Тәуелсіздіктің 30 жыл уақыты ішінде қазақ даласында туып-өскен 4 миллионнан астам адам бүгінде әлемнің әр түкпірін кезіп кеткен. Бұл қазақстандықтардың жалпы санының 22 пайызынан асады. Яғни, туған мемлекетінен қоныс аударғандардың көптігі жағынан Қазақстан Сириядан (40 пайызға жуығы елден кеткен) кейінгі екінші орында тұр. Шам елінің жағдайы түсінікті, тұрғындары соғыстан бас сауғалай қашып, өзге жерден пана іздеп, босқынға айналған. Ал ешқандай соғыс жоқ, ың-шыңсыз бейбіт заманда Қазақстаннан мұншама жұрттың көшуіне не себеп?
Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?
Қазақ топырағында дүниеге келгендердің бестен бірі қазір шетелдерден тұрақ тапқан. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, мұның саяси-экономикалық мәні тереңде. Әлбетте, бұл көрсеткіш 90-жылдардың басында тарихи Отанына ауа көшкен славян, еуропатектес халықтардың есебінен көбейіп отыр. Бірақ қалай дегенмен де, олар да бір кездері қазақстандық азамат атанып еді. Олардың біреулері Одақ құлағаннан кейінгі аяғынан шатқаяқтап енді тұра бастаған жас мемлекеттің болашағына күмәнмен қараса, енді біреулері саяси-экономикалық жағдайдан қорықты. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының дерегі бойынша, тек 90-жылдардың басында, айналдырған үш-төрт жылдың ішінде Қазақстаннан Ресейге 2,7 млн адам кетсе, Германияға 940,3 мың адам және Украинаға 224,4 мың адам көшкен. Әсіресе, республиканың өндірісті орталық, шығыс және солтүстік өңірлерінен толассыз ағылған. Мәселен, қоныс аударушылардың 50 пайызын Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарының тұрғындары құрайды. Әрине, елден көтеріле көшіп кеткендердің 90 пайызы – орыс ұлтының өкілдері. Көш-қон үрдісі әлі де бәсеңдеген жоқ. Рас, қоныс аударушылардың орны шетелдерден келіп жатқан қандастармен толығып тұратын, тіпті бірқатар жылдары сырттан келушілердің саны кеткендерден анағұрлым көп болған. Алайда кейінгі кездегі сырттан келетін қандастар көші сылбыр, кедергі көп. 1993 жылы егемендікке енді қол жеткізгенімізде – 60 мың, 2009 жылы 100 мыңнан аса адамды қабылдаған Қазақстан, енді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында – 2021 жылы тек 1 426 адамға ғана квота белгілепті. Сөйтіп, 30 жыл ішінде көшіп келген қандастардың көрсеткіші 70-75 есе құлдыраған. Тіпті, 2012-2016 жылдары қандастарды көшіріп әкелуге мүлде квота бөлінбеген?! Оның үстіне, елімізде 2012 жылдан бері миграцияның теріс сальдосы бір төмендемей қойды: 2017 жылы – 22 130 адам; 2018 жылы – 29 121 адам; 2019 жылы 32 970 адам. Жекелеген өңірлерде тұрғындардың депопуляциясы мұнан да сорақы. Ал Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында, тіпті одан кейін, 2017-2021 жылдары да бес жыл қатарынан бір де бір квота бермеген. Бұл жылдары БҰҰ мәліметінше, 2017 жылғы Қазақстаннан көшіп кеткендердің саны 37 700 адам болған. 2018 жылы 41 900 адам қоныс аударған. 2019 жылы 45 мыңнан астам басқа мемлекеттерден тұрақ тапқан. Өздеріңіз көргендей, кейінгі жылдары тек теріс сальдо қалыптасып отыр. Қазақстан Бірінші Президенті Қоры жанындағы Әлем экономикасы және саясаты институты жүргізген сауалнамада сұрау салынғандардың 12,7 пайызы елден көшуді ойластырып жүрген көрінеді. Олардың 5,3 пайызы алыс шетелдерге қоныс аударуды қалаған. 