Байден АҚШ-тың банк жүйесін Қазақстанның тумасына тапсырмақшы: Сәуле Омарова кім?
Байден АҚШ-тың банк жүйесін Қазақстанның тумасына тапсырмақшы: Сәуле Омарова кім?
Фото: Тwitter.com
425
оқылды

Қазақстанның тумасы Сәуле Омарованың кандидатурасы АҚШ Қаржы министрлігі жанындағы Валютаны бақылау басқармасының басшысы лауазымына қаралып жатыр. Тhe New York Times басылымы оның АҚШ-тың банк жүйесіндегі қандай мәселені шеше алатынын жазды.

Валюта бақылаушысы АҚШ-тағы барлық банктің – жергілікті және шетелдік банктердің қызметін бақылайды. Омароваға дейін бұл лауазымға тағы 2 кандидат қаралған, бірақ Демократиялық партия ішіндегі келіспеушіліктердің өршуіне байланысты Ақ үй олардан бас тартты. New York Times мәліметінше, Сәуле Омарованың кандидатурасын Сенат мақұлдаса, бұл лауазымда бес жыл қызмет етіп, Wall Street-тің ірі банктерімен жақын қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алады. Егер мақұлданса, Сәуле Омарова алдағы айларда немесе келесі жылдың басында қызметке тағайындалуы мүмкін. Америкалық басылымның жазуынша, Омарова өзге үміткерлерге қарағанда қаржы индустриясында аса танымал емес, бірақ әсіресе демократтар үшін ол оңтайлы, әрі маңызды кандидат. Себебі оны лауазымды қызметке тағайындау президент Байденнің нәсілдік және экономикалық теңдік қалыптастыру мүддесін қанағаттандырады. [caption id="attachment_154897" align="aligncenter" width="800"]Сәуле Омарова Сәуле Омарова. Фото: Іnform.kz[/caption] Сонымен бірге басылым Сәуле Омарованың қаржы саласындағы ғылыми еңбегі туралы да жазған.
"Омарованың ғылыми еңбектері бұл қызметке қаншалықты лайық екенінен хабар береді. Ол зерттеулерінде криптовалюта бизнесінің банктерге тигізетін қаупін көрсеткен. Сонымен бірге криптовалюта операциялары банктердің Федерал резерв жүйесі мен басқа реттеуші органдардың назарынан тыс көп сауда жасауға мүмкіндік беретінін айтқан. Сондықтан Омарова басқарма басшысы ретінде JPMorgan Chase және Citigroup сияқты ірі банктерді бақылауға күш салуы мүмкін", - деп жазды New York Times.
Басылымның мақаласына америкалықтар да пікірін жазған. Олардың көбі Омарованы Wall Street-ке үстемдігі жүретін жаңа күш деп санайтынын да жеткізген.

Сәуле Омарова кім?

Ол - Қазақстанның тумасы. Ашық дереккөзден Сәуле Омарованың АҚШ-қа қашан көшкені, отбасы туралы мәлімет табылмады. Ол қазір қаржы мен экономикаға маманданған заң профессоры және Нью-Йорк адвокаттар алқасының мүшесі.

1989 жылы Мәскеу мемлекеттік университетін, 1999 жылы Wisconsin университетін бітірп, 2001 жылы Northwestern университетінің Заң факультетінде заң ғылымдарының докторы атанған. Wisconsin университетінде "Посткеңестік Қазақстандағы мұнайдың саяси үнемделуі" тақырыбында диссертация қорғаған.

Ол қазір Корнелл университетінің профессоры.

[caption id="attachment_154895" align="aligncenter" width="1200"]Сәуле Омарова профессор Корнеллдің заң профессорлары Роберт Хокетт пен Сәуле Омарованың Гарвард заң мектебінде оқыған дәрісінің скриншоты[/caption]

Сәуле Омарова Джордж Буштың жанындағы АҚШ Қаржы министрлігіндегі реттеуші саясат жөніндегі арнайы кеңесші болған, оған дейін бес жыл Davis Polk & Wardwell заң фирмасында жұмыс істеген.

Сәуле Омарованың түйіндемесінде орыс және қазақ тілдерін еркін білетіні жазылған. Еске сала кетейік, бұл АҚШ-тағы мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін Қазақстанның алғашқы тумасы емес. Осы жылдың басында Әсел Робертс АҚШ Протоколы бастығының міндетін атқарушы болды. Робертс Джорджтаун университетінің Эдмунд Уолш дипломатиялық қызмет мектебін халықаралық құқық және ұйымдар саласындағы бакалавр дәрежесімен бітірді. Орыс, қазақ және жапон тілдерін біледі.