңізді ақтауға бар күшімді саламын. Сіздің сеніміңіз бен қолдауыңыз маған одан да жақсы қызмет етуге күш береді. Сіздермен бірге біз нәтижеге жұмыс істейтін боламыз", - деп жазды Ирина Галлямова. 25 шілдеде алғаш рет елімізде ауыл әкімдерінің сай­лауы өтті. Сөйтіп, Қазақстан қоғамы 2024 жылға дейін жал­­ғасатын әрі уақыты келгенде  ұдайы ұйымдастырылып оты­ратын жергілікті әкімдерді сай­­­лау кезеңіне өтті. Биыл  алғашқы 730 ауыл әкімін бұқара тікелей дауыс беру арқылы сайлады.