Халыққа уәде берген соң орындау керек

Халыққа уәде берген соң орындау керек

Жақында еліміздегі 730 елді мекенге халықтың тікелей дауыс беруімен әкімдер сайланғаны белгілі. Шығыс Қа­зақ­стан облысында бюллетеньдерге енгізілген 232 кандидаттың ішінен 77 ауыл әкімі сайланды. 77 әкімнің ішіндегі ең жасы – Дархан Төлеуханов, ол 29 жаста. Ең жасы үлкені – Үржар ауданы Мақаншы ауылдық округінің әкімі, 61-дегі Советқан Қалиев. 77 әкімнің 8-і – әйел азаматтар. Солардың бірі – Семей қаласына қарасты Жиенәлі ауылдық округінің әкімі Гүлжан Сыздыханова. Ауылдың  жаңа  басшысы  бұл  сайлауға «Nur  Otan»  партиясының атынан түскен болатын.  

800-ден астам тұрғыны бар Жиенәлі ауылдық округінің ор­та­лығы Бөкенші ауылы Семей қала­сынан 40 шақырымдай жерде  орналасқан. Гүлжан Сыздыханова бұл ауылға осымен үшінші рет әкім бол­ғанын айтады. «Өзім осы ауыл­дың тумасымын. Осында өстік, өндік, оқыдық, тоқыдық. Еңбек жолымды 2005 жылы Жиенәлі ауылдық округі аппаратында ма­ман болып бастағанмын. 2013 жыл­дан бері 8 жыл ауыл әкімі қызметін атқардым. Бұрын бізге аудандық мәслихат депутаттары дауыс берсе, биыл тікелей халықтың өзі сай­лады. Менімен бірге ауыл әкіміне үміткер ретінде тағы екі адам сайлауға түсті. Сайлау әділ өтті деп ойлаймын. Өйткені бізді халықтың өзі сайлады. Өздері дауыс берді. Әрине, біз үгіт-насихат жұмысын жүргіздік. Шын мәнінде, халықтың қолдауын сезіндім. Халықтың сайлағаны мүлде өзгеше екен. Тұрғындардың басым дауысымен сайланғаннан кейін өзіңе деген сенім нығайып, бойыңа күш-қуат құйылғандай болады екен», – дейді Гүлжан Аманжолқызы. Сайлауға қатысқан өзге ауыл­дың әкімдері секілді Сыздыханова да халыққа өз бағдарламасын ұсынған. «Ауылда 8 жыл әкім бол­ғаннан кейін де шығар, бұл жақтың мәселелері маған таныс, бес сау­сақтай белгілі. Ауылдағы негізгі мәселелер – жол, су, жарықтандыру. 2020 жылы Бөкенші ауылында жарық жоқ болатын. Орталық 5 көшесі ғана жарықтандырылған. Қалған көшелерді жарықтандыру – өзекті мәселе. Ауылдың жастары футбол алаңын сұрап жүргелі де біраз уақыт болды. Бұл ауылдағы тағы бір үлкен мәселе – ұялы бай­ланыстың нашарлығы. Өз бағдар­ламамда халықты толғандырып жүрген осындай мәселелерді нақты көрсеттім. Қолдан келгенше ше­шуге тырысатынымды жаздым. Өйткені бұл мәселелерді өзім де жақ­сы білемін, халық та жақсы біледі», – дейді ауыл әкімі. Халықтың дауыс беруімен қайтадан әкім болып сайланған Гүлжан Аманжолқызы жұмысқа қызу қарқынмен кірісіп кеткенін, 4 жылға межеленген шаруаларды қазірден бастап қолға алмаса, кеш болатынын жеткізді. «Халыққа уәде берген соң орындау керек. Қазір шағын футбол алаңын салу бойынша тиісті жұмыстар бастал­ды. Жер мәселесі шешілді. Биыл қаражат та бөлінді. Конкурс жа­риялап, мердігер іздестірудеміз. Ауылдағы ұялы байланысты ны­ғайту мәселесімен де щұғылданып жатырмыз. Ендігі ойымыз – ауылда шағын кәсіпкерлікті дамытсақ. Наубайхана мен шаштараз ашуды көптен бері жоспарлап жүрміз. Біздің ауылдың жері мал шаруа­шы­лығына өте қолайлы. Бөкеншінің де, Маралдының да тұрғындары мал ұстайды. 37 шаруа қожалығы бар. Семейге жақынбыз. Сенбі-жексенбі сайын жәрмеңкеге барып, қаланы ет өнімдерімен, азық-тү­лік­пен қамтуға мүмкіндік бар», – дейді Гүлжан Сыздыханова. «Қазір бәрі басқаша. Әлеуметтік желінің дәуірлеген заманы. Әкім болу да оңай емес. Әсіресе, әйел адамға. «Әкім болу қиын емес пе?» деп сұрадық. «Қыздың қырық жаны бар». «Әйел бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тер­бетеді» дегендей, бәріне үлгеруге тырысамыз. Әр жұмыстың өз қиын­шылығы бар. Жұмыстың оңайы жоқ. «Ақылды туған қыз ба­ла батыр туған ермен тең» деген­дей ермен тең болуға тырысамыз. Ең бастысы, өз жұмысыңды адал атқару. Бәрімізге ортақ талап – осы. Президенттің ауыл әкім­дерін сайлау бастамасы ел көңі­лінен шықты деп ойлаймын. Бұл – халық пен биліктің арасын жа­қындатуға жасалған нақты қадам», – дейді ауыл әкімі.

А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы