Биыл 1-сыныпқа баратындар QR-код пен аудиодискісі бар "Әліппемен" сауат ашады
Биыл 1-сыныпқа баратындар QR-код пен аудиодискісі бар "Әліппемен" сауат ашады
Сурет: depositphotos.com
847
оқылды
Әліппеде QR-код пен аудиодиск бар. Бастамашылар бала өткен сабақты тереңірек түсінуі үшін осындай заманауи әдіс қолдануды жөн көрген. Яғни, кез келген уақытта кітаптың бұрышындағы кодты сканерлеп, тақырыпты қайта тыңдауға болады, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы. Жаңартылған әліппенің сырты да, іші де визуалды түрде аса өзгермеген. Бірақ бірнеше ерекшелігі бар. Оқулықта оңайдан күрделіге қағидаты сақталып, оқушыға үйрену оңай болуы үшін бірнеше тың әдіс енгізілген.
"Оқушыға білімді тәжірибе арқылы әрі өз бетінше алуға мүмкіндік жасау. Міне осы қағидаттар негізінде әліппе оқулығы әзірленді", – деді ҚР ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары Мәншүк Мұхаметқалиқызы.
Әдіскер маман Сандуғаш Әтейбек бұл оқулықты "цифрлы әліппе" дейді. Өйткені, кітапта QR-код пен аудиодиск бар. Диск арқылы кітапты электронды түрде оқу да ойластырылған. Сонымен қатар, әр тақырыпты өткен соң, кодты сканерлеп, мақал-мәтелдерді оңай жаттауға болады.
"Оқулықтың мазмұны түсінікті. Жеңіл және енді ата-аналарға да түсінікті болады деп ойлаймын", – деді әдіскер Сандуғаш Әтейбек.
Көп ата-ана әліппенің қайта енгізілгеніне қуанатынын айтады. Тамыры тереңде жатқан әліппе балалардың әріпті тез үйренуіне оң әсер ететініне сенімді. Әліппені қайта оқу бағдарламасына енгізер кезде бес баспадан бес түрлі кітап ұсынылған екен. Солардың арасынан осы оқулық үздік деп танылған. 500-ге тарта маманның сараптамасынан өткен әліппенің сәтті не сәтсіз шыққанын енді уақыт көрсетеді. Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: