Тамыз айында елімізде бірқатар өзгеріс енді. Мәселен, барлық өңір «қызыл» аймаққа өтіп, «қою қызыл» аймақ пайда болды. Мегаполистерде демалыс күндері локдаун енгізілсе, індетпен күресіп жатқан дәрігерлердің үстемеақысы екі есеге қысқарды. 5 өңірде қатаң шектеу шаралары қабылданып, қызмет көрсету саласы жұмысшыларына вакцина алу міндеттелді. Жоғарыдағы өзгерістер қатаң карантин енгізілетінін білдіре ме?
5 қалада күшейген карантин
2 тамыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау мен Қарағанды қаласында карантин күшейді. Бұқаралық, спорттық, отбасылық шаралар өткізуге тыйым салынды. Әрине, Ashyq жобасына қатыспайтын кәсіпорын мен ұйымдардың да қызметі тоқтатылды. Оның үстіне, мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйым қызметкерлерінің 80%-ы қашықтан жұмыс істеуге көшті. Егер жұмысшылардың арасында екпе салдырғандар мен кейінгі үш айда коронавируспен ауырғандар болса, кеңсеге келіп жұмыс істеуіне болады. Бірқатар ұйымға жоғарыда айтқан Ashyq жобасына қатыспай-ақ карантин күшейген аймақта жұмыс істеуге рұқсат берілгені тағы бар. Мәселен, өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылысшылар, көлік жуу орындары, туристік компаниялар, сақтандыру компаниялары, жылжымайтын мүлік агенттіктері мен тағы басқаларына жеңілдік жасалды. Одан бөлек, қоғамдық тамақтану орындары жеткізу қызметі негізінде жұмысын жалғастырады.«Қою қызыл аймақтағы» жағдай
Карантин шарасы қатаңдаған қалалардың ішінде Алматының жағдайы айтарлықтай қиын. Өйткені мегаполисте стационарлардың 65,6%-ы толған. Сол үшін қала «қою қызыл» аймаққа кірген алғашқы шаһар атанды. Айта кетерлігі, 9 тамыздан бастап стационарларының 70%-ы толған өңірлер «қою қызыл» аймаққа енеді. Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай мен жаңа аймақ статусы туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова баяндап берді. «Неліктен Алматы «қою қызыл» аймаққа кірді? Ең алдымен бұл – алдын алу шарасы. Тәулік сайын тұрғындар арасында инфекция жұқтыру саны артып келеді. Мысалы, күніне 1200-1500-ден астам жағдай тіркеледі. Ал «қоңыр-қызыл аймақ» статусына келсек, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес жалғыз критерий белгіленді. Бұл инфекциялық стационардағы төсек-орынның толуымен өлшенеді», – деді ол. Иә, Алматыдағы емдеу орындарының жағдайына үңілсек, төсек-орындарының толу үлесі 65,6%. Мәлімет бойынша, бөлінген 7 625 орынның 7 045-і толған. Шаһарда барлығы 23 ковид стационары бары белгілі. Мұнда жұмыс істейтін дәрігерлердің жүктемесі көп екені айтпаса да түсінікті. Себебі 5 мыңға жуық емделуші стационарда, тағы 10 мыңнан астамы үй бақылауында тұр. Жалпы, қалада шілде айында 20 мыңға жуық адам вирус жұқтырған. Шаһардағы ковид ахуалының мүшкіл екенін дәрігер-реаниматологтердің желіге жүктеген видеосы айқындай түскендей. Кадрға мән берсеңіз, қанша адамның өкпені желдету аппаратына қосылғанын байқайсыз. Видеоны түсірген дәрігерлер болса, бұл интернеттегі әдеттегі «үркіту» емес, Алматыдағы шынайы көрініс деп отыр.Мөлшері азайған үстемеақы
Індетпен күресте дәрігерлердің аянбай күресіп жатқанын бәріміз білеміз. Сол үшін оларға тағайындалған арнайы үстемеақы бар. Алайда 1 тамыздан бастап олардың үстемеақысы екі есеге қысқарады. Тиісінше, қазан айынан бастап мұндай ақы түрі мүлдем төленбейді. Бұған дейін коронавируспен күрес үшін абзал жандар 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін үстемеақы алатын. Енді 1 тамыз бен 1 қазан аралығында бірінші тәуекел тобында қызмет еткендерге 425 мың теңге төленеді. Сондай-ақ екінші тәуекел тобындағыларға 212 500, үшінші топтағыларға берілетін үстемеақы мөлшері 106 250 теңгеден аспайды. Дегенмен 1 қазаннан бастап үстемеақы беру тоқтағанымен, дәрігерлерді ынталандырудың жаңа ережесі енгізіледі. Яғни, қосымша ақы алу үшін індетпен бетпе-бет келудің қажеті жоқ. Сондықтан Президент пандемия басталғалы бері төленген үстемеақының уақытша екенін, дәрігерлерді көтермелеудің басқа да мүмкіндігін қарастыру қажетін атап өткен-ді.Карантин жайы не болмақ?
Жұрт Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің мәлімдемесінен кейін секем алып қалды. Себебі елімізде алғаш коронавирус жұқтырған науқастар тіркелетін күнді дөп тапқан маманның аузы дуалы ма дерсіз. Ол бұл жолы 3-4 тамыз күндері жағдай нашарлайтынын, 10-12 тамызда вирус жұқтыру деңгейі шегіне жететінін болжады. Оның айтуынша, реалистік болжам бойынша, тамыз айында 25 мың науқас вирус жұқтырады. Ал бас санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың қаулысында «қызыл-қоңыр аймаққа» енген өңірлерде карантин шарасы күшейетіні ашық жазылған. Оның үстіне, карантин күшейген бес қала жайы бөлек қарастырылған. Егер Бекшин айтқандай бір ғана Алматының өзінде 25 мың адам вирус жұқтыратын болса, елдің «тамыз айынан бастап қатаң карантин енгізіледі екен» дегені шындыққа айналатындай. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға тура қарар болсақ, қатаң карантин шарасы вакцина алғандар мен вирус жұқтырғандар санына тәуелді. Жалпы, инфекцияның таралу ауқымына байланысты болмақ. Сөзімізге дәлел ретінде Білім және ғылым министрлігі қызметкері Жомарт Қарамбаевтың брифингте айтқан сөзін келтірсек болады. Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары 1 т оқсанда оқыту форматының қалай өтетіні эпидемиологиялық ахуалға байланысты екенін ашық айтты. Жаңа оқу жылының басталуына бір ай қалғанын ескерсек, сала мамандары да нақты жауап беруге шарасыз. Демек, бір айдың ішінде жағдай қалай өзгеретінін ешкім болжап біле алмайды. Белгілісі, қызмет көрсету саласының жұмысшылары 10 тамызға дейін вакцина алуға міндетті. 1 қыркүйекке дейін вакцинаның екінші компонентін алмаған қызметкері бар компанияға тексеріс жүргізіліп, айыппұл салынады.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