Тіл білімінің сардары еді
Тіл білімінің сардары еді
361
оқылды

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек өмірден озды.

«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты­ның ұжымы қара жамылды. Белгілі ғалым, филология ғы­лым­дарының докторы, про­фессор, аяулы ағамыз Әлімхан Жүнісбек дүниеден озды. Алла Тағала ағайдың рухын пейіште шалқытсын, жаны жәннаттан болсын! Баршаңызға қайғырып көңіл айтамын...» деп жазды Анар Фазылжан Facebook парақшасында. Әлімхан Жүнісбек 1938 жылы 12 мамырда Оңтүстік Қазақстан (Түркістан)  облысы Шәуілдір ауданы (қазіргі Отырар ауданы) Қарғалы ауы­лын­да дүниеге келген. 1958 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология фа­куль­тетінің қазақ тілі мен әде­биеті бөліміне оқуға түсіп, 1963 жылы бітіріп шығады. Университет бітірісімен ҚазССР ҒА Тіл білімі инсти­туты­ның (қазіргі А.Байтұрсын­ұлы атындағы Тіл білімі инсти­туты) Фонетика бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып ор­на­ласады. 1964-1967 жылдары А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетіндегі (қазіргі Санкт-Петербор уни­верситеті) академик Л.В.Щерба атындағы Фонетика лабора­ториясында тәлімгер-зерттеуші болып өткізеді. Ленинград университетінің профессоры Л.Р.Зиндердің ғылыми жетекшілігімен 1969 жылы «Қазақ тілінің дауысты дыбыстары» атты тақырыпқа филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, 1989 жылы «Түркі тілдеріндегі сөз просодикасы және қазақ тіліндегі сингармонизм» атты тақырыпқа филология ғылым­дары­ның докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғап шығады. 1999 жылы профессор ғы­лы­ми атағын алады. Әлімхан Жүнісбектің  мез­гілсіз қайтыс болуына байла­нысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Ғалымның жатқан жері жайлы, топырағы торқа бол­сын!

Aiqyn  газетінің ұжымы