Ізгілік іздері
Ізгілік іздері
705
оқылды

(Жалғасы). Басы өткен санда.

  – Қожанасырдың көршісі арқан сұраса «Арканым бос емес, екі ағаштың арасына керіп, үстіне бидай кептіріп қойдым», – депті. Аң-таң болған көршісі: «Ойбай-ау, арқанның үстіне де бидай жая ма?» – десе, жарықтық Қожекең: «Е-е, бергісі келмеген адам не демейді», – деген екен. Бірақ біздін қазақ көршісінің көңілін жықпайтын халық. «Үй таңдама, көрші таңда», «Кілем сатсаң көршіңе сат, бір шетіне өзің де отырасың», «Өз тауығың сіркедей, көршінің тауығы күркедей» дейді. Әйтеуір, көңілін қалдырмайды. Осы көңіл жықпастық көркем әдебиеттің соры екенін жақсы білеміз. Біле тұрсақ та істейміз. Мысалы, сол өз басымнан өтті. Қиянда тұратын бір «қызылшақа» сықақшы «Жылтың» деген шымшымасын «Араға» жолдапты. Онша алып-жұлып кетіп бара жатқан ештеңесі болмаса да қалжыңына қанат байлайық деген несие көңілмен нөмірге дайындап, бас редактор Қалтай Мұхамеджановтың құзырына ұсындық. Қалағаң көз жүгіртіп шықты да, көркемдігіне қынжылды. «Ағамыз шалғайда жүр жылқы бағып, Үйінен Месбай шықпайды жылтың қағып». Бар-жоғы осы ма? Екі жолында езу кимылдататын ештеңе жоқ, астарын аңғарып тұрмын, әрине, – деді, – бірақ ойды қытықтайтын ойнақы шымшыма емес. Халық аузында қалып қойған сыпайы қалжыңның сұмпайы түрі ғой бұл. Халық қалжыңы қалай еді құдай-ау? Е, былай демеуші ме еді… «Көкаланың үйірі көл айналсын, Жаның шығып бара ма, көз байлансын». Жұмған аузымызды ашпадық. Қалтай аға келтірген үзінді шумақта мәдениеттің иісі аңқып-ақ тұр ғой, шіркін. Үмбетбай аға, талай шәкіртті алдыңыз­дан қозыдай жамыратып, қойдай өрбіттіңіз. Тұрмыс-тіршілікте көркем әдебиет төңіре­гінде көңілжықпастық жасадыңыз ба? – Осы көңілшектік мәселесін біз әр әңгіменің келе жағында айтып, бірталай жерге шейін сүйретіп апарып тастамап па-ек? Көңіл. Көңілшек. Көңілшектік... Бет-ауызы жыбырлаған сенің бұл бұлталаң сауал-сұрағыңның арғы жағында «жеңгеміздің моральдық-этикалық тәртібі қалай еді?» – деген сықылды жымысқы бірдемелер бұғып жатқан жоқ па? Көңілшектік әңгімесінің бір қайырлысы – көзге шөп салу. Оны халық анайылау: «көңілшектік – көттің соры» дейді. Көзге шөп салу – жәлеп қатындардың, шайтан еркектердің тірлігі. Оны біреулер жігітшілік, серілік... тағы бірдемелермен ақтағысы, жеңілдеткісі келеді. Бәрінен де, қатар жүрген жолдастардың көзіне шөп салу – нағыз опасыздық! Біздің үйдегі жеңгең (жоғарыда айттым ғой деймін) – педагог, тәрбиеші. Күйіп-пісіп қалатын мінезі бар. Ол мінезін өзіме, отбасыма адалдығы үшін кешірем. Сөз орайында тағы да бір құпиямды аша кетейін. Кімнің үйінде кім болмайды, кімнің үйіне кім қонбайды. Біздің де келім-кетімсіз күніміз жоқ: есік-қақпамыз күндіз-түні сарт-сұрт. Сол келім-кетімнің бірі – баяғыда кешкі мектепте бірге оқыған К. есімді жолдас. Көшеде кездесіп қалып, арсалаңдап амандастық. Үйге ертіп келдім. Нендей шаруамен жүргені есімде жоқ, әйтеуір үйде екі аптадай жатты. Бір күні жеңгең