Аймағамбетов мектеп директорларын тағайындаудың жаңа тәртібін түсіндірді
Аймағамбетов мектеп директорларын тағайындаудың жаңа тәртібін түсіндірді
438
оқылды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп директорларын тағайындаудың жаңа тәртібін түсіндірді. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

"Мектеп директорларын тағайындаудың жаңа тәртібіне тоқталып өтсем. Шын мәнінде, бұл - мектеп директорлары, оқу меңгерушілері, педагогтер және сарапшылармен бірлесе бір жылдан аса уақыт атқарған тынымсыз жұмыстың нәтижесі. Біріншіден, енді мектеп директорының міндетін атқарушы болып үш айдан аспайтын және бір реттен артық емес мерзімде ғана істеуге болады. Осы кезеңде конкурс өткізіліп, жаңа басшы тағайындалуы керек", - деп жазды министр. Аймағамбетовтің айтуынша, мектеп директорының бос немесе уақытша бос лауазымына конкурс туралы хабарландыру бос орын пайда болғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде Білім басқармасының ресми сайтында және аккаунтында орналастырылуы керек. "Осылайша, бос немесе уақытша бос директор лауазымына конкурс жарияламай-ақ, жылдар бойы директордың міндетін атқарушы болып жұмыс істеп жүре беруге енді жол берілмейді", - деді ол.
Оның хабарына қарағанда, бүгінгі таңда елімізде мектеп басшысы лауазымына 700-ден аса бос жұмыс орны бар және сәйкесінше ол жерлерде директордың міндетін атқарушы адамдар жұмыс істеп жүр.

"Екіншіден, ережеде директордың уақытша бос лауазымына (бала күтіміне байланысты демалыс, оқу және т.б.) тағайындау регламенттеледі. Мұндай жағдайларда да ұйым басшысы тікелей тағайындау емес, конкурс арқылы анықталады. Үшіншіден, енді директор лауазымына конкурсты аудандық білім бөлімдері емес, облыстық Білім басқармалары өткізеді. Яғни, конкурстық рәсімдерді ұйымдастырады және директорларды анықтайды. Содан кейін директордың кандидатурасы бойынша құжаттар еңбек шартын жасасу үшін білім бөліміне жіберіледі. 5 жылға тағайындалады", - деп жазды министр. 

Аймағамбетовтің айтуынша, байқау бірнеше кезеңнен тұрады:
  • кандидаттардың директор лауазымына құжаттарды тапсыруы;

  • Білім басқармасындағы кадр қызметінің кандидаттың біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауы, конкурсқа қатысуға рұқсат беруі;

  • үміткерлерге арналған электрондық тестілеу (басқарушылық құзыреттер, педагогика, психология, ҚР Заңнамасы бойынша тестілеу);

  • оқу орнының Қамқоршылық кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын қорғау (тестілеуді сәтті тапсырған жағдайда);

  • Білім басқармасындағы әңгімелесу (Қамқоршылық кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын сәтті қорғап шыққан үміткерлер жіберіледі).

"Қамқоршылық кеңестерінің құрамына ата-аналар, педагогика саласының еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Барлық кезеңнен өткен үміткермен білім бөлімі тиісті еңбек шартын жасап, оны директор етіп тағайындау туралы бұйрық шығарады", – деді Аймағамбетов.
Кандидаттарды Қамқоршылық кеңесімен келісу бойынша көптеген пікірталас болған.

"Біз мұны да ескердік. Енді Қамқоршылық кеңесі директор лауазымына кемінде екі кандидат бойынша келісім беруі тиіс. Егер кандидаттардың саны бұдан аз болса, онда конкурс өткізілмеген болып есептеледі және қайта жарияланады", – деді министр. 

Егер Қамқоршылық кеңесі екі мәрте екі кандидаттан аз адам таңдаған жағдайда және сәйкесінше конкурс екі рет өткізілмеген болса, онда конкурсқа қатысып жатқан барлық кандидат келесі кезеңге өтеді.
Қамқоршылық кеңестің жұмысы мен құру ережесі де қайта қарастылып жатыр.
"Қағидада болашақ директорларға қойылатын біліктілік талаптарына көп көңіл бөлінеді. Мұнда бірнеше ерекшелік бар. Біріншіден, болашақ директорлар міндетті түрде менеджмент курстарынан өтіп, тиісті сертификаттары болуы керек. Екіншіден, директор лауазымына басшы ретінде жұмыс өтілі бар кәсіби мұғалімдер тағайындалуы мүмкін, ал жалпы педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл болуы қажет. Үшіншіден, үміткер тағайындалғанға дейін соңғы екі жыл білім беру саласында жұмыс істеуі тиіс.
Бұл тармақ бұрын-соңды қажетті жұмыс тәжірибесі мен педагогикалық еңбек өтілі бар, бірақ соңғы жылдары білім беру саласында жұмыс істемеген адамдар мектеп директоры лауазымына тағайындалған тәжірибенің болуына байланысты енгізіліп отыр. 20 жыл бұрын мұғалім болып жұмыс істеген немесе тіпті мектеп директоры болған, дегенмен білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен өзгерістер туралы хабары жоқ, ауыл әкімдіктерінің немесе өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері мектеп директоры болып тағайындалатын", - деді Аймағамбетов.
Төртіншіден, тағы бір жаңашылдық - кадр резервін құру. Алғашқы екі кезеңнен (тестілеу және Қамқоршылық кеңеспен келісу) сәтті өткен, бірақ Білім басқармасында әңгімелесуден өтпеген кандидаттар енді бір жылға резервке алынуы мүмкін. Бұл кандидаттарға мектептің Қамқоршылық кеңесімен келісе отырып, бір жыл ішінде директор лауазымына тағайындалу құқығын береді.
Бесіншіден, биылдан бастап директорларды ротациялау институты енгізіледі. Соңғы бірнеше айда ережелер әзірленіп, сарапшылармен талқыланып жатыр.

"Директорларды тағайындау рәсімдері мен оларды материалдық қолдау жөніндегі осы өзгерістің барлығы директор лауазымына лайықты, барынша даярланған кандидаттарды таңдауға және білім беру ұйымдары басшыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Сайып келгенде, бұл білім беру сапасына әсер етеді", - деді министр.