Сәкен Майғазиев тендер берген Исмагулова кім?
Сәкен Майғазиев тендер берген Исмагулова кім?
Коллаж: А.Ахметқазы
421
оқылды

Шымкент қалалық Мәдениет үйі мемлекеттік сатып алу порталында тіркелгеніне екі күн болған, тәжірибесіз компаниямен шартты тікелей бір көзден алу тәсілі арқылы келісімшартқа отырған. Келісім бойынша компания 15 тамызда  60 миллион теңгеге Шымкенттегі "Шәмші Қалдаяқов" аллеясында "Шәмші Қалдаяқов әндерінің" концертін өткізуге тиіс болған. Бұл туралы Qazaqtimes порталы жазды.

Тіркелгеніне екі күн болған жеке кәсіпкерлік кімге тиесілі? Бұл тендер неге күмәнді? Aikyn.kz анықтап көрді. 7 шілде күні Назия Исмагулова есімді азамат "Шәмші Қалдаяқов әндері" іс-шарасының сценарийін жазған. 14 шілдеде Назия Исмагулова ЦиMediaGroup жеке кәсіпкерлігін (ЖК) ресми тіркеді. 15 шілдеде "Шәмші Қалдаяқов әндері" іс-шарасының сценарийіне авторлық құқық туралы куәлік берілді. Құқық иесі - Назия Исмагулова. 16 шілдеде  Шымкент қалалық Мәдениет үйі "Шәмші Қалдаяқов әндері" іс-шарасын өткізу туралы сатып алуды жариялады. Сол күні іс-шараның техникалық сипаттамасын Шымкент қалалық Мәдениет үйі директорының орынбасары Ғани Аманқұлов жүктеген. Ал оны ЦиMediaGroup ЖК толтырған. Оған ЖК директоры Назия Исмагулова қол қойған. 16 шілде сағат 18.55-те Шымкент қалалық Мәдениет үйі келісімшартты дайындап, өнім беруші ЦиMediaGroup-қа жіберген. 19 шілдеде өнім беруші келісімшартты бекітті. Сол күні тапсырыс беруші (Шымкент қалалық Мәдениет үйі директорының орынбасары Ғани Аманқұлов) шартқа қол қойып, өнім берушіге (ЦиMediaGroup директор Назия Исмагулова) қол қоюға жіберді. 2 тамызда Назия Исмагулова 60 миллион теңгенің шартына қол қойды. Сол күні Сәкен Майғазиевтің атынан тапсырыстың орындалуына келісім берілген. Техникалық сипаттама бойынша 15 тамызда Ш.Қалдаяқовтың туған күніне арналған концерт өтуі керек болған. Онда тек "қазақстандық тыңдармандардың жүрегін жаулап алған, ең жарқын, әрі үздік дарындар" өнер көрсетеді және телевизия түсірілімі жасалады, деп жазылған.

Шәмші Қалдаяқовқа арналған концерт өтпей қалды

Шымкент Мәдениет үйі директорының орынбасары Ғани Аманқұлов концерттің өтпеу себебін Aiqyn газетінің журналисіне былай түсіндірген:
"Карантин талаптарының күшеюіне орай, жоспарланған концерт өтпеді. 9 тамыз күні концертті өткізбеу туралы басқармадан хат келген болатын. Алайда ол кезде мекеме басшысы Сәкен Қордабайұлы денсаулығына байланысты демалыста еді. Ол 16 тамызда жұмысқа келісімен бірден жұмыстан кету туралы арызын жазған. Мен кеше ғана мекеменің басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалдым. Есепшімен бірге электронды кілтті жаңартып жатырмыз.  Сондықтан келісімшартты бұзу туралы құжат жұмыстары енді басталады. Алайда, іс-шара өтпеді, ешқандай ақша аударылған жоқ», - деп жауап берген ол.
Ғани Аманқұлов Qazaqtimes журналисінің бұл концертті өткізуге кеше ғана тіркелген, тәжірибесіз компанияның қалай таңдалғанын түсіндіре алмаған. Ол бұл сұраққа экс-басшысы Сәкен Майғазиев жауап бере алатынын айтқан.