қабағын шытты. – Маған мына жолдасыңның тәртібі ұнамайды. – Не болып қалды? – Сен жоқта маған қылмаңдағысы, жылмандағысы келе ме, ойы жаман. Айтпайыншы деп ем... Сол күні балконнан, терезенің көзінен жерге бәтеңке жауды, костюм-шалбар, галстук жауды! Көрдің ғой, демек көңілшектіктің о жақ-бұ жақ әңгімесі бар екен. Бір қайырлысы жылы сөз, жылы қабақ, мырзалық. Менің шешем, марқұм, қолы ашық, мырза адам еді, айында-жылында ауылға жол түскенде апарған азын-аулақ шай-суымызды кіріп-шыққан жұртқа үлестіріп, аяғында өзінің үйдегі «запасына» қол салатын. Көңілшектіктің тура мағанасы – кісілік, кәдімгі адами қайырым. Адамға, қоғамға адал кызмет ету, біреулерге қол созу, дәнекер, себепкер болу немесе жәрдемдесу, көмектесу. «Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесапат». Заманында Абай атамыздың шығармаларының кітап болып шығуына Әлихан Бөкейханов себепкер болса, қаржының көзін тауып, тікелей көмектескен (меценат) Бекбай Байысұлы деген кісі көрінеді. Сол Байысұлының баласы Асылғазы Бекбайұлы қазіргі орыс тілді үлке-е-н ақынымыз Олжас Сүлейменовтің жолын ашқан екен. Ол кісі: «... Үш бірдей мінистрге көмекші болдым. Бір күні кабинетте отырғанмын. «Жетісу» газетінің сол кездегі редакторы Әбдуәли Қарағұлов қасына Олжасты ертіп келіпті. Ол кезде Мәскеудегі әдебиет институтында оқитын Олжасты ешкім біле бермейді. Әбекең Олжастың жазған-сызғандарын көрсетті. Қысқаша айтқанда, оның тұңғыш жинағының жарық көруіне ықпал еткенім рас», – дейді. Сол Олжас кейін Раушан Аспандиярова деген бастауыш мектеп оқушысының шығармасын өз алғы сөзімен жарыққа шығарды. «Күткен күн» деген атпен кейін қайта жазылған Әбдіжәміл Нүрпейісовтің «Курляндия» романының жарық көруіне Сәбит Мұқанов пен Ілияс Омаровтың қалай себепкер болғанын да біреу біліп, біреу білмейді. Қазір көзі бар, көзі жоқ аға-апаларымыз өнер қуған ілгерінді-кейінді ұрпағына қалай алаңдаған. Әбділдә Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаев, Мариям Хакімжанова­лар қаншама жас таланттардың «тұсауын» кесті. «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шың­ғыс Айтматов ұлы Әуезовті пір тұта­ды. Бұл жай ма? Қадыр Мырза Әли, Мұза­фар Әлімбаев пен Әбу Сәрсенбаевтың есім­дерін ауызша да, жазбаша да ылғи құрметпен еске алады. Бұл не? Иә, біреуге біреу, бірдемеге бірдеме себеп, себепкер. «Ұстаз менің өмірімде» («Учитель в моей жизни») деп аталатын кітапта ондаған еңбек ерлері, батырлар, космонавтар, атақты ақын-жазушылар ұстаздарын терең сезіммен еске алады. Аты-жөндерін келтірсе, ондайлар бізде де аз емес. Темірхан Медетбек: «Әдебиеттен Асанбаев деген кісі сабақ берді. Өте әдебиетші еді. Сол кісінің әсері болу керек, әдебиетті сүйіп оқитын болдым. Үлкен әдебиеттегі ұстазым деп Әбу Сәрсенбаевты айтар едім». Күләш Ахметова: «Ең алғаш өлең жазуыма себепкер болған кісі 7-сыныптағы мүғалімім Мәдина апай еді». «... 