Құрылысы бітпеген мектептердің кесірінен оқушылар сабақты әкімдіктерде оқып жүр
Құрылысы бітпеген мектептердің кесірінен оқушылар сабақты әкімдіктерде оқып жүр
school, education and learning concept - classroom with desks
1,065
оқылды
Жаңа оқу жылы басталса да, еліміздің кей өңірлерінде әлі де пайдалануға берілмей отырған мектептер көп. Соның салдарынан оқушылар сабақты әкімдік ғимараттарында, мәдениет үйлерінде оқуға мәжбүр. Өйткені білім ошақтарының құрылысы мен күрделі жөндеуіне қаражат дер кезінде бөлінбеген. Тендер кеш ойнатылып, құрылыс бәсең жүргізілуде. Мәселен, Алматы мен Павлодар облыстарында қазір 18 мектепте жөндеу жүргізіліп жатыр. Ондағы оқушылар қайда білім алып жатыр? Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы баяндады. Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты Сағабүйен ауылының жүзден астам оқушысы сабақтарын шағын ғана әкімдіктің ғимаратында оқып жатыр. Шенеуніктер мектептерінің жөндеу жұмыстары бітпеген оқушыларға жылы орындарын уақытша босатып берген. Бірақ, оқушылардың жағдайы мәз емес. Шағын ғана бөлмелер балалардың білім алуына тарлық етеді. Аядай кабинетке кішкентай тақта қойылған. Ал партадағы оқушы мен тақтаның арасы бір метрге де жетпейді. Асханадағылар балаларға беретін тамақты үйден дайындап әкелетінін айтады. Өйткені, ғимаратта ас әзірлейтін арнайы орын жоқ. Оқушылар әзер сыйған орыннан дезинфекциялық өткел де табылды. Бірақ әдеттегідей есік алдында емес, терезенің маңында тұр. Мектеп басшысы құрылғының істеп тұрғанын көрсетіп, кейін өшіре алмай өзі әбігерге түсті.
"Жалпы Алматы облысында қазір 9 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ондағы оқушылар әкімдік ғимаратынан бөлек, мәдениет үйіне де барып білім алуда. Мәселен, Панфилов ауданының Сарыбел ауылындағы 300-ге жуық оқушы осы ауылдың мәдениет үйінде білім алып жатыр", — деді Сағабүйен ауылындағы Т. Тоқтаров атындағы мектептің директоры Гүлжан Базарбаева.
Биыл Павлодар облысында 55 мектепке күрделі жөндеу жүргізілген еді. Алайда мердігер компаниялар тоғыз білім беру нысанында жұмыстарды қыркүйекке дейін аяқтап үлгермеді. Мәселен, 600 оқушы білім алатын жетінші мектеп 50 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген. Енді ондағы оқушылар өндірістік оқыту комбинатының ғимаратында білім алуда.
"2-3 айдың ішінде ондай күрделі жұмыстарды аяқтау мүмкін емес. Құжатқа сәйкес, ол жердегі мерзім сегіз айға дейін созылады. Біз оны білеміз. Бірақ, қыркүйектің 1-інде жұмыс аяқталмаса да, біз бұл жобаны бастап кеттік. Себебі, не де болса, мектепті біз жөнге келтіру керекпіз. Ата-аналар да бұл мәселемен келісіп отыр", — деді Павлодар облыстық Білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.
Аяқталмай қалған құрылыстар жыл соңына дейін созылуы мүмкін деген болжам бар.