Мүмкіндігін өзіміз шектеп жүрген жоқпыз ба?
Мүмкіндігін өзіміз шектеп жүрген жоқпыз ба?
560
оқылды

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай қарас­тырып, олардың құқығын қорғау жағы осалдау болып тұр. Жыл сайын мү­ге­дектердің өмір сүру сапасын жақсартамыз деп түрлі бағдарлама қабылдап, заңдарға толықтыру енгізіліп жатады. Тіпті, бұл мақсатта Ұлттық жоспар да құрылған. Әйтсе де, осы санаттағы жандар қоғамда ке­дергіге тап болмай, еркін өмір сү­ріп жатыр деп сеніммен айта аламыз ба?

Адамның құқығын таптағандар көп

Жуырда Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің өңірлердегі департа­менттері соңғы 6 ай бойы әлеуметтік инфра­құрылымдарға жүргізген тескерістің қоры­тын­дысын жариялады. Соның нәтижесінде 379 нысанда «Мүгедектерді әлеуметтік қор­ғау туралы» және «Арнаулы әлеуметтік қыз­меттер туралы» заңның 1 918 рет бұзыл­ғаны анықталған. Оның 1,5 мыңнан аста­мын­да мүгедек жандар қоғамдық көлікке отыра алмай, мәдени, ойын-сауық, спорт ғимараттарына кіре алмаған. Осы заңсыз­дық­тар үшін 7,4 млн теңгеге әкімшілік айып­пұл өндірілген. Бір қызығы, осы санаттағы жандарға қатысты заңсыздықтар былтыр аздау тіркелген екен. 2020 жылдың қорытындысында 886 заңбұзушылық анықталған. Оның 86-сы бойынша 21,2 млн теңге айыппұл салынған.

Ұлттық жоспар жүдеп тұрғандай

8 ай бұрын Үкімет отырысында дәл осы мү­ге­дек адамдарды әлеуметтік қорғау ту­ралы мәселе қаралған болатын. Сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов есебінде «мү­ге­дектерге барлық жағынан тиімді жағдайды жасадық» деген сарында біраз жайдың басын шалған еді. Деректерге қарағанда, Қазақстанда 705 мыңнан астам мүгедек бар, оның 430 мыңы еңбекке қабілетті жаста екен. Қалған 181 мыңы зейнеткер болса, 94 мыңы балалар. Ал былтыр мүгедектерге әлеу­меттік төлем төлеп, оңалтудың тех­ни­ка­лық құралдары мен қызметтерін қамта­масыз ету үшін республикалық бюджеттен 448 млрд теңге бөлінген. Айтпақшы, мүмкіндігі шектеулі жандар­дың құқығын толыққанды қорғаймыз, қо­ғамда кедергі болмайды деп 2025 жылға дейін Ұлттық жоспар іске асырылып жатыр. 7 бағытты қамтитын жоспар мүгедектік про­филактикасы, білім алуға қолжетімділік, ке­дер­гісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңал­ту, әлеуметтік қызметтер және қоғам­дық сананы жаңғырту мәселелері бойынша жүргізіледі. Енді оның орындалуы қай дең­гейде? Мәселен, 2020 жылы елімізде электр же­те­гі бар отандық кресло-арбалар өндіріліп жатқаны айтылған. Мемлекеттік тапсырыс бойынша осындай электр жетегі бар 1 381 кресло-арба шығарылып, олардың 817-сі өңірлерге жеткізілген көрінеді. Былтыр 13 мың мүгедек адам жұмысқа орналасып, 626 адам кәсіпкерлік бойынша білім алған. Ол аз десеңіз, 830 өтеусіз грант пен 350 шағын несие берілген. Ал 2021 жылға 3 331 жұмыс орны қаралған. Бұл есептерге көз жүгірте оты­рып, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жан­дар еш нәрседен қиындық көрмей отыр деп ой­лауымыз мүмкін. Дегенмен шынайы жағдай қандай?

 Пандустың өзі бір мәселе

Ресми дерек бойынша, ел аумағында 35 мыңнан астам әлеуметтік нысан бар. Оның 75 пайызында мүгедектерге кіріп-шығу үшін қолайлы жағдай жасалған делінеді. Бірақ бұл ақпаратқа сенбейтіндер көп. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кез келген ғимараттың алдында пандус бол­уы тиіс. Арнайы дәретхана қарастырылуы қа­жет. Дәретхана жағын қоя тұрайық, көп ғимараттың пандустары көз алданыш тәріз­ді. Мәселе былай, пандус болуы тиіс деген талап бар, дегенмен оның қандай болатыны жайлы ереже жоқ. Сондықтан пандус деген аты болмаса, олармен мүгедек арбасы жүре алмайды. Бір жүйеге келтірілмеген істің бірі – осы. Мүгедектердің әлеуметтік мәселе­лері­­мен жақсы таныс мүмкіндігі шектеулі жан Алмаз Ержан да осы қарапайым талап­тар орындалмай жатқанын айтады.
– Көп жерде пандус ыңғайсыз, дәрет­хана жоқ. Заң бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы шектелгенінің белгісі. Елордада соңғы жылдары салынған жаңа нысандарда мүгедектердің мәселесі көп жағдайда ескерілмейді. Мұның барлығын бірден жасауға болады. Алайда құрылыстың жобасы талқыланғанда мүмкіндігі шектеулі жандарды шақырмайды, кеңеспейді. Кезінде мүгедектер бойынша кеңесшілер бола­тын. Қазақстан бойынша барлық әкімдікте мүгедектер бойынша кеңесшілер бар дейді. Бірақ біз оларды көрмейміз. Не істеп жатыр? Белгісіз. Өз жұмысын көрсет­пей­ді. Осыны 10 жылдан бері айтып келе­міз. Өзгеріс бар, дегенмен мұнымен мәселе­лер шешілді деуге болмайды, – дейді ол.
Мүгедектерді тасымалдауға арналған көліктердің де тапшылығы бар. Тағдырдың қиындығын кешкен жандарға бір аялдамаға жетудің өзі мұң. Елорда мен Алматыдан басқа қалалардағы қоғамдық көліктердің басым бөлігінде оларға қолайлы жағдай жасалмағанын білеміз.