1968 жылдың көктемінде «Лениншіл жас» газетіне екі өлең жібердім. Сәбит Мұқанов сол газетте жақсы пікір жазды». Сайын Мұратбеков: «Сөйтіп, Әбекең­нің (Әбу Сәрсенбаев) қамқорлығы арқа­сын­да «Жазушы» баспасынан 1961 жылы алғашқы жинағым жарық көрді». Тынымбай Нұрмағамбетов: «Мен мектеп­те жүргенде гумаиитарлық пәндерді жақсы көретінмін. Әдебиет, тарих сияқты пәндерді жақсы меңгердім. Әдебиет пәнінен бізге Мағжан Махамбетов дейтін мұғалім сабақ берді. Менің әдебиетке құмартуыма белгілі бір дәрежеде осы кісі себепші болды-ау деп ойлаймын». Қалам ұстап жүрген қазіргі аға буын мына біз де алды-артымызға алаңдайтын жасқа келдік. Қанаттансын, мәз болсын деген ниетпен мен де Қазыхан Әшенов, Мағрипа Жылқыбаева сияқты бірнеше үміткерлерге «бата бердім». Анда-санда, Көпен, сен де ұстазым деп қоясың. Ойдан ой туындаған тағы бір әңгіме: мен ешкімге өлең жазып, кітап шығарып бермеймін. Жаңағы айтқан: қуансын, мәз болсын, көзінде шырақ жансын деген ниетпен қолыма тиген жастар шығарма­лары­ның баспасөз бетін көруіне барымша ықылас білдіремін. Өзім ортасында жүрген дарынды балалар мектебінде оқушылардың үш кітабы жарық көрді. Студенттердің де шығармалары жиналып қалды. Бұл айт­қан­дарымыздың барлығы да көңілдің, көңілшектіктің әңгімесі. Көңілшектіктен, көңіл жықпастықтан табар пайдаң: кей-кейде әлдекімдерден ыңғайсыз сөз естіп, жаныңды ауыртасың. Әсіресе студенттерден сынақ алатын кезде... Әр түрлі әңгіме қаулайды. Бәрі жүрекке жүк. Шыдайсың. Көнесің! Жастарға көңіл бөлу, алаң болу тура­сында бізден бұрынғы ағалардан жақсы үлгі-өнеге, дәстүр қалды. «Жастарды ерте қартайтпауымыз керек. Балғын шақтың өз сұлулығы, өз қызуы, ұшқырлығы бар. Буыны қатқан, қызуы басылған аға буын аяғын қия басқан жасты дүрелей бастамауымыз керек. Әсіресе жас дарынның жалынын тұншық­тыру – қылмыс. Жалынды жас, дарынды жас көк шыбықты көрмей-ақ өссін. В.Г.Короленконың алғашқы әңгіме­лерімен танысқаннан кейін-ақ А.П.Чехов: «Мұндай жаспен қатар жүру түгіл, соңынан еріп жүрудің өзі қандай қуаныш!» – деген. «Біз мұндайға әлі тоңмойындаумыз» (Ғабит Мүсірепов. «Суреткер парызы» кітабынан). Көңіл, көңілшектіктің басқа да қайырылыс, қалтарыстары бар. Бір қайырылыс қалтарысы қас-қабақ, сәлем-сауқат. Көңілшектік дегенде, жаман ойлайтын адамдардың басына анау... анайы өлең сарт ете қалады. Сондай себеппен, ойымды әдейі таратып айттым. – Оңтүстіктің Төле би ауданында аузының ебі күшті, айтқыш қария бар дегенді естідім де, төркінін іздеген қыздай төтелеп үйіне іздеп бардым. Етек-жеңі мол, ертектегі «алпыс койдың терісі ау шықпайтын» батыр тұлғалы байыпты кісі екен. Әзіл-қалжың үстінде: – Әй, шырағым-ай, әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас шалды қаужап қайтесіндер, – деді бес биенің сабасындай кемпірі. – Атыраудан ауылына келін боп түскеніме қырық жылдан асып барады. Анаған, мынаған шығарған ауызекі өлеңдері алтын болса қайтейін, маған арнаған жарты ауыз жарапазаны да жоқ. Қырық жылда қиыстырып кемпіріне кетік өлең шығармаған шалдан не үміт, не қайыр?! Сол – сол-ақ екен, шалқалап жатқан шалың кемпіріне арнаған кетік өлеңді қолма-қол суырып салмасы бар ма! Біз неғып бұл адайдың қызын алдық, Тұлға да жоқ, тұрпат жоқ қызығарлық. Толтырып тоғыз тостақ көже ішкізіп, Байғұстың фигурасын бұзып алдық.   