2021 жылғы статистика да көңіл көншітпейді. Биылғы 5 айда Қазақстаннан 9 мыңға жуық азамат шетелге ауа көшкен. Отандастарымыздың ең көп қоныс аударған елдерінің легін Ресей бастап тұр. Терістік еліне 7 258 адам табан тіреген. Бұл – біздің республикамен біржолата ат құйрығын кескендердің 86 пайызы. Екінші орында – Германия. Алман елін 606 адам таңдапты. Одан кейін Өзбекстан тұр, оған 124 адам жылыстаған. Мұхиттың арғы жағы – АҚШ-тан пана тапқандардың саны 119-ға жеткен. Сондай-ақ тұрақты қоныс ретінде Польша, Беларусь, Канада секілді елдерді таңдаған жандар да бар. Еуропа мен Азия елдерінде, Солтүстік және Латын Америкасында, Африкада, Кариб бассейніндегі мемлекеттерде өмір сүріп жатқан бұрынғы қазақстандықтар аз емес.Ресейге көшіп жатқандардың көбі қазақтар
Азаматтарымыздың басым бөлігі шетелдерге жұмыс іздеп барады. Оның ішінде қоңсы қонған Ресейден бақытын іздейтіндер көп. Өйткені терістіктегі көршілерде еңбекақы көлемі бізбен салыстырғанда 20-24 пайыз артық. 2019 жылы Ресейге 136 208 қазақстандық жұмыс іздеп кеткен. 2020 жылы карантин шектеулеріне байланысты олардың саны 60 461 адамға дейін азайды. Дегенмен 2021 жылы 150 мыңдай адам терістікке ағылады деген болжам бар. Жұмыс іздеп барған жандардың көпшілігі сол жақта тұрақтап қалуға да тырысады. Мәселен, 2016 жылы – 30 277 адам, 2017 жылы – 32 874, 2018 жылы – 36 778, 2019 жылы 39 774 Ресей азаматтығын алған. Ал 2020 жылы 43 мың адам Ресей азаматы атанған. Бұл – шағын бір қаланың халқының санына пара-пар. Кейінгі бес жылдың ішінде 182 мың қазақстандық Ресей азаматтығын алған. Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, 2019 жылы РФ университеттерінде Қазақстаннан 74 мың студент оқыған. Ал 2018 жылы олардың саны 65,6 мың болатын. 2014 жылы терістіктегі көршіге білім қуып барғандардың қатары 50 студент екен. Осыдан-ақ Ресейге оқуға баратындар саны жылдан- жылға өсіп отырғанын көреміз. Ал студенттердің көпшілігі оқу кезінде сол елдің азаматтығын ресімдеп алады. «Евразийский мониторинг» зерттеуіне сүйенсек, қазақстандық студенттердің оқу бітіргеннен кейін тек бестен бірі ғана елге қайтып оралады. Егер республикада жыл сайын шамамен 200 мың бала мектеп бітірсе, олардың үштен бірі жоғары оқу үшін Ресейді таңдайды(!). Яғни, жастарымыздың жаппай шетелге кетіп жатқанын осыдан білуге болады. Бірінші Президент Қоры жанындағы Әлем экономикасы және саясаты институтының сарапшысы Айман Жүсіпованың айтуынша, олардың негізінен Ресейге көп қоныс аударуына ол жақта жоғары білім деңгейінің жоғарылығы мен қолжетімділігі себеп. Тіпті, кейбір ЖОО-лар түлектерін кепілді түрде жұмыспен қамтитын болған. – Яғни, бұл жерде бар мәселе әлеуметтік-экономикалық жағдайға тіреліп тұр. Сонымен қатар Қазақстанда нақты жұмыссыздық проблемасы ресми статистика арқылы бүркемеленеді, – дейді сарапшы. Еуразиялық аналитикалық клуб басшысы Никита Мендковичтің айтуынша, қазақстандықтардың көбі Ресейді іштартады-мыс. Олар бұл елге нәпақы табу және туған-туыстарымен қарым-қатынаста болу үшін барады. Ал экономист Айман Тұрсынқан өзге ұлт өкілдеріне қарағанда, шетелге қоныс аударғандар мен ниеттеніп жүргендердің көбі қазақтар екенін айтады. «Бұған әлеуметтік сауалнама