Токиода әлемнің 200 мемлекетінен келген 11 мыңға жуық спортшы спорттың 33 түрінен бақ сынап жатыр. Олардың арасында Босқындар құрамасы да бар. Бастапқыда бұл құраманың жарысқа қатысуына көбі қарсы болғанымен, қазір сол спортшылар Олимпиада ойындарының ажырамас бөлігіне айналды. Тіпті, құраманың әнұраны мен туы да бар. Босқындар құрамасы Жазғы Олимпиадада алғаш рет Рио Олимпиадасында бақ сынады. Бір ерекшелігі, ХОК-тің өзі әр босқынды көрсеткен нәтижесіне қарамастан Олимпиада стипендиясымен қолдап отыр.
– Халықаралық олимпиада комитеті босқындар Риода өтетін олимпиада ойындарына қатыса алады деген шешім қабылдады. Олар олимпиада қалашығында тұрады. Біз осы шешім арқылы босқындарға қолдау білдіргіміз келеді. Олимпиадаға қатысатын спортшылардың деңгейінің жоғары болуына байланысты біз команда үлкен болмайды деп ойлап отырмыз. Бәрі дұрыс болса, командада 5-тен 10 адамға дейін болуы мүмкін, –деген Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах осы ұтымды шешімі арқылы босқындар мәселесіне әлемнің назарын аудартты. Дүниежүзінің әр қиырында шашырап жүрген адамдардан жиналған босқындар құрамасы сапында Риода 10 спортшы өнер көрсетсе, бұл жолғы Олимпиадада, яғни Токиоға келген спортшылардың саны үш есеге артқан. 29 спортшыдан құралған топ 12 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Халықаралық олимпиада комитеті биылғы додаға қатысуға ұсыныс берген 56 өтінішті қарастырған. Нәтижесінде, Ауғанстан, Венесуэла, Конго Демократиялық Республикасы, Эритрея, Иран, Ирак, Камерун, Конго Республикасы, Сирия, Судан, Оңтүстік Судан спортшыларына жолдама берілді. – Мен барлық Олимпиада қозғалысының атынан сіздермен жүздесіп, Токиодағы бәсекеге дайындықтарыңызды көруге асық екенімізді білдіргім келеді. Сіздердің өнер көрсетулеріңіз бүкіл әлемге мықтылық пен үміттің белгісі болмақ, – дей келе ХОК басшысы Томас Бах спортшыларға жолдама табыстаған болатын. Спортшылар жүзу, жеңіл атлетика, бадминтон, бокс, велоспорт, ауыр атлетика, күрес сияқты спорт түрлері бойынша бақ сынайды. Босқындар құрамасында Отанынан саяси, әлеуметтік не өзге себептермен қашуға мәжбүр болған спортшылар қосылған. Мысалы, Иран елінің дзюдошысы Джавад Маджуб нәсілдік қысымға ұшыраған. Ол 2012 жылы Олимпиада ойындарына жолдама алған. Алайда бірінші айналымда Израиль спортшысы Арика Зеевиге қарсы түскендіктен, жарысқа бармады. Бұрыннан келе жатқан екі ел арасындағы саяси және діни қақтығыстардың салдарынан Иран спортшыларына Израиль тұрғындарымен жарысуға тыйым салынған. Спорт министрі Мұхаммед Аббасидің айтуынша, «сионистермен жарыспау – иран халқы мен спортшыларының мақтан тұтатын себебі және құндылығының бірі». Осының салдарынан Джаваданы елінен шығармады. Бұл бір рет болған жағдай емес, бірнеше рет қайталанған соң спортшының шыдамы таусылып, ол Канадаға қоныс аударуға мәжбүр болады. Ауған қызы Нигара Шахинның басынан кешкен оқиғасы да шытырманға толы. Ол дзюдомен шұғылдану үшін елден кетуді ұйғарған. Өйткені бұл елде қыздарға кез келген дене мүшелері жанасатын спорт түрлерімен айналысуға болмайды. Нигара тәуекелге бел буып, Ресейге қоныс аударады. Құрамадағы Юсра Мардини Токиода 100 метрге жүзу бойынша өнер көрсетті. Жүлдегерлер қатарынан көрінбесе де, көпшіліктің көзіне түсті. Сириялық қыз 2015 жылдан бастап Германияда тұрады. Аталған додаға 5 жыл дайындалған. Бұл – оның екінші Олимпиадасы. 