Бақтияр Артаев бокстан Қазақстан құрамасы 80 пайызға өзгеретінін мәлімдеді
Бақтияр Артаев бокстан Қазақстан құрамасы 80 пайызға өзгеретінін мәлімдеді
Фото: sports.kz
300
оқылды
Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев Олимпиададан кейін команда қалай өзгеретінін айтты, – деп жазады olympic.kz. 
"Ұлттық құрамадан ешкім кеткен жоқ. Бірақ Олимпиадаға барған құрама 80 пайызға өзгереді. Өйткені резерв бар, өсіп келе жатқан жастар бар. Бізде кәсіпқой бокста жүрген жігіттер де барын айта кетейік. Бәрімен келіссөз жүргізілді. Кәсіпқой бокста жүрген жігіттердің бәрі келуге дайын", – деді Артаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте.
Оның айтуынша, осы спортшылардың бәрі келсе, 70-80 процентке жаңарған команда биыл бокстан әлем чемпионатына барады.
"Биылдан бастап AIBA ережесіне сәйкес, жігіттер 13 салмақ бойынша өнер көрсетеді. Ал қыздарымыз 12 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Әлем біріншілігіне нағыз мықтыларды апарамыз. Сол кезде басқа боксты көресіздер. Алла жазса, Олимпиаданың қателігін де сол жерде өзгертеміз", – деп атап өтті Артаев.