Жыл басынан бері әлем қауымдастығы мен сарапшылардың назары Ауғанстанда болды. АҚШ пен НАТО әскері елден кететін болған соң «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) бірден шабуылға көшті. Ай сайын жендеттердің бақылауына қанша аудан, провинция өткенін есептеп отырдық. Кабулдың да кезегі алыс емес екенін білдік. Жексенбі күні, яғни 15 тамызда қолына қару ұстаған «Талибан» өкілдері ел астанасына басып кіріп, президент сарайын иеленді. Президент Ашраф Ғани билікті қолдан беріп, елден ұшып кетті. Енді не болмақ? Әлемде террористік деп танылған ұйым қандай мемлекет құрады? Босқындар, түрлі радикалды ұйымның басбұзарлары Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға лап қоймай ма?
«Талибан» мұндай жылдамдықпен бүкіл елді жаулап алады деп ешкім болжаған жоқ. Себебі АҚШ Доха келісімінен соң елден бір күнде кете қалған жоқ. Жергілікті ауған армиясын жаттықтырды, белгілі көлемде әскери техника қалдырды. Деректерге сенсек, осы мақсатқа АҚШ 88 млрд доллар жұмсапты. Алайда алдымен Ауғанстанның солтүстік аудандарын жаулап алған қозғалыс өкілдері кейін басқа аймақтарға қарай жылжи бастады. Ал маусым айында Ауғанстан армиясының сарбаздарын Тәжікстан, Өзбекстанға қарай ығыстырып тастады, шекараны кесіп өтуге мәжбүр етті деген ақпараттар келе бастады. Ал осы аптада Герат, Кандағар және Мазари-Шариф секілді Ауғанстанның ең ірі қалалары «Талибан» қарамағына өткені мәлім болды. Көп жағдайларда полиция бекеттері, әскери базалар қарулы қақтығыссыз беріліп жатты. Ал сенбі күні ауған жеріндегі өзбек халқының жетекшісі маршал Абдул Рашид Дустум өз жақтастарымен бірге Өзбекстан шекарасын кесіп өтіп, Термез қаласына орныққаны хабарланды. Олар да талибандықтардан аман қалу үшін бас сауғалап, көрші Өзбекстаннан пана іздеді. Әлеуметтік желілерде кезінде Кеңес әскері Ауғанстанды тастап шыққан Әмударияның үстіндегі Достық көпірі арқылы Дустумға қарасты көліктердің өзбек шекарасына қарай бет алғаны туралы видео тарады. Көп өтпей Жалалабад қаласының ақсақалдар кеңесі де шаһарды ұрыссыз беруге шешім қабылдады. Ең соңында Кабул да «Талибан» бақылауына өтті. Ауғанстанда болған бұл әскери процесте көптің көкейіндегі басты сұрақтың бірі – «Талибан» қалайша қысқа уақытта елді жаулап алды? Себебі деректер бойынша Ауғанстан армиясында 300 мыңдай жауынгер болған. Ал АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы Кабул әлі 90 күндей шыдас береді деп болжам айтқан. Алайда жағдай жылдам өзгерді. Әрине, жоғарыдағы сұрақтың жауабы ретінде төменде келтірілетін аргументтің басым бөлігі болжамдар. Соның алғашқысы – Ауғанстан армиясы шабуылдар барысында АҚШ-тың әуе қолдауынан айырылды. Өйткені АҚШ-тың әуе шабуылы оның негізгі басымдығы еді және «Талибанның» құрлықтағы талай қозғалысын тоқтатқан. АҚШ армиясы елді тастап кеткен соң ауған армиясы осы қолдаусыз қалған және бетпе-бет ұрыста жеңіліп жатты. Ауған армиясының да өз авиациясы болды, алайда әлсіз еді, оған қоса, пилоттар жетіспеді. Талибандықтар да ең алдымен әскери ұшқыштардың көзін жоюға тырысты. Келесі себеп – ауған армиясында кең жайлаған жемқорлық. Жоғарыдағы 300 мың сарбаз ешқашан болмаған деген ой да айтылады. Себебі дала командирлері жоқ әскерге де ақша алып отырған. Оған қоса, армиядан қашу, пара беру әдеттегі іс болған. Үшінші себеп – ауған армиясының сарбаздарын өздері бұрын тұрмаған аймақтарға жіберген. Онда жауынгерлер жергілікті тайпалардан қолдау таппаған. Кейін «Талибан» содырларымен соғысқанда осы себепті әскери база, бекеттерді жылдам тастап кетіп отырған. Яғни, Ауғанстанда әлі де тайпалық қарым-қатынас мықты. Олардың рөлі ескерілмеген. Төртінші фактор – есірткі бизнесінен түсетін қаражат, Пәкістаннан келетін көмек және ауған армиясының тастап кеткен қару-жарағы. Соңғысы талибандықтарға үлкен көмек болды. Себебі бұл қарудың басым бөлігін АҚШ әскерилері Ауғанстан армиясына тегін қалдырды. Ал ұрыс барысында басын аман алып қашқан ауған жауынгерлері ірі арсеналды қарсыластарының қолына беріп кетті.Нұрмұхамед БАЙҒАРА