Балаларды қоғам жатырқамауы қажет

Елімізде мүгедек балаларды қоғамнан шеттетпеу, олардың құқықтарын қорғау бастамасы 1990-жылдардың соңынан бері айтылып келеді. Мәселен, дамуында кедергі немесе мүгедектігі бар балаларға қарапайым сыныпта қатарластарымен бірге білім беру жүйесі жайлы 1990-жылдары аз айтылған жоқ. 2000 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты жаңа білім беру саясаты қалыптаса бастады. Ал инклюзивті білім беру жүйесі 2010 жылы бекітіліп, білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына алғаш рет енгі­зілді. Осы бағдарлама бойынша, мүгедек бала­ларға еркін жүріп-тұруға жағдай жасал­ған мектептер саны жалпы білім ошақтары­ның 70 пайызына жетуі керек. 2018 жылғы дерек бойынша, елімізде ерекше білім бе­ру­ге зәру мектеп жасындағы балалардың саны 96 мыңнан асқан. Сол жылы олардың 33 пайызы ғана инклюзивті білім берумен қамтылған екен. Негізі, дамуында кедергісі бар балалар жыл сайын психомедицина, педагогикалық комиссиядан өтіп, инклю­зивті сыныбы бар жалпыға ортақ білім бе­ре­тін мектепке жолдама ала алады. «Ерекше балалардың құқығы» бастамасымен таныл­ған, құқық қорғаушы Айгүл Шакибаева инклю­зивті білім беру одан әрі дами бергені жөн екенін жеткізді. Оның айтуынша, ерек­ше білім алуы тиіс балалар қажетті білімді ала алмай отыр. Әсіресе, аймақтарда ерекше балалардың білім алуы жолға қойылмаған. Оған қоса, мүмкіндігі шектеулі балалардың бос уақытын тиімді өткізуге де мүмкіншілігі жоқ екен.
– Білім алудағы кедергілерден бөлек мек­тептен тыс үйірмелер мен спорт секция­лары да жолға қойылмаған. Ішінара Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты үлкен қалаларда болса да, басқа қалаларда мұндай мүмкіндік жоқ. Сөзімді нақты мысалмен дәйектеп өтейін: білім алу бойынша әртүрлі аймақтан 200 ата-анаға, Білім және ғылым министр­лігіне сұрақ жіберіп, мониторинг жүргізген едік. Сол мониторингтің нәтижесі бойынша мүгедектігі бар 90 мың баланың тек үштен бір бөлігінің ғана білім алуға мүмкіндігі бар болып шықты, –дейді ол.
Оған қоса, ол ерекше балалардың мүге­дектік статусын алу бойынша да кедергі көп екенін тілге тиек етті. Әрі мемлекеттің мүм­кін­дігі шектеулі балаларға қатысты жұмы­сы­на да баға беріп өтті.
– Ерекше білім берілуі қажет бала ретінде тіркеуде тұрған 160 мың баланың жартысынан көбі мүгедектік статусын ала алмай отыр. Әсіресе, коммуникациялық, ақыл-ой жағынан, психикалық тұрғыдан ауытқушылығы бар балалар назардан тыс қалып жатады, қазіргі заң мұны толық қамтымайды. Өйткені әдетте мүмкіндігі шектеулі балалар санатына жүре алмайтын, сөйлей алмайтын немесе есту қабілеті нашар балаларды жатқызады.
Ерекше балалардың құқығы да көп жағдайда толық қорғала бермейді. Оларды кемсіту, ұрып-соғу сияқты қылмыстар көбі­не жазасыз қалып жатады. Бұл да шешімін табуы керек түйткілді мәселелердің көш басын­да тұр.
Айта кететін ең маңызды нәрсе, біздің елде балалар мәселесі көбіне Білім және ғы­лым министрлігінің жауапкершілігінде, ал мүгедектігі бар балалар, олардың барлық жәрдемақысы мен әлеуметтік қызметтерді қам­тамасыз ету мәселелері Еңбек және әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің құзы­ретінде, бұл – дұрыс емес әрі сегрегация деп есептеймін, – дейді Айгүл Шакибаева.
Қорыта айтқанда, біз мүмкіндігі шек­теулі жандарға қатысты бірнеше мәселені шолып өттік. Бұл бір шет жағасы екені айқын. Бұдан өзге күрмеуі қиын дүниелер жетіп артылады. Қиындыққа тап болған жан­­дар жетерлік. Бірақ олардың бәрі өзге­мен тең құқылы, қоғамның бір бөлшегі еке­нін ұмытпасақ керек.

Мадияр ТӨЛЕУ