Біз неғып Атыраудан барып алдық, Мұнда да жоқ емес ед тартынарлық. Алыстағы адайдың қызын алып, Өмірі балдыз шымшып жарымадық. Қыран-топан күлкі. Бәріміздің шек-сілеміз қатты. Расында да бұл ауданда Адай жоқ. Жұрттың негізгі құрамы – Жаныс пен Сиқым руы. Сіз жеңгемізге арнап әзіл-қалжың ретінде болса да өлең шығардыңыз ба? – Алдыңғы сауал-сұрағың келесі сауал-сұрағыңмен, менің ойлауымша, сабақтас, салалас. Композициялық тұтастықты ойлағаның шығар. Сонымен қатар, қайта­лаулар да ұшырасып қалады. Міне, тағы да сәл-пәл анайылық... «Сен кімге күлесіңді» окыдың. Бір бө­лімі – «Әулетіміздің альбомы». Қақ орта­сын­да күйіп-пісіп жеңгең жүр. Қылжақ, болмаса боғауыз өлең ұшырастырдың ба? Құдай қосқан қосағы, сыңары – балаларының анасын әрі итеріп, бері тартып, қылжақ-мазаққа айналдыратын, бірер шумақ өлең шығарып, оны ырқ-ырқ күліп көрінген жерде оқитын берен ауыз берекесіздерді әр жерде кездестіріп жүрміз. Құдай қосқан қосағының бұлай жүрегін ауыртып, жанын жаралау – көргенсіздік! Проблема әркімнің басында, әркімнің ішінде, тіпті әрбір отбасында, Отанында. Оны ойбайлап шеше алмайсың. Ол менің үй-ішімде де аз емес. Мін-кемшілік өзімнің үстімде де, келіншегімнің үстінде де өріп жүр. Өзімдегі, отбасымдағы проблемаларды мен ырылдасып емес, әзіл-қалжыңмен, ыммен, тұспалмен шешкенді жөн көрем. «Әулетіміздің альбомының» моралі – сол. Сөз орайында тағы да жеңгеңді аузыңа алдың. «Кемпір мақтау мәселесі» есінде ғой? «Күлкіге құрмет ше?» Бұл үйдің А. Мариям беделдісі, Кімге не, біледі өзі, берем десе. Бұл үйде тұрады бір және дағы, «Бар», «жоқтан» хабары жоқ «керең» кісі.   Әйелдің тура айтатын тура биі – Басында Мариямның тұрады үйі. Кішкене кемшілігі, қызып кетсе, Дауысы азан-қазан радио.   Бұл үйде бас бухгалтер, банк те өзі, Әр тұрғын қарайды оған жанып көзі. Кредит алам деген адам болса, Алдына арыз жазып барып көрсін.   ... Ұйқысы оның өте короткое, Мызғиды телевизор қарап қойып. Тиеді нервісіне жаман шалдың, Тырпылдақ тәпішкімен әр өткені.   ...Құрметім, түсініңдер, құлындарым, Күлкідей құдіретке мұның бәрі. Байқаймын, тым суытып барасыңдар, Тырқылдап алыңдаршы бүгін бәрің.   Ауланы сыпырмаса құм басады, Көңілді көтермесе түн басады. Күлкімен жылытыңдар бойларыңды, Тұрады тас төбеде күн қашанғы?! – Арқа жақта арнайы оқырмандармен кездесу кешін өткізген соң алақұйын ақын Рафаэль Ниязбеков қонақүйінде жатқан Ғафу Қайырбековке «Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы санын әкеп: – Сүйінші, Ғафеке, – депті, – сіз туралы эпиграмма шығыпты. – Оқышы. Рафаэль тақпақтай жөнеледі: «Күндіз-түні тынбастан, Жаздыңыз-ау «Тың-дастан» – Ғафу! ... жату. Ғафу! ... ашу. Соңы кетті-ау ұйқаспай, Сіздің кейбір ұйқастай».   