дәлел. Оның үстіне, қазақтар өте талантты, білімді болғандықтан, өзге елге тез үйренеді. Еуразияда көшпенді өмір сүрген халық үшін құрлықтың кез келген жері оған жат емес. Тез бауыр басады. Қазақтар тез тіл табуға, космополитке бейім. Оның үстіне, ТМД аумағында, оның ішінде Ресейде қазақтардың өмір сүруіне ешқандай мәдени-моральдық кедергі жоқ» деп түсіндірді экономист. «Достар» қазақ ұлттық бірлестігінің деректеріне сүйенсек, Ресейдегі қазақ этносының саны 2010-2018 жылдары 150-200 мыңға көбейген. Оның ішінде жоғары білімді, іскер азаматтардың саны басым көрінеді. Қоныс аударушылардың ішінде жоғары білімділердің үлесі – 52 пайыз. Енді РФ Ішкі істер министрлігі деректеріне көз жүгіртсек, 2020 жылдың есебі бойынша, Ресейде тұрғылықты тұрып жатқан және жеке басының жылжымайтын мүлкі бар қазақстандық саны 80 мыңға артқан. Бұған Еуразиялық экономикалық одақ аясында визасыз әрлі-берлі жүргендерді қосыңыз, олардың қарасы одан әлденеше есе көп – 500 мыңнан асқан.Адам жақсы тұрмысты іздейді
«Балық тереңді іздейді, адам жақсы тұрмысты іздейді» деген орыс мақалы бар. Әлбетте, әркім сапалы білім іздеп, жақсы тұрмыс іздеп өздері қалаған жерлеріне баруына құқылы. Әйтсе де, елден үдере көшу мемлекеттің имиджі үшін жағымсыз көзқарас қалыптастырады. Ал жастардың, білікті кадрлардың, бәсекеге қабілетті мамандардың жаппай қоныс аударуы республиканың әлеуметтік-экономикалық ахуалына теріс әсер ететіні сөзсіз. Оның үстіне, Қазақстан жер көлемінің үлкендігі жағынан әлемде 9-орында тұрғанымен, тұрғындар орналасу тығыздығы ең сирек елдер санатында. Бұл үрдіс тоқтаусыз жалғаса беретін болса, алдағы уақыттарда, тіпті халық тапшылығын сезінетін боламыз. Бір ғана мысал, Қазақстанда 1991 жылы – 16,3 миллион, ал Өзбекстанда 19 миллион тұрғын болған, енді Тәуелсіздігіміздің отызжылдығында республика халқы 19 миллионға әзер жетсе, көрші өзбектің саны 35 миллионның үстіне шығып кеткен. Азаматтарымыздың жаппай қоныс аударуы ел экономикасына, біліміне, мәдениетіне, түптеп келгенде ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Өйткені кез келген мемлекеттің негізгі капиталы – адам. Мұны өркениет әлеміндегі көптеген елдің мысалынан көре аламыз. Мәселен, Дания, Финляндия, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея және Солтүстік Еуропаның бірқатар елдерінде жеткілікті қазба байлықтары болмаса да, білімді, көп санды халқының арқасында қарқынды дамып отыр. Picodі халықаралық қызмет дерегіне сүйенсек, 56 мемлекеттің арасында Қазақстанда жалақының анағұрлым төмендігін де, жан басына шаққандағы ІЖӨ-нің салыстырмалы түрде аздығын да осы мысалдармен түсіндіруге болады. Әзірше, қоныс аударушылардың қарқынын COVID-19 індетімен байланысты шектеулер тежеп отыр, дегенмен бұл тек уақытша ғана құбылыс. Ертең елден көшіп кетушілер саны бұрынғы апатты деңгейге қайта артып кетуі ықтимал. Оны соңғы жылдардың статистикалық үрдісі көрсетіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, көш-қонның теріс сальдосы соңғы сегіз жыл бойы тежеусіз жалғасып келеді, ал кейінгі алты жылда ол, тіпті үдей түскен. Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса, 2050 жылға қарай республика тағы миллионға тарта адамнан айырылып қалуы мүмкін.Дәулет АСАУ