Даусымен елді тәнті еткен қойшы бала жайында не білеміз?
Даусымен елді тәнті еткен қойшы бала жайында не білеміз?
©tengrinews.kz
892
оқылды

Қазнетте ауыл баласының кешкі ас кезінде ән айтқан видеосы TikTok-та екі күнде 1,3 миллион қаралым жинап үлгерді. Бұл - тек бір парақшадағы көрсеткіш. Желі қолданушылары талантты баланың даусына тамсанып, видеоларды барынша таратып жатыр. Оның есімі Айдос екен. Алматы облысы Кеген ауданы Бөлексаз ауылында тұрады. Бұл жайында Tengrinews.kz хабарлады.

 
Жұмажан Каден Қазақстанда 2005 жылдан бері тұрады. Қытайдан көшіп келген қандас. Бес баланың әкесі. Айдос төртіншісі. Биыл 9-сыныпқа барады. Әкесінің айтуынша, баласына өнер өзінен дарыған. Бала кезінде Айдос секілді ән салғанды жақсы көрген екен.

"Облыстық байқауларға барып жүр. Домбырамен ән айтады. Таланты бар бала, өлең құрай алады. Сабағы жақсы, алғыр. Жазғы демалыста бие сауып, қой бағып, шаруашылыққа көмектеседі", - дейді ол.

Оның айтуынша, Айдос әнші болғысы келеді. Әкесі де болашақта оқытамыз деп отыр.

"Ол дәстүрлі халық әндерін жақсы көреді. Ұнататын әншісі - Ұшқын Жамалбек", - дейді әкесі.

 Желіде тараған видеоларда Айдос ұлы Абайдың "Көзімнің қарасын", Қарақат Әбілдинаның "Жақсы адамдарым", Өмірқұл Айниязов орындайтын "Бір шәугім шай" және Аян Сейітовтің "Ауылым" әнін шырқады.
 
Ең қызығы, талантты баланың ағасы мен әпкесі де дәстүрлі әнші. Айдостан кейінгі қыздың да әншілік өнері бар екен, оған қоса бишілігі де. Жұмажан Каденнің тұңғышы 30-да, кенжесі 12-де. Өзінің жеке шаруа қожалығы бар.

"Мал бағамын, үш түлік мал ұстаймын, жылқы, қой, ірі қара. Егістік саламын, шөп шабамын. Қыс қыстау, жаз жайлауға бағамыз", - дейді әкесі.

Жұмажан Каден ұлының видеосын әлеуметтік желіге кім салғанын да білмейді. Оның сөзінше, қаладан демалысқа адам көп келеді, көбі ән айтқызып, видеоға түсіріп кетеді. Видеоны сол меймандардың бірі салған шығар дейді.