Назия Исмагулова кім?

ЦиMediaGroup жеке кәсіпкерлік ретінде 14 шілдеде тіркелген. ЖК директоры - Назия Нурлановна Исмагулова. Мемлекеттік Кірістер комитетінің дерегінше, оның Екібастұз қаласында және астанадағы Алматы ауданында тіркелген жеке мүлкі бар. Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, ЦиMediaGroup-тің ресми мекенжайы - Нұр-Сұлтан қаласы Б.Момышұлы көшесі, 14. Бірақ қазір бұл мекенжайда "Кахарман" тұрғын үй кешені және киім, азық-түлік дүкендер, медицина орталығы, сұлулық салоны, "Алматыкітап" баспасы бар. Ал Ұлттық статистика бюросындағы мәліметте ЦиMediaGroup-тің ресми мекенжайы Шымкенттегі әл-Фараби ауданында тіркелген. Мемлекеттік Кірістер комитетінің дерегінше, Назия Исмагулованың астанадағы Алматы ауданында тіркелген жеке мүлкі автокөлік болуы мүмкін. Ашық дереккөзден "Назия Нурлановна Исмагулова" туралы екі ғана мәлімет шығады. Оның бірі - Мемлекеттік сатып алу порталына тіркелгені, екіншісі, "Престиж" газетінің (prestige-step.kz) сайтында 2019 жылғы 7 наурызда жарияланған мәліметінде Назия Нурлановна Исмагулованың "ҚАЗАҚАЛТЫН" тау-кен металлургиялық концернінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі бөлім бастығы екені жазылған. Бірақ "ҚАЗАҚАЛТЫН" ТКМК ресми сайтынын Назия Исмагулова туралы мәлімет табылмады. ЦиMediaGroup ЖК жақында ғана тіркелгендіктен Мемлекеттік кірістер департаментіне ешқандай салық төлемеген. Ашық дереккөзде бұл ЖК туралы мәлімет жоқ. Тіпті қандай салада жұмыс істейтіні туралы да ақпарат жоқ. Тек атауына қарап медиаға қатысты екенін білуге болады. ЖК "Шәмші Қалдаяқов әндерінің" концертінен басқа тендерге қатыспаған. Концерт ұйымдастыру бойынша да тәжірибесі жоқ.

Сәкен Майғазиев қызметінен кетіп, көп сұрақ жауапсыз қалды

Негізгі сұрақтарға жауап беруге тиіс Сәкен Майғазиев қызметінен өз еркімен кеткен. Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкенттегі Наурыз тойына арналған іс-шаралардың бюджетіне байланысты қоғамда дау туған. Журналистер мен белсенділер Сәкен Майғазиев басқарған қалалық Мәдениет үйінің Наурызға орай түрлі компаниялармен құны 595 млн. теңге болатын жеті келісімшарт жасасқанын жазған. Келісімшарттарда техникалық ерекшелік дұрыс толтырылмаған. Сонымен бірге осы мәселені көтерген белсенділер іс-шараларға қаржының тым көп бөлінгені және мұнда да тендерді тәжірибесіз компаниялардың ұтқаны белгілі болды. Көпшілікке түсініксіз тағы бір оқиға - жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы Мәдениет басқармасының лауазымды тұлғаларының «аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады» деген күдікпен ұсталғанын хабарлауы.  «Олар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатуы үшін 80 миллион теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара беруге әрекет жасады деген күдікке ілінген. Аталған тұлғалар ұсталып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген ресми ақпаратта.  Алайда лауазымды тұлғалардың нақты кім екені әлі күнге дейін белгісіз. Кейін Сәкен Майғазиев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тексерісінен таза шыққанын хабарлады.  Алайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев қызметінен кетіп, оған қойылған көп сұрақ жауапсыз қалды. Журналистердің қоңырауына да, сұрақтарына да жауап бергісі келмеді.