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы Олимпия ойындарында бой көрсеткеннен кейін басылымдар Юсра туралы жаза бастады. Ол БАҚ өкілдеріне өзінің тағдыры туралы бірнеше рет айтып берді.Сириядағы тоқтаусыз соғыстан қашқан спортшы қыз әпкесімен Грекияға жол тартады. Жеті адамға арналған қайыққа 20 жолаушы отырған соң жарты жолда суға бата бастаған. Сонша адамның ішінде тек Юсра мен әпкесі ғана жүзуді білген. Сондықтан олар қайықты 3,5 сағат бойы жағаға шығаруға жәрдемдескен. Сол Юсра Мардини Токио Олимпиадасында эритреялық жеңіл атлет Тахловини Габриесоспен бірге Босқындар құрамасының туын ұстап шығу мәртебесіне ие болды. Сарапшылар бұл Юсраның соңғы Олимпиадасы деп болжам да жасады. Спортшы алдағы уақытта Германия азаматтығын алып, оқуын жалғастырып, спорт мектебін ашуды армандайтынын жеткізді. Жоғарыда есімі аталған Тахловини Габриэсос кішкене ғана Эритрея елінің марафоншысы. Тахловини өміріне қауіп төнгендіктен, 12 жасында Африканың шығысындағы қаланы тастап қашады. Судан мен Мысырдың шөлін басып өтіп, Израильге дейін жаяу жеткен. Бүгінде Израильде тұратын спортшы жеңіл атлетикамен айналысады. Сондай-ақ құрамада Иранның 5 азаматы бар. Кимия Ализаде таэквондодан 2016 жылғы Олимпия ойындарында қола жүлдегер атанған. Иранда Олимпиада медалін таққан алғашқы әйел. Бұл құрамадағы спортшылардың басты мақсаты жеңіске жету ғана емес. Олар әлемге өзінің қиын тағдырын көрсету арқылы туған жеріндегі, еліндегі жағдайдан құлағдар еткісі келеді. Осы арқылы жақсы өмірге аяқ басып, босқындар мәселесін шешуге мүмкіндік алғандар да аз емес. Мәселен, Юсра Мардини БҰҰ бағдарламалары аясында босқындар жағдайына қатысты мәселелерді шешуге көмектеседі. Under Armour киімдер брендін таныстырады. Ал Масома Али Зади – Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының тұрақты өкілі. Әзірге ешқайсысы көш бастап, озып шықпаса да, халықаралық аренада бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірін көтеріп жүргеніне қуанышты. Таяуда Моңғолия азаматтығын алғанға дейін Босқындар құрамасының сапында болған Моллаеи Токио төрінде күміс жүлдегер атанды. 2018 жылғы әлем чемпионы Моллаеи екі жыл бұрын Ираннан қашқан. Айтуынша, Иран одан әлем чемпионатының финалында израильдік Саги Мукимен кездеспес үшін жартылай финалда әдейі жеңілуді талап еткен. Иран Израильді басты жауы санайды. Иран спортшылары жарыстарда Израиль спортшыларымен кездесуден жиі бас тартады. Моллаеидің Токио татамиіндегі алғашқы белдесуінде қазақстандық Дидар Хамзаны жеңгенін де айта кетейік. 29 жастағы балуан 81 келідегі салмақ дәрежесіндегі белдесудің ақтық айқасында жапониялық Таканори Нагаседен жеңіліп, Олимпиаданың күміс медалін мойнына тақты. Моллаеи Токиодағы үздік көрсеткішінен соң көпшілікке «Анамды, әкемді екі жылдан бері көрмедім. Бұл медалімді біріншіден өзіме, екіншіден отбасыма, ата-анама, үшіншіден мені осы жолда қолдаған барлық жанға арнаймын» деген үндеу жасады. Токио Олимпиадасында өнер көрсетіп жатқан Босқындар құрамасының жігерлі спортшыларының жер бетіндегі өзге де босқындарға ерекше күш-жігер сыйлап, көпке үлгі болып жүргеніне бүгінде барша әлем жұртшылығы куә болуда. Бұл жандарды қайтпас қайсарлықтың жарқын үлгісі десе де болатындай.Абылайхан ЖҰМАШ