Салмақ тағы дәрігерлерге түсті
Салмақ тағы дәрігерлерге түсті
322
оқылды

Вирус өршіген сайын дәрі­гер­лердің жұ­мысы да қиындап ба­рады. Реанима­циялық төсек­тер­ бос емес. Cондықтан ко­ро­на­ви­рус жұқтырған науқастар саны­ның артуына бай­ланысты көпте­ген сала­лық ауру­хана ко­вид­ті ем­деуге көшті. Ал ковидтен бас­қа дертке шал­­дық­қандар емнен қағылып жатыр. Сөйтіп, екі ор­тада дәрігерлерді айыптап жатыр.

Коронавируспен күрес оңайға соққан жоқ. Өткен жаздан бастап ауруханаларда коронавируспен ауырып жатқан науқастар үшін төсек-орын бөліне бастады. Же­дел медициналық жәрдем ауру­ханасы инфекциялық стацио­нар­ға ауыстырылып, артынша аймақ­тардағы біраз медициналық ме­кеме, ҰҚК мен Қорғаныс ми­нистр­лігі, ІІМ госпиталь­дарын­дағы стационарларда ковидке қарсы күрес бойынша жүктеме алды. Оның үстіне, аурухана­лар­дағы дәрігерлердің біразы ковидке қарсы күреске жұмылдырылды. Ал олардың орнында қалған медициналық қызметкерлердің жұмысы екі есе көбейді. Мәселен, бұрын 4-5 науқасқа жауап беретін дәрігердің мойнында оннан аса адамның денсаулығына жауап­кер­шілікпен қарау жүктелді. Де­генмен ковидке қарсы күреске жұмылдырылған әріптестері секілді үстемеақы алмайды. Сол үшін екі адамның жұмысын қатар алып жүрген қазіргі дәрігерлердің дені коронавируспен ауыратын науқастарды қарауға ауысқысы келетіндерін жасырмайды.

Ковидпен күреске кеткісі келетіндер көп

«Бұрын күніне 2-3 науқасты қа­былдайтынбыз. Қазір күніне 7-9 науқас түседі. Біз де басқа әріп­тестеріміз секілді ұйқы көрмей, тәулік бойы науқастармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұрын біз тек хи­рургиялық науқастармен жұмыс істесек, қазір соматикалық ауру­лар­мен ауыратын балаларды да қатар алып жатырмыз. Мұндай кез­де науқастардың арасында тү­сінбеушіліктер болады. «Бізге кө­ңіл бөлінбей жатыр» деген сөздер айтылуы мүмкін. Қанша дегенмен қызмет көрсету сапасы төмендейді. Екіншіден, осы үшін бізге үсте­ме­ақы төленбегендіктен, медиц­и­налық қызметкерлердің ковидпен ауырып жатқан науқастардың қа­тарын толықтыруға көңілдері ауа­ды. Екі ортада науқастардың ден­саулығына кері әсерін береді», – дейді аты-жөнін атамауымызды сұраған дәрігер. Оның айтуынша, қазір күн сайын қабылдауға түсіп жатқан балалардың арасында коронавирус белгілері бар нау­қас­тар кездеседі екен. «Ауру белгілері бар балалар көп келеді. Ол баланы басқалардан оқшаулап жатқы­замыз. Кейде ауру белгілері шықса инфекциялық ауруханаларға жібереді. Бірақ сол науқастармен жұмыс істеген медицина қызмет­кері ары қарай қызметін жалғас­тыра береді. Олардың жанында жүрген дәрігерлер жансақтау бө­ліміндегілермен тығыз жұмыс істейді. Ковидпен ауырса да, үйде ем-домын жасап, ары қарай жұ­мыс істей береді. Өйткені коро­навируспен ауырғанын айтқанмен, жағдай өзгермейді. Керісінше, ауру жұқтырғаның үшін өзің жауап беруге тура келеді. Сол үшін ауыр­ғандарын ешкім айтпайды», – дей­ді Алматыдағы №1 қалалық ба­лалар ауруханасының дәрігері. дәрігерлер Қауіпті індетпен күресте ал­дыңғы шепте жүрген ақ халат­ты­лардың еңбегі ескерілгендіктен, медициналық қызметкерлерге үстемеақы төленіп келді. Бұл қар­жылық көмек қауіптілік деңгейіне байланысты инфекциялық ста­цио­нарда жұмыс істегендерге, мо­бильді топ мүшелеріне және жедел жәрдем қызметкерлеріне берілді. Алғашқы алты айда қа­уіп­ті індетке шалдыққандарды қа­был­дай жүріп, өзі де вирус жұқ­ты­рып алған медицина мамандары мемлекеттен қосымша тағы 2 млн теңгеден қаржылай көмек алды. Бірінші санатта жұмыс істеген дәрігерлердің еңбекақысына 850 мың теңге, екінші топтағыларға 425 мың теңгеге дейін, ал кіші медициналық персонал, яғни жедел жәрдем жүргізушілері, та­залықшы және өзге де қызмет­кер­лерге 200 мың теңгеге дейін үстемеақы қосылды. Осы уақытқа дейін дәрігерлерге 229 миллиард теңге үстемеақы берілді. Дегенмен биыл қазаннан бас­тап сала мамандарына «ковид» үстемеақысы төленбейтін болды. Ендігі жерде ақ халаттыларды қол­даудың жаңа пакеті дайын­далып жатыр. Бұл бойынша рени­матолог-анестезиолог дәрігер­лер­ге, инфекционистерге, несте­зис­терге, эпидемиологтерге, алғаш­қы медициналық санитарлық көмек қызметкерлеріне және ядролық медицина орталығында жұмыс істейтіндер, паталого­а­на­том дәрігерлерге ғана үстемеақы төленеді. Бұдан бөлек, қазір үсте­меақы алып жүргендер тамыз бен қырқүйек айларында тек 50 па­йы­зына ғана қол  жеткізеді. Сондай-ақ сұранысы жоғары бағыттағы ме­дицина қызметкерлерінің жа­ла­қысы 9 санат бойынша көте­ріл­мек. Алайда екі бөлімнің жұмы­сын қатар атқарып жүрген өзге ме­дицина қызметкерлеріне үсте­меақы берілетіні белгісіз.

