Ауғаннан ел ауа ма?
Ауғаннан ел ауа ма?
408
оқылды

«Талибан» қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қазіргі мәлімдемелеріне қарасақ, олар билік етуге ұзақ уақытқа келгендей. Өткен аптада саясатының негізгі бағыттарын да жариялап үлгерді. Алайда ауған халқы қолына қару ұстап, әткеншек көргеніне балаша қуанатындардан жақсылық күтіп отырған жоқ. Шамасы келсе, аман қалатын жаққа қашып құтылмақшы. Яғни, босқындардың жаңа легі лап бермекші деген сөз. Егер Ауғанстан жұрты Орталық Азия елдеріне бет алса, босқындар қазақ жеріне жете ме? Жетсе, Үкімет оларды қабылдай ма?  

Бүгінде Кабул әуежайы әлі де АҚШ әскерилерінің қорғауында. Әуежай – стратегиялық нысан, барлық әуе қатынасы осы жер арқылы өтеді. «Талибан» билікке келгелі оның маңызы арта түсті. Қаба сақал қарулы кісілердің би­лігінен қашқан ауған халқы кез келген ұшаққа отырып, шетелге көшуге даяр. Мүмкіндік болса, АҚШ-ты бетке алмақ. Жақында әуежайды қоршаған темір сым арқылы нәрестесін АҚШ жауын­герлеріне беріп жатқан ауғандық­тардың суреті әлем медиасында тез таралып кетті. Шетелге өзім кет­песем де, балам жетсін деген аналардың әрекеті екені көрініп тұрды. Ал кеше ғана Өзбекстан шек­араны заңсыз кесіп өткен 150 ау­­ған азаматын еліне қайтарды. Алайда алдымен «Талибан» өкіл­дерінен олардың қауіпсіздігіне кепілдік алған. Кейін Өзбекстан тарапы ауғандықтардың үйлеріне аман жеткенін хабарлады. Пәкістан. Бұл мағлұматтар Ауғанстан халқы жаппай бос­қын­дар легіне айналғалы тұрғанын көрсетіп тұрған секілді. Елдегі не­гізгі әуе нысаны – Кабул әуе­жайы қоршауда екенін ескерсек, «Талибаннан» қашқан жұрт жаяу, жеңіл көлікпен шекара асуы бек мүмкін. Пәкістан жақын болға­ны­мен, ондағы әлеуметтік жағдай мәз емес. Халық саны да көп. Пә­кістан жерінде босқындарға ар­налған лагерь бар. Қазіргі мә­лімет бойынша, бұрын-соңды Пәкістанға қашқан ауған азамат­тарының 36 пайызы әлі де сол ла­герьде тұрып жатыр. 1 мил­лион­ға жуық ауған халқы осы елде заңсыз қалып қойған. Жал­пы, бұл елдің шенеуніктері көр­шілерін құшақ жая қарсы алайын деп тұрған жоқ. Ауған жерінен заң­сыз миграция, жендеттер өт­песін деп Пәкістан билігі шекара бойымен қалың қабырға соқты. Иран. Сондықтан келесі не­гізгі екі бағыт қалады – Иран және Орталық Азия. Иранда ауған бос­қындарына арналған 3 лагерь бар. Алайда онда халық лық толы, 1 миллион шамасында. АҚШ санк­­циялары Иран эконо­ми­ка­сын тұншықтыра бастағалы онда­ғы босқындардың жағдайы да на­шар­лаған. Әрине, ауған бос­қындары бірден Еуропа не АҚШ-қа атта­нуды жөн көреді. Бірақ жол­да ке­дергі болатын тау-тас, өзен-көл, шекара сымдары, қа­быр­ға­лары аз емес. Сондай қа­быр­ға­ның бірін Түркия Иранмен шек­­ара бойында салды. Қабыр­ға­ның ұзын­дығы 300 шақырым­дай, биік­тігі 3 метр. БҰҰ Иранға ауған шекарасын жаппауды сұра­ды. Еуропа. Еуроодақ Сирия босқындарынан соң Ауғанстан азаматтарын қабылдауға дайын емес секілді. Алайда дәл осы одақ мүешелері 2001 жылы АҚШ-пен бірге НАТО аясында Ауғанстан территориясына әскер кіргізді. Яғни, белгілі деңгейде енді сол ауған жұртына көмек қолын беруі тиіс, моральдық міндеті десек, артық болмайды. Өткен 20 жылда НАТО елдерінің армиясына кө­мек­тескен, оларға жұмыс істеген, тілмаш болған жергілікті жұрт аз емес. Бірақ Ауғанстанды жылдам тастап шығып жатқан Еуропа елдерінің әскері оларды өзімен бірге ала кетуге ниетті емес екен. Мысалы, Bild газеті Ауғанстанда болған Германия жауынгерлері өздерімен бірге жұмыс істеген ауғандықтарға виза бермей, оның орнына ұшақтарға 340 шыны шарап, 65 мың дана сыра артып әкелгенін жазды. Кейін осы елдің сыртқы істер министрі Хайко Масс «біз қазір 2 мың ауғандыққа виза берсек, ертең ол 20 мыңға өсер еді» деп ақталды. Франция президенті Макрон да «Еуроодақ жалғыз өзі заңсыз миграцияны қабылдай алмайды» деген ұста­ны­мын мәлімдеді. Алайда қазір тек Ұлыбритания ғана 20 мың Ауғанстан азаматын қабылдауға даяр екенін хабарлады. Бұл елде 20 жылға жуық әскери операция жүргізген АҚШ ауған мигрант­тарын қабылдайтын шығар деген сауал туындайды. Бірақ қазір Ауғанстанның өзінде 10 мыңнан 40 мыңға дейін АҚШ азаматы қалып қойған. Себебі бұған дейін түрлі гуманитарлық ұйым, жеке әскери, логистикалық ком­па­ния­ қызметкерлерін ауған жеріне