«Өртеніп кете жаздадым» – Алматыда массажға барған әйел оқиғаның мән-жайын айтты
«Өртеніп кете жаздадым» – Алматыда массажға барған әйел оқиғаның мән-жайын айтты
Фото: КТК телеарнасынан скриншот
361
оқылды

Массажға барған Мағзума Қазбекованың айтуынша, косметологиялық клиника қызметкерінің салғырттығынан оң жамбасы күйіп қалған.

КТК арнасының хабарлауынша, оң жамбасы күйіп қалған Мағзума Қазбекова сол күнді қорқынышпен еске алады. Орта жастағы әйел медициналық орталық қызметкерлері қоңырау шалып қоймағасын сол жаққа барғанын айтады. Ондағылар кейбір қызмет түрлері тегін деп қызықтырыпты. Соңында ақшасы жоқтығын айтқан Мағзуманы 300 мың теңгеге жуық несие рәсімдеуге көндірген. Зардап шеккен әйел бірінші күні емдік шаралар ойдағыдай өтті дейді. Алайда ертесіне арқасына банкі қойып отты массаж жасағанда өртеніп кете жаздадым деп мұң шағады.

Мағзума Қазбекова: «Екі-үш секундтың ішінде болды. Ысып кетті ме деп едім, ана бала астымдағы одноразовый простинаны (кейіпкердің сөзі өзгеріссіз алынды - ред.) басып жіберді. Ойбай деп мен жұлмалай бастадым. Артымдағы банкілерді итеріп-итеріп тастады. Білмеймін ғой, арқасы жанып кете жаздады деп ойлады ма? Денем жанып жатты», – деді.

Қас-қағым сәтте отқа оранған әйелге косметологиялық бағытта қызмет ететін орталықта алғашқы көмек көрсетілмеген. Жалма-жан таныс заңгерін шақырған ол үйіне өз күшімен әрең жетіпті. Кейін анықталғандай, массаж жасайтын маман спирт төгіп алып, соның кесірінен от тұтанған. Содан бері жүріп-тұруы қиындаған зардап шегуші ешкімнің кешірім сұрап келмегеніне өкпелі. Мағзума Қазбекова: «Кешіріңіз деген де жоқ. Көмегіміз керек пе, кешіріңіз деген сияқты. Басында ана бала бүкіл шығыныңызды мойыныма аламын деп айтты. Енді бәрі біткеннен кейін маған, шамам келмейді деп айтты», – дейді. Медициналық орталықтың басшылығы қызметкерлердің қателігін кеш естідік деп ақталғаннан басқа мардымды жауап қатпаған көрінеді. Ал сол күнгі сорақылыққа куә болған заңгер адамгершіліктен аттаған клиниканың кемшілігі екі ортадағы келісімшарттан көрініп тұр дейді. Келісімшарт жөнінде заңгер Алмас Күнгейбаев: «Келісімшартта медициналық орталық өзінің ғана пайдасын ойлап жазған», – дейді. Ал орталық өкілдері ісіне салғырт қызметкер уақытша жұмыстан шеттетілгенін айтады. Шығынды өтеуге әзірміз деп ақталғандар шетін жағдайдан кейінгі келіспеушілік клиенттің өзіне байланысты дейді.

«Venus medikal kz» ЖШС ресми өкілі Руслан Мұқанов: «Клиентіміз күйік алған. Оны мойындаймыз. Кешірім сұраймыз. Моральдық-материалдық шығынын өтеуге толығымен дайынбыз. Біздің клиент ресми түрде бізге хабарласқан жоқ. Ол хабарласса бәріне дайынбыз. Десе де медициналық орталықтан көңілі қалған Мағзума Қазбекова полиция арызданыпты. Моральдық және материалдық шығынды өтеп беруді талап еткен әйел барлығын сот арқылы шешпек», – деді.