Кәсіподақ көңіл бөлуі керек

Қауіпті індет болмаған күннің өзінде де дәрігерлер науқастарға көмек көрсетуі керек. Олардың бұл қызметі үшін тұрақты айлық алады. Ал коронавируспен ауы­рып жатқандарды емдеуге жұмыл­дыру үстемеақы үшін емес, жұқ­палы аурулармен жұмыс істейтін ма­ман­дардың жетіспеушілігінен туындап отыр. Осылай деген «Аман-сау­лық» қоғамдық қоры­ның прези­денті Бақыт Түменова: «Әрине, екі бөлімнің науқастары­мен жұмыс істеу оңай емес. Ме­ніңше, меди­циналық қызметтің сапасы түсіп кетпеу үшін кәсіп­одақ өкілдері бұл мәселеге тере­ңі­рек үңілгені жөн шығар. Қыз­мет­керлерінің жағ­да­йына көңіл бөлу солардың міндеті. Егер шын­дығында жүктемесінің ауыр­лығына, ауру жұқтыру қау­піне, мамандардың жетіспеушілігі туындап жатса, сол медициналық мекеменің қызметкерлері бір­ауыздан кәсіподақ басшысына басындағы жағдайларын айтуы тиіс», – дейді. Аймақтардағы ауруханалар мен емханалар жергілікті жердің әкімдігіне бағынышты. Бізде тікелей қарасты мекемелер са­наулы. Сондықтан барлық меди­циналық мекеменің қызмет­кер­ле­ріне айлықпен үстемеақы таға­йын­дау сол жердің бюджетіне бай­ланысты. Министрліктің жұ­мысы – заң жобасын дайындау, қызметкерлердің жұмыс істеу тетіктерін қарастыру. Корона­ви­русқа қарсы күреске жұмылды­рыл­ған дәрігерлерге келетін нау­қас­тардың барлығы нақты ковид жұқтырып келгендер. Сондықтан оларға үстемеақы төленеді», – дей­ді Денсаулық сақтау министр­лігі баспасөз қызметінің өкілі.

Жадыра МҮСІЛІМ