жіберген. Президент Бай­ден үшін алдымен сол өз азамат­тарын аман шығару маңызды. Талибан Орталық Азия. Қысқасы, Ауғанстан босқындарын ешкім қуана қарсы алайын деп тұрған жоқ. Сондықтан олар үшін ең жақын маршрут Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан болуы әбден мүмкін. Дегенмен бұл ел­дер босқындарды шекарасынан өткізе қоймас. Жағдай қиындаса, уақытша босқындар лагерін ашады. Егер мыңдаған кісі лап берсе, лагерьде олардың барлы­ғын күнделікті тамақтандыру, емдеу оңайға соқпайды. Яғни, шығынды кім төлейді деген мә­селе туындайды. Әдетте қаржы ауыр­тпалығы мигранттарды қа­былдаған елдерге түседі. Оны Сириядан 2-3 миллион босқынды қабылдаған Түркияның тәжіри­бесінен көрдік. Егер Орталық Азиядағы көршілеріміздің эко­номикасы қуатты емес екенін, былтырдан бері пандемия жағ­дайды қиындатқанын ескерсек, онда аталған үш ел шекарасын мықтап жабуға тырысатын шы­ғар. Бірақ маусымнан бері «Тали­баннан» қашып, бас сауғалаған талай жауынгер аталған шекара сызығын заңсыз кесіп өтті. Дәл солай босқындар да шекараны аттамасына кім кепіл? Оған қоса, бұл үш елдің арасында ауған-түрікмен шекарасы әлсіз деген мәлімет бар. Бұдан бөлек, Ауғанстан аза­маттары Өзбекстан шекарасын кесу үшін түрлі амалға барып жат­қан көрінеді. Мәселен, Өз­бек­стан­нан басқа елге ұшып кету үшін әуе билетін алып, оны шек­арада көр­сетеді. Алайда өзбек тарапына өт­кен соң билетті өт­кізіп, Өзбек­станда қалып қойып жатқандар аз емес екен. Сондай-ақ Әмудария бойымен бос құты­лардан (бак­лажка) құралған сал­мен өтіп жат­қандар да бар. Көп­шілігі Термез қаласында қалып қойып жатыр. Әрине, Өзбекстан билігі бұл жағ­дайға көз жұмып қарамайды. Ер­тең босқындарды жаппай депор­тациялау басталса, онда заңсыз мигранттардың ба­сым бөлігі Қа­зақстанға да бет алуы мүмкін. Дайындық басталды. Қазірдің өзінде Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-ми­нистрі Ибрагим Құлшымбаевтың қолы қойылған қызметтік хат ғаламторда тарап кетті. Онда ми­нистрлік Алматы, Қызылорда, Маң­ғыстау, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктеріне босқындарды қа­былдау үшін 20 тамызға дейін да­йындық шараларын қабыл­дауды тапсырған. Министрлік бұл құ­жат­ты жоққа шығармады. Яғни, Қазақстанға босқындар келуі мүм­кін, сол үшін Үкімет дайындық жұмыстарын бастап кетті деген сөз. Азаматтық соғыс басталса... Жалпы, «Талибан» қозғалысы билікке келгенімен, толық мо­йындалды деген сөз емес. Ауған­станның әлі талай өңірінде дала командирлері бар. Ал Панджшер аймағында атақты командир Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад Масуд талибандықтарға қарсы күресті бастап кетті. Бірнеше күн бұрын бас сауғалап, Өзбекстанға өтіп өткен генерал (маршал) Дустумның 10 мың жауынгері осы аймаққа бет алды. Яғни, Ауған­станда азаматтық соғыс жалға­сады деген сөз. Соғыс «Талибан­нан» қашқан жұрттың санын ұл­ғайтатыны анық. Қазіргі жағдайға қарасақ, болашақ босқындардың біразы Орталық Азия елдерінен пана іздеуі мүмкін. Ауған жерінің солтүстігінде тәжіктер, өзбектер аз емес. Олар атақонысынан қол­дау іздейтін шығар. Әрине, жер­гілікті халық сырттан келгендерге қуана қоймас. Бірақ мигранттар легі лап берсе, оларға пана болуға тура келеді. Бұдан бөлек, Орталық Азияның Ауғанстанмен шек­ара­лас аймағында таулы мекен же­терлік. Ол да босқындар үшін жақсы мүмкіндік. Оған қоса, АҚШ шілде айында Орталық Азия елдеріне кезінде амери­ка­лық­тарға көмектескен 9 мың ау­ғандықты қабылдауды сұраған еді. Сөз соңында. Сонымен, Ау­ған­стандағы жағдай ушыға бас­тады. Бірер айда «Талибан» өзінің қатаң ережелерін ауғандықтардың күнделікті тұрмысына енгізе бас­тағанда босқындар саны қазір­гіден де күрт артуы мүмкін. Олар­дың бір бөлігі Қазақстан терри­ториясына да жетуі ғажап емес. Сондықтан оларды қабылдаймыз ба, жоқ па, әлде еліне бірден де­портациялаймыз ба, мүмкін кең­дік танытып, уақытша пана бе­реміз бе деген сұрақтардың жауа­бы бүгін табылуы тиіс. Бұл ди­лемманың жауабын табу қиын. Бір жағы өз халқымыз босқын­дарға «есік ашуға» қарсы болуы мүмкін. Екінші жағы Қазақстан халықаралық қатынас пен құқық жүйесінің мүшесі ретінде БҰҰ-ның босқындарды қабылдау ту­ралы өтінішін орындауына тура келетін шығар.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА