«Алтын белгінің» қадірі қалды ма?
«Алтын белгінің» қадірі қалды ма?
© inalmaty.kz
1,139
оқылды

Биыл елімізде 10 мыңға жуық түлекке «Алтын белгі» беріл­ген. Расын айту керек, кейінгі жылдары бұл марапаттың құны тө­мендеп кетті. Бұрын әр мектептен бір оқушы алса үлкен жетіс­тік-ті. Қазір бірден қырқын үлес­тіретін білім ошағы бар. Мұны министр де көріп, біліп отыр. Сондықтан келе­сі жылдан бастап «Алтын белгі» алу талабы өзгереді. Ал бұл жемқор­лықтың жолын жаба ма?

Марапат алу бизнеске айналды ма?

Қазір әр марапаттың өзіндік құны бар. Сіз «құн» сөзін қалай түсіндіңіз? Иә, моральды тұрғыдағы сипаты емес, материалдық бағасы белгілі. Естеріңізде болса, осыдан біраз жыл бұрын «Қазақстанның Құрметті азаматы атағы 1,5 миллион теңгеге сатылатыны» туралы ақпарат желіде қызу талқыланған-ды. Одан қалса, Баян Мақсатқызы өзінен «Еңбек сіңірген қайраткер» атағын алуы үшін 10 мың доллар сұрағанын, «қазір бұл марапаттың құны 5 мың долларға түскенін» ашық айтты. Мемлекеттік марапатты былай қойғанда аудандық, облыстық, республикалық алғысхат, төсбелгі, тағы басқаларының құны «белгіленгенін» жақсы білеміз. Оған мұғалімдердің интернет арқылы алатын марапатын қосыңыз. Міне, кезінде талай оқушыға мотивация, арман болған «Алтын белгі» қолы жеткендер барын беріп алатын атаққа айналып шыға келді. Бұл қалай десеңіз, түсіндірейік. Биыл 10 мыңға жуық оқушы «Алтын белгі» алған. Соның ішінде елордада 403 түлекке аталған төсбелгі табысталған.  Есептеп көрелік, елімізде 7 475 орта білім беретін білім мекемесі бар. Мұны марапат санына бөлсек, әр мектепке 1,3-тен келеді. Жағдайдың жалпы сипатын көрсету үшін бөліп көрдік. Жалпы, «Алтын белгіні» бес-бестен, тіпті қырықтан тарататын мек­тептер бар. Мәселен, Мақтаарал ауданында орналасқан Б.Момышұлы атын­дағы мектеп-гимназия мектеп  бітір­ген 70 түлектің 40-ына «Алтын белгі» та­быстаған. 8-і үздік аттестат иегері атанып­ты. Мүмкін, осынша мықты шәкіртті тәрбиелеген мектептің оқыту үлгісін басқа мекемелер қолданып көрер?

«Алтын белгі» керек, бірақ...

Оқушы өміріндегі таңдаулы марапатты алу «технологиясының» өзгергенін ұстаз­дар да растап отыр. Осыдан біраз жыл бұ­рынғы ҰБТ нәтижесі оқушы­ның 1-сыныптан бастап оқу үлгерімі көрсеткіші, қала берді оны «Алтын белгіге» ұсынған жиналыс хаттамасы да ескерілетін. Олардың айтуынша, 11 жыл бойғы сынып журналдарын, табельдерді тексеруге 2 аптаға жуық уақыт кететін. Осы баспалдақ­тан кейін қолына тиісті жүлдесін алған оқушының төбесі көкке екі елі жетпеуі заңдылық болар. «ҰБТ нәтижесі ескерілмегесін жағдай өзгеріп сала берді. Бұрын мектебімізде «Алтын белгі» ілуде бір берілетін. Тіпті, 10 жыл қатарынан төсбелгі берілмеген кез болды. Қалай талап өзгерді, солай үміт­кер­лер қатары көбейіп кетті. Өйткені  «Ал­тын белгіге» үміткер атанудың өзі жауапкер­шілік пен өзіне деген сенімді талап ететін. Мектепішілік, аудандық, облыстық тесті­леу нәтижесі келгенде бірінші үміткердің тесті сынға алынып, жиналыста талқыға түсетін. Содан да болар, абыройы жоғары мара­пат-ты. Ал қазір бір мектептен 5-7-ден «Алтын белгі» алып жатыр. Жиналыс­тар­дың бірінде «бәріне тарата салсаңдар­шы» деп айтқаным бар-ды. Беделі биік төсбелгінің осылайша құны түскені ойландырады», – дейді педагог-зерттеуші Зәуре Бексұл­тан­қызы. Білуімізше, бір төсбелгінің бюджетке түсетін салмағы – 10 мың теңге. Яғни, биыл 9 738 медальға шамамен 97 млн теңгеден астам қаражат кеткен. Мәселен, Дәулет Төлеутайұлы сұхбаттарының бірінде 100 миллионға жуық ақшаны мара­патқа емес, басқа нәрсеге жұмсауды ұсын­ған. Оның айтуынша, оқушыларға аттес­таттағы «Алтын белгі» деген жазу жеткілік­ті. Бірақ ұстаздар қауымы 11 жыл бойғы білімді дәлелдеген түлекке төсбелгі беруді қолдайды. Алайда сыны мен білім сапасы сәйкес келгенін талап ететіндер жеткілікті. «Кейінгі 10-15 жылда БҒМ шығарған құжаттарда баланың қабілеті деген нәрсе жоқ. Есесіне, мектептің, қаланың, аудан мен облыстың рейтингі бар. Иә, рейтинг қуып кеттік. Білім мекемелерінің рейтинг үшін алған жетістіктерін қазбаласақ, талай іске куә болар едік. Мәселен, Мақта­арал­дағы мектеп 40 «Алтын белгі» берді. Менің­ше, 40 аса дарынды баланың бір мек­тепте жиналуы өте күмәнді нәрсе. Дәл қазір не істеу керек? Биыл Арман Өмір­беков мәселе көтеріп, «үміткерлердің бә­рін бір аудиторияға отырғызып, білімдерін тексеріп көрсек» деп ұсыныс айтты. Құптарлық бастама. Өйткені жыл сайын төсбелгі алатындардың қатары көбейді. Бұл дарынды адамдардың көптігі эко­номиканың көтерілуіне ықпал ету керегін білдіреді. Бірақ қоғамда мұндай алға ілгерілеу болып жатқан жоқ», – дейді белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлы. Екі жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселенің оң шешімі биыл Тамыз кеңесінде хабарланды. Ендігіде үміткердің оқу жылы соңындағы нәтижесі ғана емес, 5-11-сынып аралығында әр тоқсанды беске аяқтауы ескеріледі. Сондай-ақ «Алтын белгіге» үміткер орта білімін мектепте мемлекеттік емтиханды беске тапсырып, қорғап шығуы тиіс. Әрбір құжат жан-жақты қаралады. Бұл жүйе алдағы оқу жылында іске асса, келер жылы жемісін көретін боламыз. «Алтын белгі» еліміздегі білім беру жүйесінде озат оқушыға берілетін төсбелгі болғасын, қоғам назарында болары белгілі. Сондықтан оның құны жоғары, берілу тәртібі әділетті, қатаң болуы алдымен министрлікке сын. Десе де, жүйеге өзгеріс талап етіп, нәтиже шығару – мектеп пен ұстаздың құзырындағы іс.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