Ойпырай, Ғафеке, сіздің атыңызға ұйқас көп екен-ау, ә? – Немене, – деп шамданыпты Ғафекең, – сенің атыңа ұйқас жоқ па? – Отыз жыл ойлансам да, өз атыма ұйыған айрандай ұйқас таппадым, аға. – Онда онша болмадың, – деп Ғафекең сөзінің салмағын өлеңге түсіріпті. Ұйқасты таба алмасаң, Рафаэль, Таппайсың ба одан да бір-екі әйел! Сіздің атыңызға да ұйқас бар. Мысалы: Үмбетбай Үйіне барады күн батпай!.. Жалпы, ұйқаспаса өлең өлең болмай қалатыны несі? Әлде соған етіміз үйреніп кеткен бе? Ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов Шекспирдің «Асауға тұсауын» ұйқастыр­май-ақ ақ өлеңмен аударған жоқ па? Ақ өлең! Ағып тұр. Әңгіме ұйқаста ма? – Кейін қалған сауал-сұрақтардың бірінде бұл мәселеге де недәуір тоқтағанбыз. Қайталау. Қайталай берсек, оқырманды мезі қыламыз. Ұйқас. Рабайда болмаса, адам аттары­нан ұйқас құрап өлең жазу –әлсіздік. Әрі кеттік. – Балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев үш-ақ күнге жеткізбей Пушкиннің «Алтын балық» туралы ертегісін апыл-ғұпыл аударып шығыпты. Бірақ оған өзі онша қуана қоймапты. Жақсы, жаманды қу іш сезеді ғой, аудармасы ала-құла болса керек. Жақсы өлеңді жарытып аудармағасын, жалма-жан қылша мойнын талша иіп, өзіне-өзі эпиграмма жазыпты. Айналасы үш күнде, Аударып шықтым Пушкинді. Түсінбеймін өзім де, Түсінбейді ешкім де!.. Сатирик Садықбек Ддамбеков өзінің алпыс жылдык мүшел тойында «Не бітірдім, не тындырдым?» – деген сауалға өлеңмен өзі жауап берген. Мен өлгенде жақсы жырлар Жаназамды шығарып, Драматургияға сүйегімді артады. «Атылған қыз» Қара орамал жамылып, Фельетондар азалы күй тартады. Ауыр да болса ауқымды автопортрет. Сол сияқты өзіңізге өзіңіз сын көзбен қарап, эпиграмма немесе пародия жаздыңыз ба? – Пародия – сатира. Сатиралық жанр. Этимологиясы жағынан ол грек тілінен енген термин сөз. Бірнеше мағынасы бар. Бір мағынасы – өлеңнің өз кемшілігін өзімен, өлеңшінің де іс-қылығындағы өз кемшілігін өзімен сылап-сипап сынап-мінеу. Біздің кейбір пародияшьшарымыз пародияның жаратылыс-табиғатымен санаспай, ақсаңдап, екі иығын көшіріп-қондырып тойтаңдап, көзін ақшитып, біреулерді сайқымазақ қылып, неше түрлі ыңғайсыз қылықтарға барып жүр. Паро­дия­ның зерттейтін объектісі – мораль. Ол – адам мен қоғам тәрбиесінің құралы. Пародияның әдептен озбаған клас­сикалық үлгілері көп. Сен әлгінде мысалға алған Әнуарбек Дүйсенбиевтің өлеңі – әдемі пародия. Өзінің мін-кемшілігін мойындау. Садықбек Адамбеков өлеңі ше? Жоқ, ол оның жүрегінен тасып төгілген іштегі запыраны, кез келген жерде кез келгенге айта бермейтін трагедиясы. Өзіме келсем, мен өзіме сын көзбен қарайтын адаммын. Әрбір қателіктерімнен кейін өзіме өзім кіжініп, «дор-р-ақ!» – деп жер-жебіріме жетемін. Ал таза пародия жаздым деп айта алмаймын. Мынау қалай? ... Жазып едім ойқастап, Құрдастарға наз, Оқып берсем қол боста – Қонақтарым мәз. Жазып едім со-но-о-да, Нағашыма наз. Оқып берсем, соған да, Бала-шағам мәз. Өзімді өстіп алдаймын – Қарашығым «мәз». Уайымы жоқ жандаймын, Қара шығыны аз.   ... Арқа-жарқа болмақ қім, Ара шағып мәз?! («Лейтмотив»).   Мынау ше? ... Баласы Уәйда шалдың Үмбетбаймын, Үстімнен табылады бір қаптай мін. Келемін ақ көйлекпен ағараңдап, Арымды ақ балшықпен күнде ақтай­мын.   Балықпын. Үнсіздікпін. Жайшылық­пын. Айқаймын осса арқасын қамшы үміттің. Мінезім: түсінікті, түсініксіз, Мәнісі: айқыш-ұйқыш қайшылықпын.   Рұқсат болса әлі де айтарым бар: Артықтау кетсе сөзім қайтарыңдар. Суқаным сүймейтұғын біреулерді, Көрмейтін көріп тұрып сайтаным бар.   Тігінен қарағанда бір қаптай үн – Баласы Уәйда шалдың Үмбетбаймын. Көжені күтіп-күтіп қалғып кетсем, Ұйықтаған жылап-жылап «құндақтай­мын».   Шамамен 60 см. көлденеңім, (Қарасын осыдан-ақ көр денемнің). Мұрыным жетеді екі-үш ұрпағыма, Аузына құм құйылсын – «өй» дегеннің!   Жүрісім болмай қалған – балпаң-балпаң, Тұрысым оңбай қалған – әркім аң-таң. Қимылым салдыр-күлдір, қаңғыр-күңгір, Жүрегім ашық-тесік, алқам-салқам. («Сырымды айтайыншы». Үзінді). Қалай? He дейсің? – Аузы дуалы, арқалы ақынымыз Әбділда Тәжібаевтың 80 жылдық мүшел тойына арнау өлеңдер жаза қойыңдаршы! – деді «Ара» журналының редакторы Қалтай Мұхамеджанов былғауыштың басындай мұрнын бір сипап. Тапсырма берілді, тастай етіп орындау – лазым. – Не деп жазамыз? – дедім қалжыңбас Қажытай Ілиясовқа қарап. – Анау-мынау айтыстарда, алқа-қотан жиындарда біраз ақындарды тәубесіне келтіріп жеңіп жүрсің ғой. Сарай ақыны секілді көпшік қойған көп өлеңнің бірін өзің-ақ сүйкей салшы, Қажеке! – Өлең өгіз емес, қалай жетектесең, солай жүретін, – деп, Қажытай қарсылық білдірді. – Пәленшенің нұсқауымен, төленшенің ұстауымен өңмеңдеп өлең жазып көрмеп ем. – Ендеше, екеуміз қара өлеңнің қайығына отырайық, бір ескегін сен ес, екіншісін мен есейін. – Қайым айтыс секілді қақ жартысынан қылдай бөлісіп жазайық дейсің ғой? Ал, баста ендеше. – Жолың үлкен ғой. Өзің баста, Қажеке! Әжің-күжің әңгіменін қиюын таппай, әрі итеріп, бері созып отырғанымызда Әбекеңнің мүшел тойына арналған әдемі әзілдің дүниеге келгенін аңғармай да қалдық. «Күмбірлеп «Көне қоңырау» Орденге толы омырау. Кеше жігіт, бүгін шал, Құстай ұшқан өмір-ау, Әбекең келді сексенге!   Тең сермеген қанатын, Әрі ғалым, әрі ақын. Топ жаратын жорғадай, Тоқсанға да баратын, Әбекең келді сексенге!» Ілгеріде орыстардың «Кукриниксы» деген атақты үш суретшісі болғанын білесіз. Үшеуі бірлесіп әлгіндей лақап атпен сайқымазақ карикатура салған. Ильф пен Петров бірлесіп «Он екі орын­дық» секілді сатиралық роман жазғаны әмбеге аян. Сол сияқты базбір қаламгермен бас тоқайластырып, бірлесіп «бірдеңе» жаздыңыз ба? – Есімде жоқ. Жалпы, міңгескенді жарат­паймын. – Жазушылар одағының қапталына орналасқан «Қаламгер» кафесінде үміті зор үш-төрт ақын қызыңқырап отырып, еркек өсекке көшіпті. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы­ньщ лауреаты атанған ақын қыздың мүсінін келемеждеді. Ол рахит ауруымен ауыратын-ды. – Ақынның ажарлы болғаны қандай жарасым­ды. Мысалы, біздің Шөмішбай­ларды көргенде Пушкин тіріліп кеп қалған екен деп ойлайсың. Қитар көз, қисық аяқ қызға да атақ беріп... Еркек өсекке екі құлағын тосып отыр­ған Оспанхан ағам: – Әй, жігіттер, – деді бұларға бұрылып, – қисық аяқ деп күндемеңдер. Оның аяғы қисық болса, бойындағы талантты көтере алмай қисайып кеткен. Білдіңдер ме?.. Бетімен сөйлейтін берекесіз адамдар­дың қылығына сіз де шыдамайсыз. Тартын­байсыз. Бетің бар, жүзің бар демей айтып тастайсыз. Тіпті төбелесуге де даярсыз. Неге? Жаратылысыңыз солай ма? Қазір біреу біреумен қырықпышақ боп қырқы­сып, төбелесіп жатса да ешкім ара түсіп ажыратпайтыны несі? – Осекең ол жерде олай демеген болар. Олай десе табалағаны, мұқатқаны. Жоқ, Осекең олай демейді! Пікірсіз адам бола ма. Кейбір адамдар жайында менің де азды-кем өз ұстанымым бар. Бірақ мен оларды көп әңгіме қылмаймын. Отыз жылдай ілгерінді-кейінді келе жатырмыз: «Пәленбай – арам, ит, шошқа. Бәленбай – дорақ, бездарный, алқаш», – деп, өзіңе бір адам жайында әңгіме айттым ба? Өсек-аяңға жаным қас. Ауыздықтап асауды шідерледім, Сарылдатып құйған соң жігер елім. Өсек-мөсек шаңдатып келе жатса, Бір шыңғырып түшкіріп жіберемін. («Бір түрлі адам») Жасаған ие біреуге бергенін біреуге бермейді. Біреуде бар біреуде жоқ, біреуде жоқ біреуде бар. Мына біз екеумізде мөлдіреген көз де, сорайған бой да жоқ, ұзынды-қысқалы ой мен күлдіретін сөз бар. Біздің үйдегі Ардагер ініңнің басы аздап жалпақ, сенің аяғың сәл-пәл талтақ. Маған тартқансың. Көлем жағынан да екеуміздің ара қашықтығымыз көп алыс емес. Көпшілік көліктерде мен бірталай адамдардан едәуір жоғарымын, былайлау­мын. Бірталай адамнан бірталаймын деп, иә, ал, оларды қомсынуға, кейбіреуден былайлаумын деп өзіңді қорсынуға бола ма? Ойнап айтсын, шындап айтсын – әр жерде, әркімдер менің де көлеміме көңіл толмаушылық байқатты. Туыстық, наға­шы-жиендік, құда-жегжат, дос-жарандық қатысын, жас шамасын, жынысын және дауыс ырғағын «ескеріп», оларға тиесілі жауап­тарын бердім. Тойтарыс алды. Жас­тау кезде аздап жұдырықтың да қатысқаны бар. Жалпы, қарға бойлы Қазтуған жырау­ды, Қадырды (Мыр-за Әли) білмейтін шолақ ойлы шолтаңбай біреулер болмаса, тәртіпті, тәрбиелі адамдар «сопақ», «су мұрын сораңбай», «сүмек», «бүкір», «мықыр», «мысық сары», «шимпанзе сары», «құсық сары» деп, басқаның о жер-бұ жеріне тиіспейді. Өмірде ондайлардың қаншасын көріп жүрміз. Өздеріне қарамайды. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» – «Сен кімге күлесіңнің» моралі осы халық даналығы тұғын. ... – Ауылда бар ма екен, Осы әлгі Ерғашев? – Жүр ғой, Құрт жеген мұрнынан ем қашып, Ел қашып. – Дардүр? – Көзі көрінген қарадан үркіп, Ол қисық мойының да, Жүр ғой жер басып. – Ардабай? – Ой, ана мыңқылдақ мырқымбай ма? – Алдабай? – Тамағында қақырық тұрғандай сөйлейтін ана қыртымбай ма?  

(Жалғасы бар)

 

Көпен ӘМІРБЕК